Ербол Сыпатаевқа «Халық Қаһарманы» атағы неге берілмейді?
Сол бір желтоқсан айында әлемнің алты құрлығындағы адамзатты алаңдатып, құлақ түргізген, көз тіккізген Алматыдағы жастар көтерілісі ұзақ жылдар бойы тоталитарлық жүйенің тегеурінді құрсауында бұйығылана бастаған кеңестер одағына мүше талай елге ой салғаны анық. Жасанды беделіне сызат түсіп көрмеген билеуші топқа, қазақ жастарының оқыс мінез танытуы бұлтсыз аспаннан жай түскеннен әрмен әсер еткені де рас.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарихи, саяси мәнін одан кейінгі жылдардағы қоғамдық өзгерістер тереңдете түседі. Ал, оның қаһармандары бүкіл қазақ халқының мақтанышына айналды. Желтоқсан көтерілісі қазақ үшін қасиетті әрі қайғылы жай. Қайғылы болатыны – он екіде бір гүлі ашылмаған жауқазан жастарымыздың жендеттер қолынан қаза тауып, көпшілігінің қуғын-сүргін көргені. Қасиетті дейтініміз – ежелден елдік пен ерлікті ата-бабасынан мұраға алған жас ұрпақтың сын сағатта өнегені өрістетуі. Солардың бірі – Желтоқсан көтерілісінің құрбаны, сол кездегі Алматы энергетика институтының екінші курс студенті, жаркенттік өрен Ербол Сыпатаев.
Дүниеге келгенде есімін тауып қойған ағайын-туыстың тілегін көкте періште әумин деп қабыл алған Ербол батыр опат болған сол бір желтоқсан айының ызғарлы күндерінің дүмпуі әлі есімізде. Алматыдан Жаркентке жетер жолдың бойына кезекші жасақшылар қойылып, ауылы мен ауданда сақтық шаралары ұйымдастырылып, бақылаушылардың алдын-ала ауылды басып қалуы күнәһар қарабеттерге өлі арыстанның да айбарлы екенін аңғартқандай еді. Билеуші саясат Алматыдағы жастардың қарсылығын қанша қараласа да озбырлықтың шеті бәрібір сораңдап тұрды. Ерболдың, онымен бірге алаңға шыққан мыңдаған жастардың тілегі мен ісі ақ болмаса билік басындағылар сонша үрейге бой алдырар ма еді. Бетін топырақ жапқанша Ерболдың денесі салынған табытты күзетіп, ата салтымыздағы қазаны шығарып салу рәсімін шала-шарпы орындатқан итаршылардың ісі де елдің көз алдында. Ол күндердің қияметі ұмытылмайды, айтқан сайын айшықтанып, Ербол Сыпатаев тұлғасы сомдала түседі.
Ербол Еңбекші ауылындағы Бейсен Алшынбеков отбасының тұңғышы еді. Анасы Сақып жөргегінен ажырамаған шарананы қайынағасы Мұқажан мен абысыны Тұрған қолқалап, бауырына басқанда сәби сүйіп көрмеген пақырларды қуантқанына тәубе етті. Сөйтіп, Ербол екі үйдің ортасында еркесі, ата-ананың көз қуанышы, ағайынның дәнекері болып ер жетті. Есті бала мектепті де үздік тамамдап, әскерге аттанғанда жүргізуші деген мамандық алып, аудандық тұтынушылар одағында еңбектің алғашқы дәмін татты. Ерболдың қысқа ғұмырындағы өмірбаян дерегі осы ғана.
Ал, 1986 жылғы Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісі туралы том-том тергеу, зерттеулерде Ербол Сыпатаев есімі бастан-аяқ аталады десек артық кетпеспіз. Оның бәрін тізбелеу мүмкін де емес. Біз ақиқатты тағы бір айқындау үшін, 1996 жылы сол кездегі Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағанбетовтің талабы бойынша жазылған република прокурорының орынбасары, аға заң кеңесшісі К.Елубаевтың және А.Нәлібаев зерттеулеріндегі Ербол Сыпатаев өліміне қатысты деректерді баяндап өтуді мақсат еттік.
Хат «1963 жылы туылған Алматы энергетика иниститутының 2 курс студенті Ербол Мұқажанұлы Сыпатаевті «Ми-бас сүйегінен жабық жарақат алған», – деген диагнозбен 1986 жылдың 18 желтоқсанында кешкі 8 сағат 30 минутта Алматы қаласындағы №2 қалалық ауруханаға «Жедел жәрдем» бригадасы бұрынғы Брежнев атындағы алаңнан алып келді», – деп басталады. Ерболдың осы ауруханада бес күннен кейін қайтыс болғаны да сөз арасында жазылады. 1986 жылдың 24 желтоқсанында Қазақ КСР прокуратурасының тергеу тобының тергеушісі В.А.Гейн Қазақ КСР Қылмыстық істер Кодексінің 65-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Сот-медициналық сараптама бойынша Ербол Сыпатаев бас сүйегінен ауыр жарақат алып, миының зақымдануы салдарынан қайтыс болған. Ауруханаға түскен сәтте Ерболдың бет терісі, жотасы, жоғарғы еріні соққыдан қатты жарақаттанған. Мұның бәрі оны қатты затпен аяусыз соққылағанын айқындайтын еді.
