23 жасында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде: АҚШ университетінен 200 мың доллар грант алған қазақ қызы

23 жастағы Аяулым Сәдуақас бүгінде Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде тағылымдамадан өтіп жүр. Оның еншісінде АҚШ-та шамамен 200 мың доллар көлемінде қаржыландырылған магистратура білімі мен бірнеше беделді америкалық университеттен алған ұсыныстары бар. Алайда бұл жетістікке апарар жолы шетелдік элиталық мектептен емес, Астанадағы қарапайым қазақ мектебінен басталған.

Аяулым 15 жасында-ақ болашақ мамандығын таңдаған. Ол саясатқа, тарихқа және халықаралық қатынастарға қызығушылық танытқан. Ең бастысы, Қазақстанға пайдасы тиетін іспен айналысуды армандаған.

Назарбаев Университетіне түсу үшін мықты мамандандырылған мектептердің түлектерімен бәсекелесуге тура келетінін түсінген ол жасөспірім кезінен бастап халықаралық емтихандарға тыңғылықты дайындала бастаған.

16 жасында Аяулым Назарбаев Университетінің бірінші курсына бірден қабылданып, саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығын таңдаған. Ол өзі оқыған мектептің сол жылғы түлектері арасынан университеттің бірінші курсына тікелей түскен жалғыз оқушы болды.

Арада төрт жыл өткен соң ол АҚШ университеттерінің ұсыныстарын таңдау мүмкіндігіне ие болды.

Аяулым бакалавриатты 20 жасында аяқтаған. Осы уақыт ішінде ол қоғамдық жобаларға, менторлық бағдарламаларға және кәсіби іс-шараларға қатысып үлгерген.

АҚШ университеттеріне құжат тапсыру барысында оған Columbia University, University of Chicago және University of Florida оқу орындарынан ұсыныстар түскен. Алайда ол магистратураны University of Michigan университетінде жалғастыруды ұйғарған.

Университет оған оқу ақысын толық өтейтін қаржыландыру мен стипендия бөлген. Аяулымның айтуынша, көрсетілген қолдаудың жалпы құны шамамен 200 мың долларды құраған.

АҚШ-та ол өзі оқыған бағдарламадағы жалғыз қазақстандық болған.

«Мен үшін өз болмысымнан, акцентімнен ұялмау маңызды болды. Қазақстаннан екенімді ашық көрсетіп, елімді мақтанышпен таныстыруға тырыстым», – дейді Аяулым.

Сабақ барысында ол америкалық студенттерге Қазақстанның ерекшеліктері, мәдениеті мен тарихи дамуы туралы жиі айтып жүрген. Оның сөзінше, дәл сол кезде ол көптен бергі арманы – халықаралық аренада өз елінің атынан өкілдік ету мақсатына жақындай түскенін сезінген.

Аяулым магистратураны жоғары академиялық көрсеткіштермен тәмамдаған. Көп ұзамай оған Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде тағылымдамадан өту ұсынылған.

Қазір ол БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінде жұмыс істейді. Natural Resources Forum ғылыми журналында зерттеу және редакциялық жұмыстармен айналысып, ғылыми мақалалардың қолжазбаларын өңдеуге және оларды рецензиялау үдерісін ұйымдастыруға қатысады.

Сонымен қатар Аяулым БҰҰ Бас Ассамблеясының еріктісі атанып, медиа коммуникациялар мен логистика бағытында көмек көрсеткен. Әртүрлі елдердің журналистерімен және өкілдерімен байланыс орнатқан.

Бұдан бөлек, ол Қазақстан мен Украинада АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу мәселесіне арналған зерттеуге қатысқан. Аяулым ғылыми жарияланымға дайындық барысында қазақ және орыс тілдеріндегі сұхбаттарды талдаған. Алдағы уақытта жарық көретін ғылыми мақаланың бірлескен авторларының бірі де өзі болмақ.

Аяулымның дайындық жолында SmartestPrep негізін қалаушылар Лаура Вайгорова мен Мейрам Жардаевтың еңбегі ерекше. Олардың жетекшілігімен ол халықаралық емтихандарға дайындалған.

«11-сыныпта IELTS нәтижемді бір айдың ішінде 6.5-тен 8.0-ге дейін көтере алдым», – деп еске алады Аяулым.

Ал SAT емтиханына екі жарым ай дайындалып, орталықтың көмегімен шамамен 1440–1460 балл жинаған.

Олардың байланысы университетке түскеннен кейін де жалғасқан. Аяулым SmartestPrep компаниясында жұмыс істеп, Лаурамен бірге нетворкинг кездесулеріне қатысып, кәсіби ортамен танысқан.

Аяулымның айтуынша, осындай іс-шаралар мен менторлық бағдарламаларға қатысу оның болашақ мансабы туралы түсінігін қалыптастырып, дүниетанымын кеңейтуге және алдағы мақсаттарын айқындауға көмектескен.

Аяулым үшін шетелде білім алу мен БҰҰ-дағы тағылымдама – Қазақстанның дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін тәжірибе жинаудың жолы.

«Мен зерттеулерімді әрдайым Қазақстанмен байланыстыруға тырыстым. АҚШ-та алған білімімді елімізде қолданып, оның біздің жағдайымызда қалай жұмыс істейтінін көргім келеді», – дейді ол.

Алдағы уақытта Аяулым ғылыми мансабын жалғастыруды жоспарлап отыр. Оның мақсаты – зерттеу жұмыстарымен айналысып, Қазақстан мен Орталық Азия туралы кітаптар жазу.