Грузиннің Қазақстандағы естен кетпес шытырман оқиғаларына толы «Больше чем любовь» романтикалық комедиясы
Грузиннің Қазақстандағы естен кетпес шытырман оқиғаларына толы «Больше чем любовь» романтикалық комедиясы көп ұзамай еліміздің кинотеатрларында көрсетіледі. Қазақстан мен Грузияның бірлесе шығарған «Больше чем любовь» фильмінің
тұсаукесері 9 наурызда өтеді. Фильм «Asia Ferroalloys» компаниясының қолдауымен түсірілген.
Екі елдің кинематографтары баяндаған хикая Ұлы Отан соғысының қан майданынан бастау алады. Екі барлаушы – грузин Вано және қазақ Бақытжан, тапсырмадан қайтып келе жатқанда әуешабуылының астында қалады. Бақытжан өз өмірін құрбан етіп Ваноны құтқарып қалады. Өмірі қиылғалы жатқан досының жанында Вано балаларымыздың арқасында туыс боламыз деп ант-су ішеді. Алайда Вано уәдесін орындай алмайды, енді атасының антын немерелері орындауға тиіс. Тбилисиден Алматыға Ваноның немересі Буба келеді. Оның мақсаты Бақытжанның қыз немересін тауып, оған үйлену. Бубамен бірге Қазақстанға Бубаның әпкесі Нино ұшып келеді. Бубаның аңғалдығының кесірінен жастар Бақытжанның үрім-бұтағы тұратын мекенжай жазылған
қағазды жоғалтып алады. Содан нағыз шытырман оқиғалар басталады.
«Грузиндер ештеңені ұмытпайды. Біз қазақтармен бірге Ұлы Отан соғысында шайқасқанымызды ғана емес, Дәуіт патшаның кезінде қыпшақтармен бірге ежелгі Тбилисиді селжұқтардан қорғағанымызды да ұмытпадық», — деді режиссер Георгий Кикалеишвили.
Қазақстан тарапынан режиссер міндетін атқарған Жеңіс Тұматаев: «Мен үшін бұл фильм тек екі жастың сезімдері жайлы емес, сондай-ақ екі ел мәдениетінің ортақ тұстары, айырмашылықтары, ұқсастығы, тарихы, құндылықтары мен дәстүрі жайлы. Осының қосындысынан осындай хикая шықты»
Фильм түсірілімі пандемия кезінде өтті. Тбилиси маңында әскери сахналар мен хикаяның грузиндік бөлігі түсірілді. Сосын түсірілім тобы Алматыға келді, мұнда түсірілім қала тарихындағы ерекше орында: «Алма-Ата» қонақүйі, «Медеу» мұз айдыны, цирк және басқа жерлерде өтті.
«Фильмді түсіру оңайға соқпады: Грузияда коменданттық сағат орнатылды, тікелей рейстер болмады, 3 күн сайын түсіріліп тобының әрбір мүшесі ПТР-тестін тапсырып отырды, түсірілімге рұқсат алуда да қиындықтар туындады. Қазақстанда
да сондай шектеулер бар еді. Бірақ біз бәрін еңсердік!», — деп бөлісті атқарушы продюсер Қайрат Мақажанов.
Туындыға Фархат Әбдірайымов (Фара), Шәріп Серік, Төлепберген Байсақалов, Азат Сейітметов, Данагүл Темірсұлтанова, Қарлығаш Исабекова, Тәуекел Мүслім, сондай-ақ грузиндік актерлер Натия Цицилашвили, Илья Чхаидзе, Зураб Кипшидзе түсті. Сонымен қатар фильм түсіріліміне грузиндік кинематографтың ақсақалы Вахтанг Кикабидзе атсалысты.
Ең күрделі рөл Төлепберген Байсақаловқа бұйырды. Сценарий бойынша ол бірден екі такси жүргізушіні сомдайды: тбилисилік және алматылық.
Төлепберген Байсақалов: «Таксиші Толиктің рөліне ену оңай болды, себебі кейіпкерім екі еліміздің ұқсастығын дәл бейнелейді. Бір қарағанда әртүрлі көрінсек те, бізге ортақ дүние көп»
Актер Шәріп Серік те бұл жолы өзін басқа қырынан танытты. Шаконы «аудандағы жігіт» ретінде көруге үйренген қазақстандық көрермен енді оны романтикалық кейіпкер ретінде көреді: «Менің кейіпкерім Азамат – өте тәртіпті жігіт, классикалық «анамның құрбысының ұлы боламын». Ол домбыра ойнауды жақсы көреді, жетімдер үйінде музыкалық оркестр жетекшісі, тағдыр оған қандай кездесу ұйымдастырғанынын бейхабар ол жақсы қызды кездестіруді армандайды. Бір қадам да аттауға болмайтын сюжеттік желі»
Бұл танымал қазақстандық актер Фархат Әбдірайымов түскен соңғы туынды болды. Көрерменнің сүйікті актері Тбилисидегі түсірілім кезінде аяқасты жүріп кетті. Жақында Вахтанг Константинович Кикабидзе де өмірден өтті.
«Сценарийді оқып шыққаннан кейін жігіттерге осы жобаны іске асыруға көмектесу керек екенін түсіндім. Ерекше жарқын сезім – фильмді көрген соң көрермен осындай күйге бөленеді. Кейіпкерлердің хикаясы ертегіге ұқсайды, түрлі жағдайлардың болуы адам сенгісіз, бірақ шешуге тиіс мәселелер әр адамға түсінікті әрі жақын. Меніңше, жан дүниеміздің мейірімді, жарқын жағы жайлы фильмдерді адамдар көруді қалайды», — деп қорытындылады кинотуындының бас продюсері Гаджи Гаджиев.
«Больше чем любовь» романтикалық фильмі 9 наурыздан бастап кинотеатрларда көрсетілетін болады.