Үлкен ауылында 33 мыңға дейін тұрғыны бар атомшылар қалашығын салу жоспарлануда

Қазақстанда атом электр станциясын салу аясында Үлкен ауылын тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыта отырып, кешенді түрде өркендету жоспарлануда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Түркиядағы «Аккую» АЭС-інде жұмыс істейтін қазақстандық мамандармен кездесу барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 33 мыңға дейін адам тұруға есептелген атомшылар қалашығы қолданыстағы ауылдың құрамына біріктіріледі. Мұнда тұрғын үйлер, мектептер, медициналық нысандар, кадрларды даярлау және қайта даярлау орталықтары салынып, қонақүй инфрақұрылымы, қызмет көрсету саласы мен бизнес те дамытылады.

«Бұл жеке жұмысшылар кенті болмайды. Бұл – өмір сүруге қажетті барлық ілеспе инфрақұрылымы бар Үлкен ауылының дамуы», – деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.

Жоспарлау кезінде АЭС құрылысын қамтамасыз ету үшін салынатын нысандарды кейінгі кезеңде пайдалану мүмкіндігі де қарастырылады. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін оларды ауылдың қажеттіліктеріне және кәсіпкерлікті дамытуға пайдалануға болады.

Заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге де ерекше назар аударылады. Агенттік басшысының айтуынша, Үлкенді Балқаш жағалауындағы ең озық елді мекендердің біріне айналдыру жоспарланып отыр. Ауылдың табиғи ландшафты мен орналасуы да демалыс пен туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар болашақ АЭС қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруға арналған оқу-жаттығу орталығын орналастыру көзделген.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бір АЭС құрылысының қарқынды кезінде 15 мыңға дейін жұмысшы (инженер-құрылысшылар, дәнекерлеушілер, монтажшылар, электр мамандары, автоматтандыру және сапаны бақылау жөніндегі мамандар) ал станцияны кейіннен пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың қызметкер (атом инженерлері, реактор қондырғыларының операторлары, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөніндегі мамандар) қажет болады.

Кадрларды даярлау Қазақстан Республикасының бейінді оқу орындарымен, сондай-ақ Қытай мен Ресейдің мамандандырылған білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, атом саласының қызметкерлеріне «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында білім алу мүмкіндігі ұсынылатыны хабарланды. Бағдарлама шеңберінде атом саласындағы жетекші шетелдік ұйымдарда магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша білім алуға және тағылымдамадан өтуге арнайы квоталар қарастырылған.

Агенттік басшысы Үлкен ауылының дамуы жастарға жұмысқа орналасу мен кәсіби мансабын қалыптастырудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті. Сондай-ақ мамандардың тұрғын үймен қамтамасыз етілетінін айтты.

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі