Жетісуда «Мизам» әдебиет мектебі құрылды

Жетісу өңіріндегі шығармашыл жастардың шабытын шыңдау мақсатында еліміздегі тұңғыш авторлық жоба – әдебиет мектебі құрылды. Әдебиет мектебінің басты мақсаты Жетісу облысында ақындық мектеп қалыптастыру, жастарды ақындық өнерге баулу, жазба ақындардың талантын ашып, шығармашылыққа шабыт беру. Шығармашыл жастардың өнеріне қолдау көрсету. Жас ақындардың шығармашылығының шындалуына және әдеби ортада танылуына жол ашу. Өңір әдебиетінде жаңа есімдерді қалыптастыру.
Өнер мектебіне Жетісу облысының шығармашылыққа қызығушылығы бар 6-10 сынып аралығындағы оқушылары қатыса алады. Әдеби мектептің форматы: жылжымалы. Яғни, мұнда ауылдағы әдебиетке әуес оқушылар ақын-жазушыларды өңірдегі танымал қаламгерлер өздері іздеп барып, оқытады. Жылжымалы мектеп облыстың әр аудан орталығында/қалада 1 апта сабақ өткізеді.
Әдебиет мектебі шығармашылықтың жеті бағыты бойынша жұмыс істейді. 2 лектор «Оқу әдебі» және «Жазу мәнері» сабағынан дәріс өткізеді. Оқу әдебінен – ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреев сабақ берсе, жазу мәнерінен – «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, ақын – Мұхтар Күмісбек лекция өткізеді.
Оған әр ауданнан 20 оқушы қабылданады. Оларға курсты толық аяқтағаны туралы сертификат табысталады. Жалпы облыста 8 аудан, 2 қаланы қосқанда 200 баланы оқытуды жоспарлап отыр. Сабақ барысында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар ақтық сынға арналған шығармашылық байқауға жолдама алады.