Сапалы білім берудің маңызы

Сапалы білім беру – бұл жеке тұлғаның әлеуетін дамытуға, қоғамдағы теңсіздікті азайтуға және азаматтарды белсенді, саналы өмір сүруге дайындауға мүмкіндік беретін күшті құрал. Білім – экономикалық, әлеуметтік және саяси мүмкіндіктерді кеңейтетін негіз, ол жеке тұлға мен қоғамның дамуы үшін қажетті ресурс болып табылады. Сапалы білім адамдарға кәсіби дағдылар мен білім алуға, соның арқасында еңбек нарығында сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді. Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жетістіктер халықты білікті жұмыс күшімен қамтамасыз етіп, экономиканың инновациялық дамуына ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде, кедейлікпен күресудің тиімді тәсілі. БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму.Тұрақты даму мақсаттары концепциясының 4 бөлімі -сапалы білім екен алға тартқым келеді. Қазақстан сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін бірқатар реформалар жүргізіп келеді. Елде 12 жылдық орта білім беру жүйесі, үштілді білім беру бағдарламасы және цифрлық білім беру бастамалары енгізілуде. Мемлекет білім беру сапасын халықаралық стандарттарға сай келтіруге тырысып, білім беру саласындағы жаһандық өзгерістерге бейімделуде.

Сапалы білім – жеке тұлғаның интеллектуалды және рухани дамуының, қоғамның өркендеуі мен прогресінің басты қозғаушы күші. Ол тек студенттерге қажетті білім мен дағдыларды беріп қана қоймай, олардың сыни ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін және адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған. Сапалы білім беру арқылы адам өмір бойы білім алуға, өзін-өзі жетілдіруге, қоғамда белсенді әрі саналы өмір сүруге дайын болады. Сапалы білімге қол жеткізу – қоғамның әрбір мүшесіне өмір бойы білім алуға, өзінің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі құрал. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы ең беделді оқу орындарының бірі. Соңғы уақытта университет өз дамуын жалғастырып, жоғары сапалы білім мен ғылыми зерттеулерге ұмтылып, сонымен қатар студенттер мен оқытушылардың жұмыс жасауына қолайлы жағдай тудыруда. ҚазҰУ дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, заманға сай жаңғыруда. Студенттердің алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Білімі мен ғылымы дамыған ел қашан да бәсекеге қабілетті. Себебі сапалы білім – еліміздің болашағы. Елімізде де білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана биікке шығатынымызды ескерсек, бұл мәселе ұдайы назарда болуы тиіс.

Атаханова Г.М
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
кафедрасының профессоры;
Советхан Ш.Д
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығының оқытушысы