Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған INESS-2024 халықаралық конференциясы өтті

INESS-2024 наноматериалдар және энергия сақтаудың озық жүйелеріне арналған 12-ші халықаралық конференциясы қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған.

Қазір INESS-2024 Орталық Азиядағы нанотехнологиялар мен энергетикалық жүйелер саласындағы соңғы трендтерді талқылайтын жетекші алаңға айналып отыр. Конференция ұйымдастырушылары – Nazarbayev University, National Laboratory Astana және «Батарея институты» ЖШС.

Екі күн ішінде, 7-9 тамызда, Жапония, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбритания, Тайвань және Қазақстан ғалымдары – 150-ден астам зерттеушілер жаңа материалдар мен оларды энергетикалық жүйелерде пайдалану, батареяларды қайта өңдеу және қайта пайдалану әдістерін талқылайды.

«Біз аккумулятордың жұмысын жақсарту үшін аккумулятордың барлық құрамдас бөліктері – катодтар, анодтар, электролиттер, әртүрлі қоспалармен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір Қазақстанның аккумулятор өнеркәсібінің негізгі бағыттарының бірі литий-иондық аккумуляторларға арналған шикізатты өңдеу деп есептеймін. Біздің никель өнеркәсібіміз тау-кен өндіру және бастапқы өңдеу сатысында тоқтап тұр, бірақ біз осы шикізатты жоғары қосылған құны бар өнімдерге, одан әрі литий батареяларына арналған катодты материалға өңдеуге арналған технологияларымызды енгізгіміз келеді. Біз оларды Оңтүстік Корея, Қытай және басқа елдерге сата аламыз», — дейді халықаралық зерттеу тобының жетекшісі, NU профессоры Жұмабай Бәкенов.

Оның ғылым тобы өте жоғары деңгейде зерттеулер жүргізіп келеді, шетелдік серіктестер ынтымақтастыққа мүдделі.

«Менің қазақстандық студенттерім бар, олар бізден PhD дәрежесін алып, елге оралып, NU-да ауқымды зерттеулер жүргізшп жатыр. Мен олармен қатты электр жүйелері, зарядты тасымалдауды талдау және өлшеу сияқты сыйымдылығы жоғары материалдар жобаларда  жұмыс істеуге мүдделімін. Бұл жоғары энергиялық жүйелер үшін іргелі параметрлер», — деді Чон Нам Ұлттық университетінің профессоры Сан-Су Ким.

Ғалымдар Оңтүстік Кореядан келген әріптестерімен бірлесе отырып, жоғары энергия тығыздығын, ұзағырақ қызмет ету мерзімін және қауіпсіздікті арттыруды қамтамасыз ететін батареяларға арналған жаңа материалдарды әзірлеуде айтарлықтай жетістіктерге жетті – бұл наноқұрылымды материалдар коммерцияландырудың жоғары әлеуетіне ие.

Конференция бағдарламасына 62 баяндама кіреді. Панельдік сессиялар Осака университетінің, Skoltech (РФ), Warwick University және басқаларының жетекші ғалымдарының, сондай-ақ индустриялық демеуші — MNLabtech, Faraday Factory Japan, Interactive Сorp., Netzsch сынды компаниялар өкілдері де қатысады. Сонымен қатар ұйымдастырушылар қазақстандық ғалымдардың кеңірек қатысуына үміттенеді Биыл Жану проблемалары институты, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті және «Көмір химиясы және технология институты» ЖШС ғана қатысуда.

 Конференцияның ресми сайты https://iness.kz/