ML School Kazakhstan ғылым, IT және экономика салаларына арналған AI бойынша алғашқы 32 маманды даярлауды бастады

Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation бірлескен білім беру бағдарламасы ML School Kazakhstan алғашқы легінің оқуын бастады. 800-ден астам үміткердің ішінен математика және бағдарламалау бойынша екі кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуден 32 адам өтті. Екі жыл бойы қатысушылар ғылымда, IT саласында және экономиканың түрлі бағыттарында AI шешімдерін әзірлеуге қажетті машиналық оқытудың заманауи әдістерін тегін меңгереді.
Алғашқы лекке үлкен тілдік модельдерді әзірлеу, машиналық оқытуды медицинада қолдану және қазақ тіліне арналған AI технологияларын жасау тәжірибесі бар мамандар қабылданды. Олардың қатарында компьютерлік томография суреттерін талдау және микроскоп арқылы тозаңды тану бағытында жұмыс істеген компьютерлік көру маманы, қазақ тіліндегі грамматикалық қателерді түзету модельдерінің, сондай-ақ қазақ тіліндегі сөйлеуді тану және синтездеу технологияларының авторы бар. Сонымен қатар студенттер арасында кредиттік тәуекелдерді бағалау және сұранысты болжау сияқты міндеттерге арналған ML модельдерін енгізген мамандар мен қаржылық деректерді талдауда машиналық оқытуды қолданатын зерттеушілер де бар.
«2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау Қазақстанның экономиканы технологиялық тұрғыдан трансформациялауға бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді. Жасанды интеллект өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығынан бастап медицина мен мемлекеттік басқаруға дейінгі түрлі салаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл әлеуетті іске асыру үшін заманауи инфрақұрылыммен қатар, озық технологиялық шешімдерді әзірлеп, енгізе алатын жоғары білікті мамандар қажет. ML School Kazakhstan – білім беру ұйымдары мен технологиялық бизнес арасындағы ынтымақтастық осындай мамандарды даярлауға және елдің цифрлық экономикасын одан әрі дамытуға қалай ықпал ететінінің нақты үлгісі», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Бағдарлама Яндекстің Деректерді талдау мектебінің академиялық тәсілдері мен тәжірибесіне негізделіп әзірленген және іргелі дайындықты практикалық жұмыстармен ұштастырады. Қатысушылар математика, статистика, алгоритмдер мен машиналық оқытуды, сондай-ақ нейрондық желілер мен компьютерлік көруден бастап генеративті жасанды интеллект пен табиғи тілді өңдеуге дейінгі заманауи технологияларды меңгереді. Дәрістер мен семинарларды Yandex сарапшылары, техникалық жоғары оқу орындарының оқытушылары және машиналық оқыту мен жасанды интеллект саласындағы зерттеушілер жүргізеді.
«Жасанды интеллектіні дамыту технологияларды дайын күйінде пайдалана білетін ғана емес, оларды өз бетінше жасай алатын мамандарсыз мүмкін емес. ML School Kazakhstan бағдарламасының алғашқы легіне 800-ден астам өтінім түсіп, конкурстық іріктеуден тек 32 маман өтті. Бұл машиналық оқытуды тереңдетіп оқуға деген қызығушылықтың жоғары екенін және Қазақстанның өзіндік AI құзыретін дамыту әлеуетінің зор екенін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – бәсекеге қабілетті AI өнімдерін әзірлейтін, ғылымды қажет ететін технологияларды дамытатын және экономиканың негізгі салаларын өзгертуге қабілетті шешімдерді енгізетін жоғары білікті ML инженерлері мен зерттеушілерінің қауымдастығын қалыптастыру», – деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Бағдарламаның практикалық бөлімі Қазақстанның жетекші технологиялық компанияларының, соның ішінде Yandex Qazaqstan компаниясының ML мамандарымен кездесулерді қамтиды. Қатысушылар нақты ML жүйелерінің жұмыс мысалдарын талдап, олардың архитектурасы мен техникалық шешімдерімен танысады, сондай-ақ қолданбалы және зерттеу міндеттерімен жұмыс істейді. Бағдарламада таңдау бойынша курстар да қарастырылған.
«Yandex Qazaqstan компаниясында біз машиналық оқытуды компьютерлік көру мен ұсынымдық жүйелерден бастап, роботтандырылған жеткізу мен ұшқышсыз көлікке дейінгі түрлі бағыттарда қолданамыз. Осы тәжірибемізді ML School Kazakhstan аясында болашақ мамандармен бөліскіміз келеді. Біздің міндетіміз – қатысушыларға ML шешімдерін өз бетінше әзірлеуге және оларды түрлі салаларда қолдануға мүмкіндік беретін іргелі білім мен инженерлік дағдыларды меңгеруге көмектесу», – деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов.
Екі жылдық бағдарлама аяқталғаннан кейін түлектерге ML School Kazakhstan сертификаты беріледі. Сондай-ақ қатысушыларға Яндекстің Деректерді талдау мектебінің кейбір курстарынан қосымша өту мүмкіндігі ұсынылады. Сабақтар Астана қаласындағы alem.ai Жасанды интеллект халықаралық орталығының базасында аптасына екі-үш рет, үш сағаттан өткізіледі.
«ML School Kazakhstan бағдарламасына алғашқы қабылдау Қазақстанда әлеуеті жоғары мықты мамандардың бар екенін көрсетті. Қатысушылар арасында күрделі инженерлік және зерттеу міндеттерімен айналысып жүрген, өз жетістіктері бар мамандар бар. Біз үшін осындай адамдарды анықтау ғана емес, олардың әлеуетін жаңа деңгейде ашуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру да маңызды. Мықты академиялық дайындықты, халықаралық тәжірибе мен кәсіби қауымдастықты біріктіре отырып, ML инженерлері мен зерттеушілерінің жаңа буынын дамытуға қажетті жағдай жасаймыз», – деп атап өтті Alem.ai Foundation КҚ бас директоры Адина Магавина.
Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation ML School Kazakhstan бағдарламасына қабылдауды жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Бағдарлама технологиялық, қолданбалы және зерттеу міндеттерін шешу үшін машиналық оқытуды қолдана алатын мамандарды даярлауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі


