Ата дініміз – бірлік пен бейбітшіліктің діңгегі

Қазақ халқы үшін ата дін – ислам діні тек құлшылық жүйесі ғана емес, тұтас өмір салтына айналған рухани ілім. Ата-бабаларымыз осы дін арқылы өз тіршілігін тәртіпке салып, ұрпағын имандылыққа баулыды, қоғамда татулық пен өзара түсіністікті қалыптастырды. Сондықтан да, ислам діні қазақ халқының жүрегінен терең орын алып, бірлік пен бейбітшіліктің тірегі ретінде танылды. Ата дініміздің басты ерекшелігі – қоғамдағы тұтастық пен жарасымды өмірді насихаттайтынында. Ислам – «бейбітшілік», «тыныштық» деген мағына беретін дін. Бұл тек тілдік мағына ғана емес, оның мазмұны да адамның жүрегін тыныштыққа жетелейтін, қоғамды тұрақтылыққа бастайтын принциптерге толы. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Мұсылман – өзге адамға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейтін адам» деген хадисі – діннің өзегінде зорлық емес, ізгілік жатқанын айқын көрсетеді.
Қазақ халқы осы қағидаларды ғасырлар бойы өмір салтына айналдырып, ислам дінінің бейбітшілікке негізделген сипатын жоғары бағалады. Жүзге, руға бөлінбей, діні мен ұлтына қарамай жолаушыға ас беру, жат жұртқа аманат арқалатып жіберу, дауға – билік, дұшпанға – сабырмен жауап беру сынды әдет-ғұрыптарымыз діннің моральдық құндылықтарымен ұштасып жатқанын аңғартады.
Қазақ даласында ислам дінін таратқан ұстаздар мен сопылар дінді мәжбүрлеу арқылы емес, жұмсақтықпен, парасатпен жеткізді. Әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи мектебі «адамның ішкі дүниесін тазарту, жүрек тәрбиесі, мейірім мен махаббат жолы» ұғымдарын алға қойды. Бұл – бірлік пен бейбітшілікті насихаттаудың ең тиімді жолы. Қазақ халқының имандылықты ұлттық болмыспен қабыстыра отырып қабылдауы – дін мен дәстүрдің үйлесімді синтезін тудырды. Ата дініміздің бірлікке үндейтін бір жарқын тұсы – ұжымдық құлшылық пен қоғамдық жауапкершілікке шақыруы. Мешітке жиналу, жұма намазында бас қосу, Құрбан айт, Ораза айт сынды мейрамдарда барша халықтың бірге атсалысуы – бұл діннің қоғамда ынтымақ пен жақсылыққа үндейтін күш екенін көрсетеді. Осындай сәттерде барлық мұсылман тең, ешкімнің әлеуметтік мәртебесі маңызды емес – бұл өз алдына үлкен бір тәрбиелік мәнге ие.
Алайда, соңғы онжылдықтарда сырттан келген кейбір діни ағымдар діннің осы бір бейбіт сипатын көлеңкеде қалдырып, дінді алауыздық пен жікшілдік құралына айналдыруға тырысты. Олар өздерін «таза ислам» өкілдері ретінде көрсетіп, ата-бабаларымыз ұстанған имандылықты «бұзық» деп бағалауға бейім болды. Мұндай көзқарастар қоғамда екіұдайлық, шектен шығушылық, бір-біріне төзбеушілік секілді кері құбылыстарға жол ашты. Осы тұста ұлттық қауіпсіздік, рухани тұтастық мәселесі күн тәртібіне шықты. Себебі, бейбіт елдің ішіне алауыздық түссе, оның соңы – тұрақсыздық пен қақтығысқа апаратыны тарихтан мәлім. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да діннің бірлікке, өзара құрмет пен келісімге негізделетін тұстарын кеңінен насихаттау маңызды. Бұл жерде БАҚ, мешіттер, діни оқу орындары мен қоғамдық ұйымдардың жауапкершілігі орасан зор.
Ата дініміздің бейбіт сипаты – ұлттар мен діндер арасындағы татулықта да көрініс табады. Қазақстан – көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Осындай қоғамда ислам дінінің өзге сенім өкілдеріне құрметпен қарауға шақыруы – ерекше маңызды. Құран Кәрімде «Сендердің діндерің – сендерге, менің дінім – маған» (Кәфирун сүресі) деген аят – діндердің арасындағы төзімділік қағидатын айқын білдіреді. Қазақстан Республикасының діни саясаты да осы бағытта дамып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – ата дініміздің бірлік пен бейбітшілікті дәріптейтін ұстанымдарын жаһанға паш еткен тарихи бастама болды. Бұл – Қазақстанның рухани және діни дипломатиядағы беделін арттырған маңызды қадам.
Сонымен қатар, ата дініміз адамды жеке тұлға ретінде дамытуға бағытталған. Исламда адамның өмірі, ар-намысы, мүлкі, сенімі – қасиетті. Мұндай принциптер – заманауи құқықтық нормалармен де үндесіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, ислам – адам құқығын, ар-намысы мен қадірін қорғауды мақсат тұтқан гуманистік дін. Бүгінгі таңда жастар арасында діни танымның дұрыс қалыптасуы – мемлекетіміздің рухани қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Егер жастар дінді ата-бабалар ұстанғандай жұмсақ, адамгершілікке негізделген формада түсінсе, олар радикалды идеяларға қарсы иммунитетке ие болады. Бұл бағытта ата дініміздің бейбіт, келісімшіл, тіпті мәдени-эстетикалық қырларын насихаттау өте маңызды. Қазақы ортада «иманды адам» деген ұғым – діни фанат емес, керісінше, әдепті, сабырлы, әділетті, көпшіл, кеңпейіл, адамгершілігі жоғары тұлға. Бұл ұғым исламның рухани өзегімен толық сәйкес келеді. Сондықтан да ата дініміз – тек сенім жүйесі емес, ұлттың рухани мәдениетінің өзегі.
Қорыта айтқанда, ата дініміз – ислам, халқымыздың жүрегінен орын тапқан, қоғамдық татулық пен бейбіт өмірдің негізін қалаған рухани жүйе. Бұл діннің құндылықтары бүгінгі модерн қоғам үшін де өзекті. Бізге керегі – осы рухани мұраны жаңаша түсінікпен жаңғырту, ұлттық санаға лайықтап жеткізу. Сонда ғана біз ішкі тұтастығымызды нығайтып, сыртқы қауіптерден сақтана аламыз. Ата дініміз – ел болашағының кепілі, бейбіт өмірдің алтын арқауы.