Киіз – ортақ тіл: мажар шебері Алматыда дала мұрасын жаңғыртты

Мажарстандық халықтық киіз басу шебері Карой Мартон-Сёньеги Алматыда шеберлік сабағын өткізіп, Almaty Museum of Arts төрінде «Степной архив: Nemez, Kiiz, Namad» атты ашық кездесуге қатысты
Алматыда қазақ пен мажар халқын ғасырлар бойы байланыстырып келген ортақ мұра киіз төңірегінде екі мәнді іс-шара өтті. Мажарстанның халықтық киіз басу шебері Карой Мартон-Сёньеги алдымен Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығымен бірлесіп шеберлік сабағын өткізсе, келесі күні Almaty Museum of Arts-та көшпелі мәдениеттегі киізге арналған «Степной архив: Nemez, Kiiz, Namad» ашық кездесуіне қатысты. Екі күн бойы шеберлер, зерттеушілер, дизайнерлер мен өнерсүйер қауым бір ой төңірегінде тоғысты: киіз – Еуразияның екі шетіндегі халықтарды бір-біріне жақындататын ортақ тіл.
Карой Мартон-Сёньеги – мажар халықтық киіз басу өнерінің шебері, Junior Prima сыйлығының лауреаты, «Халық өнерінің жас шебері» құрметті атағының иегері әрі Мажарстан өнер академиясының (MMA) стипендиаты.
Шебер өз шығармашылығы мен зерттеулерінде көшпелі киіз басу дәстүріне және ескі мажар шаруа мәдениетіне сүйенеді. Дәстүрлі киім үлгілері мен тарихи қолөнер техникаларын жан-жақты зерделеп, оларды бүгінгі күннің бұйымдарында жаңаша пайымдайды.
Оның шығармашылығында мажардың дәстүрлі киіз шекпені цифрасюр (cifraszűr) ерекше орын алады. Сонымен қатар шебер сөмкелер, жастық тыстары, отырғыштар мен өзге де бұйымдар жасайды. Оларда ұлттық ою-өрнек пен көне пішіндер жаңа көркемдік үнге ие. Карой табиғи жүнмен, кестемен, аппликациямен және сәндік элементтермен жұмыс істеп, халықтық өрнектердің төлтумалығы мен символдық мағынасын сақтауға айрықша мән береді. Шығармашылықпен қатар ол оқыту курстары мен шеберлік сабақтарын өткізіп, дәстүрлі қолөнер дағдыларын келесі буынға жеткізуге үлес қосып келеді.
Мажарстанның Алматыдағы Бас консулдығы мен Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған шеберлік сабағы өтті. Шеберлік сабағын ұйымдастыру мен өткізуге қазақстандық этнодизайнер, Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығының президенті, PhD, өнертану магистрі, «Aigul Line» ЖШС директоры Айгүл Жансерікова белсене ат салысты.
Қатысушылар мажар киіз басу өнерінің ерекшеліктерімен танысып, табиғи жүнді өңдеудің дәстүрлі тәсілдерін көрді. Сондай-ақ олар мажар ұлттық ою-өрнегінің ерекшеліктерімен және мажар халық мәдениетінің байлығын айқындайтын көркемдік тәсілдермен танысты. Мажар және қазақ киіз басу мектептерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары сөз болды. Сондай-ақ ұлттық қолөнер техникаларын заманауи өнерге, дизайнға және креативті индустрияларға енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесуде Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени ұқсастыққа ерекше назар аударылды: киіз басу өнері екі елде де тарихи мұраның ажырамас бөлігі саналады. Көшпелі мәдениетпен тарихи байланыс, табиғи жүнді пайдалану дәстүрі және өзіндік ою-өрнек мектебі екі халықтың кәсіби әрі мәдени диалогына берік негіз қалайды.
Almaty Museum of Arts-та «Дала мұрағаты: Nemez, Kiiz, Namad» атты ашық кездесу өтті. Музейдің ресми бағдарламасында ол көшпелі мәдениеттердегі киізге арналған панельдік талқылау ретінде ұсынылды.
Іс-шараға Мажарстанның Алматыдағы Бас консулы Саболч Карой Сёке (Szabolcs Károly Szőke) мырза қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бас консулдың қатысуы мажар-қазақ мәдени ынтымақтастығын дамытудың екі ел үшін маңызды екенін айқын көрсетті.
Кездесуге Карой Мартон-Сёньегимен қатар қазақстандық тоқыма суретшісі, қазақ тоқыма дәстүрлерінің зерттеушісі Ажар Алтынсақа қатысты. Ол киіз басу өнерінің тарихы, оның Еуразия кеңістігіне таралуы және көшпелі халықтардың дәстүрлері туралы әңгімеледі.
Мажар шебері өз кезегінде мажар киіз басу өнерінің тарихы мен малшылар киімі туралы баяндап, тарихи киім үлгілерін, ою-өрнектер мен тұрмыстық бұйымдарды таныстырды. Көрермендер назарына киіз бас киім мен ұзын бақташы шекпені ұсынылды – мұндай киім ұзақ уақыт ашық далада жұмыс істейтін малшыларды суық пен жауыннан қорғаған.
Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі – шебердің бақташы шекпенін киіп алып, мажардың дәстүрлі үрмелі аспабы дудада әуен орындауы болды. Бұл сәт киіздің жай ғана материал емес, тұтас бір өмір салтының, музыканың, тұрмыстың бір бөлігі екенін айқын көрсетті.

