Алматыда 138-ші Қытай Кантон жәрмеңкесінің таныстырылым семинары өтті

Алматы қаласында 138-ші Қытай импорт-экспорт тауарлар жәрмеңкесінің (Кантон жәрмеңкесі) Қазақстандағы ресми семинар-презентациясы жоғары деңгейде өтті. Іс-шараны Қытай Сыртқы сауда орталығы (CFTC) Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Таныстырылымға Қазақстанның ірі сауда компанияларының, өнеркәсіп және өндіріс өкілдерінің, сондай-ақ халықаралық сауда саласының сарапшылары қатысты. Шара барысында Кантон жәрмеңкесінің тарихы, маңызы, құрылымы және қазақстандық кәсіпкерлер үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктер жан-жақты таныстырылды.
Кантон жәрмеңкесі – Қытайдың халықаралық сауда қақпасы. 957 жылдан бері көктем және күз мезгілдерінде Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткізіліп келеді. Бұл – Қытайдағы ең ірі және ең беделді халықаралық сауда алаңы. Жәрмеңке тек Қытай үшін ғана емес, бүкіл әлемдік сауда қауымдастығы үшін маңызды оқиға болып саналады.
65 жылдан астам тарихында Кантон жәрмеңкесі 137 рет өткізіліп, әлемнің 229-дан астам елімен тұрақты сауда байланысын орнатты. Жалпы экспорт көлемі шамамен 1,5 трлн АҚШ долларын құрады, ал сатып алушылардың жалпы саны (онлайн және офлайн) 12 миллионнан асты. Мұның өзі жәрмеңкенің ауқымын және бизнес үшін маңызын айқын көрсетеді.
Қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа нарық алаңы. 138-ші Кантон жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер арасында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, жаңа серіктестік байланыстар орнату және екіжақты сауда көлемін ұлғайту. Алматыдағы таныстырылым кезінде қатысушылар жәрмеңкеде ұсынылатын өнім түрлерімен, жаңа технологиялық шешімдермен және экспорт-импорт бағыттарымен танысты.
CFTC International Promotion халықаралық департаментінің менеджері Санни Лю:
“Қазақстан біздің маңызды серіктесіміз. Біз Кантон жәрмеңкесін қазақстандық кәсіпкерлер үшін халықаралық саудаға шығудың сенімді көпірі ретінде көреміз. Бұл алаңда сіздер жаңа серіктестер таба аласыздар, өнімдеріңізді әлемдік нарыққа таныстыра аласыздар және бизнесіңізді жаңа деңгейге көтере аласыздар. Біз Қазақстаннан келген компанияларды 138-ші Кантон жәрмеңкесіне белсенді қатысуға шақырамыз”

Жәрмеңкенің басты ұйымдастырушысы – Қытай Сыртқы сауда орталығы (CFTC) әлемдегі ең ірі көрме кешендерін басқарып, халықаралық көрмелер ұйымдастыруда бай тәжірибеге ие. CFTC көптеген салалық көрмелер мен халықаралық сауда шараларын өткізіп, жаһандық бизнестің дамуына үлес қосып келеді.
Іс-шараның соңында қонақтар үшін ерекше сәт ұйымдастырылды – бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны өтті. Бағы жеңімпаздар Air China әуе компаниясынан Алматы–Бейжің бағыты бойынша жуырда іске қосылатын жаңа тікелей рейске авиабилеттер ұтып алды. Бұл ұтыс Алматы мен Қытай астанасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, қатысушылардың есте қаларлық әсер алуына себеп болды.
138-ші Кантон жәрмеңкесі – қазақстандық бизнес үшін бірегей мүмкіндік. Бұл алаңда жаңа серіктестер тауып, өнімдерді шетелдік нарықтарға таныстыруға, халықаралық сауда байланыстарын кеңейтуге және өз кәсібін жаңа деңгейге көтеруге болады.
Кантон жәрмеңкесіне қатысу туралы толық ақпаратты www.cantonfair.org.cn ресми сайтынан алуға болады.
Ғазиза Ұзақ
Telegram-канал: Алматыда 138-ші Қытай Кантон жәрмеңкесінің таныстырылым семинары өтті



