Сақтандырушылар сақтандыру төлемінің мерзімін бір күнге дейін қысқартады

Қазақстандық сақтандырушылар бизнес-процестерге ЖИ (жасанды интеллект) әдістерін енгізуді жалғастыруда. Бұл туралы «Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев Digital Almaty 2025 конференциясының бірінші күніндегі «AI компаниялар мен адамдарды қалай өзгертеді» панельдік сессиясында сөз қозғады.
Компания ЖИ мүмкіндіктерін фотосуреттер арқылы көлік зақымдануын саралауға арналған бағдарламада пайдаланады. Зақымдану сипатына қарай ол шығын көлемін, яғни, клиенттің сақтандыру төлемінің сомасын анықтай алады. Бағдарлама зақымданудың бар-жоғын, сондай-ақ оның көлемін анықтау үшін арнайы оқытылған. Өткен жылы әзірлеу ChatGPT ашық үлгісімен біріктірілді. Бұл сақтандыру компаниясының бизнес-процестерінде жасанды интеллектті қалай пайдалануға болатынын түсіну үшін жасалды. «Яғни, біз алдымен бағдарлама жасап, оны жүзеге асыруға тырысудың орнына, дайын шешімдерді пайдалана бастадық. Дайын шешімдерді бизнес-процестерімізге енгізуге болатынына көз жеткізген соң, біз өз шешімдерімізді әзірлеуге кірістік», — деп түсіндіреді сақтандырушы.
Бағдарлама болған зиян мен оның сипатын танып, осы деректерді талдайды және талдау негізінде сақтандыру төлемінің сомасын есептейді. Қажет болған жағдайда компанияның маманы есептеу процесіне қосылады. «Қазір біз сақтандыру полисін бергенге дейін сақтандыру алдындағы тексеру сатысында көлік құралының зақымдануын анықтайтын қызметті енгіздік. Болашақта бұл механизмді төлемді алу үшін сақтандыру талаптарын тіркеу процесіне енгізу жоспарлануда. Біздің мақсатымыз – клиенттер төлемдерді бірден дерлік алу үшін залал мөлшерін автоматты түрде анықтау. Яғни, қазір біздің компаниядан сақтандыру төлемін алу мерзімі орташа есеппен 3-5 күн болса, енді оны бір күнге дейін қысқартқымыз келеді», — деп түсіндірді сақтандырушы.
Еліміздегі цифрландырудың жоғары деңгейі сақтандыру компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Интернеттегі бірнеше көздерден тұтынушы деректеріне қол жеткізу арқылы сақтандырушылар андеррайтинг сияқты белгіленген процестерді өзгерту мүмкіндігіне ие болады. Егер классикалық сақтандыруда андеррайтерлер клиентті сақтандыру туралы шешімді деректерді қолмен тексеру арқылы қабылдаса, бұл маманнан көп ресурстарды талап етсе, енді ЖИ арқасында бұл бірнеше минутты алады.
2024 жылы сақтандыру компаниясы ЖИ қолданатын заңды тұлғалардың қаржылық тұрақтылығын бағалаудың өзіндік жүйесін әзірледі. Бұл сақтандыру компанияларын ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті, ҚР Мемлекеттік сатып алулар сияқты деректер базаларымен, сондай-ақ ашық деректер агрегаторларымен интеграциялаудың арқасында мүмкін болды. «Машиналық оқыту алгоритмдері арқылы алынған және өңделген ақпарат – сақтандырушыларға белгілі бір заңды тұлғаның сақтандыру үшін тәуекелдерін қабылдау туралы шешім қабылдау кезінде көмектеседі. Бұл аталған жүйе механизмінің бірінші кезеңі ғана, алдағы уақытта біз заңды тұлғалар үшін сақтандыру шартын жасасу үдерісін толығымен автоматтандыруды жоспарлап отырмыз», — деп бөлісті спикер.
Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап компания әрбір нақты автокөлік иесіне сәйкес сақтандыру тарифін таңдап, жеке тұлғалардың скорингі үшін ЖИ-ті белсенді түрде қолданады. Әзірленген скоринг алгоритмдері 200-ден астам әртүрлі параметрлерді талдайды, соның ішінде:
- несие тарихы
- төлем қабілеттілігі
- қаржылық операциялардың тарихы
- сақтандыру тарихы
- Сергек деректері (көлік иесінің жолда өзін-өзі ұстауы)
Сондай-ақ сақтандырушы компанияның аталмыш әзірлеуге шамамен 300-400 миллион теңге инвестиция салғанын және өз нәтижесін көрсеткенін атап өтеді. «Есеп бойынша, компания 2024 жылы әрбір төлемнен 150 АҚШ долларын үнемдеп, өткен жылмен салыстырғанда олардың әрқайсысына 23 мың теңгеге аз шығын жасай бастады. Және цифрландыру құралдарын пайдалануға тек клиенттерді ғана емес, сонымен қатар компания қызметкерлерін де үйрету қажет екенін атап өткен жөн. 2024 жылы біз төлемдер санын бірнеше есеге ұлғайттық, бірақ жұмыстардың тиімділігі артқандықтан, қызметкерлер штаты өзгерген жоқ», — деді ол.
Машиналық оқыту әдістерін қолдана отырып, сақтандыру компаниясы сақтандыру төлемдерінің ықтималдығын бағалауда жоғары дәлдікті қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, бағалау алгоритмдері жаңа деректер негізінде үнемі бейімделіп, жетілдіріліп отырады, бұл компанияға өзекті және объективті нәтижелерді беруге мүмкіндік береді. «Осының арқасында біздің компанияның клиенттері жазатайым оқиғаларға байланысты жеке сақтандыру тарифтерін онлайн режимінде алады. Осылайша, жазатайым оқиғалардың төмен көрсеткіші бар жүргізушілерді төмен сақтандыру тарифтерін бере отырып қуанта аламыз. Болашақта жол-көлік оқиғасы деңгейі жоғары жүргізушілерге арнап ойын форматында ұсыныстар беруді жоспарлап отырмыз. Атаулы форматтың көмегімен жүргізуші сақтандыру сомасы неге байланысты екенін түсінеді және біздің ұсыныстарымызды орындай отырып, өзінің жүргізу стилін өзгерте алады. Бұл көлік жүргізудің сабырлы болуына және жол апаттарының азаюына әкеледі», — деп түйіндеді сарапшы.