Кездесу атауы «Nemez, Kiiz, Namad» бекер емес. Себебі бір материалды үш тілде атайды: мажарша nemez, қазақша киіз және парсыша namad. Ұйымдастырушылар бұл атаудың «номад» сөзінің тура этимологиясы емес, көркем формула екенін атап өтеді. Дегенмен тілдік байланыс назар аударарлық: мажар тілінің жаңа этимологиялық сөздігі nemez сөзін иран тілдерінен шыққан деп есептеп, оны орта парсы тіліндегі namad сөзімен салыстырады. Осылайша, бір ғана сөздің өзі Дала мен Еуропаны жалғаған көне жолдардың ізін сақтап қалған.
Киіз басу – адамзаттың ең көне технологияларының бірі. Шеберлер алдымен табиғи және боялған жүнді жайып, оның үстіне өрнек құрастырады. Содан кейін жүн суландырылады. Ылғал, қысым және үйкеліс әсерінен жүн талшықтары бір-біріне кірігіп, тығыз тұтас матаға айналады. Ең таңғаларлығы – бұл материал иірусіз де, тоқусыз да пайда болады.
Қазақ үшін киіз – тұрмыстың тірегі. Одан киіз үйдің туырлығы мен үзігі, текемет пен сырмақ, киім, бас киім мен аяқ киім, ат әбзелдері және сан алуан тұрмыстық бұйымдар жасалған. Киіз басу көбіне ауыл болып атқарылатын ортақ іс саналған: жұмыс ән-жырмен, ақ батамен, ырыммен сүйемелденген. Сондықтан киіз – тек кәсіп емес, қауымдастықтың бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығының да белгісі.

Мажар шеберінің бұйымдары мен қазақ шеберлерінің туындыларын қатар қойғанда, екі халықтың дала мәдениетінен бастау алатын ортақ тамыры айқын көрінеді: табиғи жүнге деген құрмет, ою-өрнектің символдық тілі, киімнің адамды табиғаттан қорғаумен қатар оның болмысын да білдіруі.
Бастама Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерді насихаттауға және халықтық қолөнер мен креативті индустриялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Алматы қаласының Туризм басқармасы креативті индустрияларды дамытуға, мәдени мұраны сақтауға және халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайтынын атап өтті. Мұндай іс-шаралар халықаралық мәдени алмасуды кеңейтіп, отандық және шетелдік шығармашылық өкілдері арасында кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашады, дәстүрлі қолөнерді сақтап, оны жаңа бағытта дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар Алматының ашық халықаралық мәдени әрі креативті алаң ретіндегі беделін арттырады.
Екі күнге созылған кездесулер қолөнершілер, дизайнерлер, суретшілер және дәстүрлі өнерге қызығушылық танытқан барша жұрт үшін тәжірибе алмасып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын алаңға айналды.
Іс-шараларды Мажарстанның Алматыдағы Бас консулдығы, Мажарстанның Астанадағы елшілігімен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мажар тілі оқытушысымен, Almaty Museum of Arts және Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Бастамаға Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетті.
Ғазиза Ұзақ
Суреттер: Мажарстанның Алматыдағы Бас консулдығы тарапынан ұсынылды