Ерболды солдаттардың аяусыз соқыға жыққанына сол сәтте жанында бірге болған Н. Ыдырысов деген азамат куәлік етеді. Қалқан жамылып, қысқа күрте киген солдаттар алаңға келген жастарды таяқтай бастаған. Бұл 18 желтоқсан күні кешкісін Фурманов және Сәтбаев көшелерінің қиылысқан тұсында орын алған оқиға. Солдаттардың аяусыз соққысынан бас сауғалаған жастар Ленин даңғылына қарай ығысады. Оң жақтағы үйлердің дуалынан асып түспек болған жастарды ар жағынан да орап алып таяқтап жолатпайды. Екі жақтан бірдей қыспаққа түскен жастар бас сауғалап, бет-бетімен қашып, жақын жердегі аулаларға барып тығылады. Олармен Ербол Сыпатаев та бірге болған. Онымен бірге қашқан жігіт Н. Ыдырысов былай дейді.
– Біз Ербол екеуіміз қашып келіп Сәтбаев көшесіндегі 6 «А» үй ауласына жасырынбақ болдық. Бірақ өкшелеп қуған солдаттар бізді құтқармай қуып жетіп, қара құстан екеумізді де ұрып жықты. Мен алған ауыр соққыдан есімді ауруханада бірақ жинадым.
Кей бір деректерге сүйенсек, Соққыға жығылған Ербол әлі де болса тіршілік белгісін көрсетіп, қимылдаса керек. Мұны байқап қалған солдат еліріп тұрып, «Маған ауырлау бірдеңе беріңдерші, мен мұны бірден өлтірейін», – деген көрінеді.
Бұл оқиғаны дәрігерлік жедел жәрдем қызыметкері А.С.Зинченко мен А.А.Крестиянов та растайды. Олар белгісіз біреулердің шақыруымен (әсте сол үй тұрғындары болуы керек) сол аулаға келсе бастарынан жараланып, ес-түссіз жатқан Ербол Сыпатаев пен Н.С.Ыдырысовты табады. Ауруханада Ербол 23 желтоқсан 19 сағат 30 минутта бес күн бойы есін жимастан қайтыс болады.
Желтоқсан комиссиясының жұмысын зерттеген сарапшылар мен мамандар Ербол Сыпатаевтың қылмыстық ісін мұқият тексеріп, оның іс жүзінде кінәсі жоқ екенін, милиция, әскери қызыметшілермен қақтығыспағанын, оларға ешқандай қарулы қарсылық көрсетпегенін дәлелдей келіп, Ербол Сыпатаевқа қарсы қылмыстық іс тек бір жақты айыптау жолымен жүргізілгенін анықтады. Ерболдың іс-әрекетінде ешқандай қылмыстың болмағанына байланысты ісі қысқартылып, оның өліміне кінәлілерге қарсы қылмыстық іс қозғалуын талап етті. (Конститутсиялық Сот құжаттары, 3-том, 296, 303-бет, 5-том 15-16, 51, 226-бет).
Осы дәлелдер мен талаптардың заңдылығын растап, Қазақстан Республикасының бұрынғы Бас прокуроры Жармақан Тұяқбаев өзінің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына 1991 жылы 27 қыркүйекте берген №20-7-91 мәліметінде былай дейді: «Ербол Сыпатаевтың қылмыстық ісі бойынша оның өліміне әскери қызметкерлердің тікелей кінәлі екені дәлелденген, осыған орай Ербол Сыпатаевқа қарсы қылмыстық істі 1991 жылдың 10-шілдесінде Қазақ КСР Прокуратурасы оның іс-әрекетінде қылмыстық белгі болмаған деген дәлелмен қысқартып, оның өліміне кінәлілерге қылмыстық іс қозғаған» (Конституциялық Сот құжаты, 1-том, 189-195 бет).
Өкінішке қарай, бұл ақтау мәліметі жұртшылыққа және Ерболдың ата-анасы мен туыстарына түсініксіз жағдайда көпке дейін белгісіз болып келді. Тек Желтоқсан көтерілісінің 10 жылдығын атап өтуге арнайы құрылған комиссия төрағасы, сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары И.Тасмағамбетовтің Ербол туралы салған сұрауы бойынша 1996 жылдың 10 қазанында Қазақстан Републикасының бас прокурорының орынбасары К.Елубаев берген жауаптан барып мәселенің беті ашылып, оның 1991 жылдың 10 шілдесінде ақталғаны анықталды.
Өкініштісі, Ерболдың өліміне тікелей кінәлі, сол бір қатігез солдатты тауып, соттаудың мүмкіндігі болмағаны. Ал, Ербол Сыпатаевтың 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері алаңға шыққан жастардың арасында режимге қарсы белсенділік танытқанын Алматы арнайы орта милиция мектебінің курсанттары А. Қасқабаев пен Ю.Ф. Партнев, Алматы өрт сөндіру техникалық училещесінің курсантары А.Н.Осипенко мен Г.Рау суретінен танып куәлік еткен.
Міне, Желтоқсан көтерілісінің тікелей құрбаны Ербол Сыпатаев туралы шыңғырған шындық осы. Тәңір қолдаған Тәуелсіздігіміз мәңгілік болса, Ербол есімі де мәңгі ұмытылмақ емес. Туған жері Жаркент өңірінде Ербол есімі өзі оқыған мектебіне, қала, ауыл көшелеріне беріліп, бейітінің басына ескерткіш те орнатылды. Аудандық мәдениет үйінің алдындағы алаңда Желтоқсан көтерілісінің жаркенттік құрбандары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа ескерткіш монумент орнатылып, өңір халқының тәу етер жайына айналды. Алайда ежелгі салтымызда жақсы жігіт, батыр бала бүкіл елдің ұлы емес пе еді. Ербол Сыпатаевқа билік тізгінін ұстағандардың «Халық Қаһарманы» атағын неге қимай жүргеніне ел-жұрттың әркез таңданатыны да шындық. Әлде біз дұрыс сұрамай жүрміз бе? Мүмкін ел болып талап ету керек шығар?…
Мырзағали НҰРСЕЙІТ