Қазақстандық ғалым метрология саласында бұған дейін болмаған жетістікке қол жеткізді

Қазақстан тарихында алғаш рет ауа ылғалдылығын өлшеуде шешуші маңызы бар шық/қырау нүктесінің температурасын жаңғыртуға мүмкіндік беретін отандық технология әзірленіп, сәтті іске қосылды. Бұл жаңалықтың авторы – РМК «ҚазСтандарт» қызметкері, 27 жастағы жас ғалым Асылбек Жұмағали.
Оның жасаған сатураторы (насытқыш құрылғысы) газ ылғалдылығының жаңа алғашқы эталонының негізіне айналды. Осы жаңашыл шешімнің арқасында Қазақстан алғаш рет шық және қырау нүктесінің температурасы бойынша өлшем бірліктерін шетелдік ғылыми мекемелерге жүгінбей-ақ, өз бетінше жаңғырта алатын болды. Бұл ел бюджетінен бөлінетін шығындарды едәуір азайтып, еліміздің ғылыми-техникалық тәуелсіздігін айтарлықтай нығайтады.
«Бұған дейін эталондық құралдарымызды жыл сайын шетелге калибрлеуге жіберуге мәжбүр болатынбыз. Бұл – қымбат әрі қолайсыз процесс еді. Енді Қазақстан бұл жұмысты өз ішінде жүргізе алады. Бұл бүкіл саланың дамуына тың серпін береді», – деп атап өтті Асылбек Жұмағали.
Жас ғалым әзірлеген насытқыш құрылғының бірегей конструкциясы 2024 жылғы 4 қазанда пайдалы модель ретінде ресми түрде патенттелді (Патент №9626). Оның тиімділігі халықаралық деңгейде де мойындалды – үш жылдық ғылыми жұмыстың нәтижелері Scopus дерекқорына енген беделді Metrology ғылыми журналында жарияланды.
Қазақстан сондай-ақ алғаш рет COOMET.T-K6.1 («Ылғалды ауаның шық/қырау нүктесі температурасының жергілікті шкалаларын жүзеге асыру») атты халықаралық негізгі салыстыру жобасында пилоттық зертхана ретінде қатысты. Бұл жоба Ресейдің жетекші ғылыми мекемелерінің бірі – ФГУП «ВНИИФТРИ»-мен бірлесіп ұйымдастырылған. Мұндай салыстырулар – жаңа эталонның өлшеу дәлдігі мен нәтижелердің халықаралық салыстырмалылығына сай келетінін дәлелдейтін әлемдік тәжірибе.
«Халықаралық жобаға пилоттық зертхана ретінде қатысуымыз – Қазақстанның ғылыми әлеуетінің мойындалуы мен метрология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам», – деді Асылбек Жұмағали.
Бүгінгі таңда Қазақстанда салыстырмалы ылғалдылық пен шық/қырау нүктесінің температурасы бойынша мемлекеттік эталондар бар. Алайда олар екінші ретті болып саналады және бұған дейін тұрақты түрде шетелде тексерістен (верификациядан) өтіп келген. Ал жаңа алғашқы эталон бұл тәуелділікті жойып, өлшеу нәтижелерінің ел ішіндегі толық трассабельдігін қамтамасыз етеді және Қазақстанның халықаралық беделін арттырады.
Сондай-ақ бұл жетістік елдегі ондаған калибрлеу зертханасына уақыт пен қаражатты үнемдей отырып, өлшемдерді ұлттық деңгейде жоғары дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді.
Аталған жоба РМК «ҚазСтандарт» тарапынан газ ылғалдылығы эталондарының метрологиялық сипаттамаларын жетілдіру мақсатында жүргізілген іргелі ғылыми зерттеулер аясында жүзеге асырылды. Зерттеулер халықаралық метрологияда кеңінен қолданылатын фазалық тепе-теңдік әдісіне негізделген.
Бұл жетістік – еліміздің технологиялық егемендігін нығайтатын, сондай-ақ жас қазақстандық ғалымдардың әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуге қабілетті екенін дәлелдейтін жарқын мысал. Асылбек Жұмағалидың бұл жаңалығы – Қазақстанның ғылыми әлеуетін дамытуға, өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және отандық өнім сапасына ел ішінде де, экспорттық нарықтарда да сенімділік қалыптастыруға қосқан сүбелі үлес.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі
Telegram-канал: Қазақстандық ғалым метрология саласында бұған дейін болмаған жетістікке қол жеткізді