20-дан астам смарт-аялдама іске қосылады

Screenshot
Барлық нысандар қажетті талаптарға сай – қыста жылыту жүйесі қосылады, жазда кондиционерлер жұмыс істейді, сондай-ақ тегін Wi-Fi мен смартфондарды зарядтауға арналған құрылғылар қарастырылған.
Талдықорғанда смарт-аялдамаларды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады.
Аталмыш смарт-аялдамалар облыс орталығында 2018 жылы қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында орнатылған болатын. Жалпы Талдықорған аумағында 20-дан астам осындай нысан пайдалануға берілген.
«Смарт-аялдамалар заманауи талаптарға толық сәйкес жабдықталған. Қыс мезгілінде жылыту жүйесі – арнайы батареялар қосылады, ал жаз айларында кондиционерлер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, әр аялдамада тегін Wi-Fi және смартфондарды қуаттауға арналған арнайы құрылғылар орнатылған», – деп хабарлады Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында аялдамалар таңғы сағат 06:30-да ашылып, кешкі 22:00-де автоматты түрде жабылады. Барлық аялдамалар тәулік бойы бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген және күн сайын қажетті тазалау жұмыстары жүргізіледі.
«Өткен жылы қала әкімі Ернат Бәзілдің тапсырмасымен барлық смарт-аялдамалар 5 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілді. Осыдан кейін қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта олардың 12-сі толық жөнделіп, қайта пайдалануға берілді. Ал қалған 9 аялдаманы биылғы жылдың соңына дейін жаңартып, тұрғындардың игілігіне ұсыну жоспарланып отыр», – деп толықтырды әкімдік.



