«Теміртас. Біржан сал» спектаклінің премьерасынан кейінгі ой

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Ф.Молдағали режиссурасымен қойылған «Теміртас. Біржан сал» спектаклінің премьерасын көрермен қауым екіұдай сезімде қабылдады. Өйткені, тарихта аты аңызға айналған Біржан салдың кесек бейнесін сахнадан көруге жиналған көпшіліктің үміті ақталмады. Иә, постдрамалық театр үлгісінде жасалған қойылымдарда драматургиялық мәтін маңызды емес. Қазіргі қазақ театр режиссурасында перформанс, саундрама және вербатим жанрларының элементтері кеңінен қолданылып жүргені баршамызға жақсы мәлім. Мұндай қойылымдардың көремендерге ерекше әсер ететіні де жасырын емес. Дегенмен де, режиссер қандай әдіс-тәсілге сүйеніп қойса да, спектакльдің идеясы мен айтар ойы көрермендерге анық жетуі тиіс. Егер аталмыш спектакльге осы көзқарас тұрғысынан қарайтын болсақ, онда режиссер тарпынан спектакль кілтінің табылмағаны анық байқалды. Ол қойылымды халқымыздың әйгілі  әншісі, сазгер Біржан Қожағұлұлының әндеріне негіздеп, еліміздің азаттық жолындағы күресін метафоралармен, символдармен көрсетуге ұмтылған. Бірақ, режиссерлік ой-тұжырым өз мәресіне жетпей жан-жаққа шашылып кеткен. Белгілі ақын Б.Беделхан қойылымға арнайы өлең жазғанымен де, тақырып толық ашылмаған. Өлең мазмұны бір басқа да, айтылып жатқан әндер бір басқа болып өзара үйлеспей қалған. Қойылымда оқиғаның тұтастығы мен шынайы тартыстың болмауы эклектикаға соқтырған.

Айталық, теңдік пен тәуелсіздік жолындағы күрестер актерлердің  бейвербалды  әрекеттері арқылы көрсетілді. Бұл тұста хореограф Адлет Таменовтың орындаушылармен жұмысын ерекше айтып өткен орынды. Ол заманауи би формасын дәстүрлі әннің ырғақтарына әдемі үйлестірген. Актерлердің пластикалық қимыл-әрекеттері  көз тартқанымен де, олардың ойындарында сахналық тұтастық сақталмаған. Би тоқтай қалса, актерлер қайда барарын білмей, дағдарысқа түседі. Драма актерлерінен талап етілетін оқиғаны бағалау, серіктесімен жұмыс жасау жағына келгенде ешқайсысы да сезімді селт еткізетіндей ойын көрсете алмады. Режиссер қойылымның сыртқы пішінін қарастырғанымен де, актерлердің рольді меңгеру жағына көңіл бөлмеген.  Сол сияқты, мизансценаларында да қайталаушылық көп кездеседі.

Спектакльдің композиторы Серікжан Айтқалидың еңбегі де елеулі болды. Бірнеше музыкалық аспаптардың дыбыстық әсері қазақ музыкасының сан қырлылығын танытып, айрықша эмоциялық көңіл күйге бөлейді. Дегенмен де, режиссер сахна төріне қолдарына домбыра ұстаған актерлер мен  дәстүрлі әншілерді қаздай тізіп  қойғанымен де Біржанның «Теміртас», «Жанбота», «Ләйлім-шырақ» т.б. әндерінің бірде біреуін толық айтқызған жоқ. Бірінің басы, бірінің соңғы жағы оқтын-оқтын естіліп, көпшілік сахнасындағы у-шудың астында көміліп қалды. Режиссерлік ой белгілі бір мақсатқа қазықталмағандықтан да бір әрекет аяқталмай, екінші бірінің оған килігіп кетуі орын алған. Бір қарағанда Ф.Молдағали әндердің мазмұнына жаңаша үңілуге жетелемекші болғанымен де ол идеясы әрі қарай дамымай, сол жерде аяқсыз қалады, немесе басқа әрекет қосылып кетіп, ақырында бәрі түсініксіз болды. Мысалы, жас қыздың тағдыры, өзара қырлысып жатқан адамдардың мақсат-мүдделері айқын емес. Пластикалық қимыл-қозғалыстармен айтылатын сөздерден ештеңе ұғылмайды. Қысқасы, осы қойылым театр көрермендеріне не айтпақшы, оның көркем-идеялық мазмұны түсініксіз. Мұны көрермендер ғана емес, сахнаға шығарған театрдың өзі де түсіне бермейтіндей әсер тудырды.

Қорыта айтқанда, актерлердің ойындары мен режиссерлік шешімдерде тақырыптың аясы ашылған жоқ. Сахнада көрсетілген оқиғалардың басы бірікпей  бөлшектеніп, тұтастыққа жетпеді. Біздіңше, халқымыздың көрнекті тұлғаларының шығармашылығына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Тұлға қашан да тұлғалық тұғырдан түспеуі қажет. Әсіресе, қазіргі заманғы мультимедиялық технологиялар мен визуальды және семиотикалық элементтерді өз қойылымдарында қажетіне қарай пайдалана отырып, Біржандай асылдарымыздың бекзат болмысын  ұлықтауға режиссерлеріміз жауапты қарағаны жөн. Өкінішке орай, театрдың бұл қойылымы көркемдік биікке көтеріле алмады.

Бақыт НҰРПЕЙІС,

өнертану докторы,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясының профессоры, театртанушы