Қазақстан делегациясы Түркиядағы «Аккую» АЭС-інің құрылыс барысымен танысты

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Түркия Республикасындағы «Аккую» атом электр станциясының құрылыс алаңына барды.
Сапар барысында делегация энергоблоктардың салыну барысымен, құрылыс жұмыстарын ұйымдастырумен және пайдалану персоналын даярлау үдерісімен танысты. «Аккую Нуклеар» АҚ бас директоры Сергей Буцких пен компания басшылығының өкілдері жобаның қазіргі жай-күйі туралы ақпарат берді.
Қабылдаушы тараптың мәліметінше, бірінші энергоблоктың негізгі жүйелері іске қосу жұмыстарына жоғары деңгейде дайын. Реактор қондырғысының бірінші және екінші контурларында гидравликалық сынақтар аяқталған. Сондай-ақ қорғаныш қабықшасының беріктігі мен герметикалығының жобалық талаптарға сәйкестігі расталған.
Екінші энергоблокта реактор қондырғысының негізгі жабдықтары монтаждалып, басты циркуляциялық құбырды дәнекерлеу жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта турбинаны құрастыру жалғасуда. Үшінші энергоблокта реактор қондырғысының негізгі құрамдас бөліктері орнатылып, турбина ғимаратындағы жұмыстар жүргізілуде. Төртінші энергоблокта турбоагрегат іргетасының құрылысы аяқталып, ішкі қорғаныш қабықшасын құрастыру жұмыстары жалғасуда. Энергоблоктарды пайдалануға беру бір жыл аралықпен жоспарланған.
Делегация бірінші энергоблоктың блоктық басқару пунктін, жағалаудағы сорғы станциясын және электр энергиясын сыртқы желіге беру жүйесінің орталық басқару қалқанын аралады.
Кадрлар даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Аккую» АЭС-інің оқу-жаттығу орталығында делегацияға жедел персоналды оқыту жүйесі және мамандардың практикалық даярлығын ұйымдастыру тәртібі таныстырылды.
Құрылыс алаңына бару Қазақстанның атом энергетикасын дамыту үшін маңызды ірі жобаны іске асыру тәжірибесімен танысуға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі


