Париждегі паралимпиада ойындарына қатысатын елордалық спортшылар туралы айтылды
Астана қаласының коммуникациялар қызметінде Париждегі паралимпиада ойындарына қатысатын елордалық спортшылар туралы Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» КММ басшысы Азамат Тагаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Париждегі Паралимпиада ойындары тек спорттық мереке ғана емес, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жетістіктері мен табандылығының көрінісі. Төрт жылда бір рет келетін ең маңызды жарыстың бірі Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Париж қаласында өтеді. Қазақстан ұлттық құрама командасында 9 спорт түрінен 33 лицензия бар.
Аймақтар бойынша сегіз лицензиясымен Атырау облысы бірінші орында көш бастап тұр. Астана қаласы 5 лицензиямен екінші орында болса, 4 лицензиямен Жамбыл облысы үшінші орынға тұрақтады.
Паралимпиада ойындарында ұлттық құрама қатарында үш спорт түрінен Астана қаласынан 5 спортшы Паралимпиада ойындарында бақ сынайтын болады. Пара оқ атудан Севда Алиева, пара жүзуден Сиязбек Далиев, пара дзюдодан Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей, Бауыржан Арстанбеков өнер көрсетеді. Спортшылар халықаралық аренада ел намысын қорғайды.
Спортшылардың халықаралық турнирлердегі жетістіктері Паралимпиада ойындарына қатысу жолындағы маңызды кезең болып табылады. Жаттықтырушылар жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін жағдай жасай отырып, спортшыларды даярлау мен дамытуда шешуші рөл атқарады. Жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, жүлделі орын алудың нәтижесінде ғана лицензияға қол жеткізеді. Спортшылар әлемдік деңгейде өз дағдылары мен төзімділігін көрсете алады. Әрбір жетістік – бұл қажырлы еңбектің, табандылықтың және команданың қолдауының нәтижесі.
Спортшыларымызға Астана қаласы әкімдігі мен Туризм және спорт министрлігі фармакологиялық, ай сайын берілетін қаражатпен, оқу-жаттығу жиындармен, спорттық киімдермен және инвентарлармен қамтамасыз етті. Паралимпиада ойындарына қазақстандық 5 спортшы жеке бапкерлерімен бірге барады.
Спортшыларымыз мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамай, елі туын халықаралық жарыстарда көкке көтеріп жүр. Паралимпиада ойындарының басталуына бір апта уақыт қалды.