Ақсу қант зауыты наурызда жұмысын жандандырады
Ақсу қант зауыты осы жылдың наурыз айында іске қосылып, 40-50 мың тонна қамыс қантын өндіруді жоспарлап отыр. Зауыт қайта жабдықталып, жаңа желілер қойылған, қазір іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш мың тонна қант құрағын әкелуге келісімшарт жасалған, оған Алажиде темір жол стансысында 7 мың тонналық қойма дайындалды. Қызылша өсіру жеткілікті көлемге жеткізілгенде, зауыт оны да өңдеуге дайын. Бұл туралы Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты. Үш сағатқа созылған кездесуде облыс басшысына 30-дан астам сауал қойылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өз баяндамасында Бейбіт Исабаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына тоқталды.
— Біз жол, ауыз сумен қамту, газдандыру сияқты маңызды мәселелерді бірінші кезекке қойып отырмыз. Өйткені бұл салалар халықтың өмір сүру сапасына, тұрмыс деңгейін жақсартуға тікелей әсер етеді, — деді Б.Исабаев.
Оның айтуынша, облыс өңірлерін табиғи газға қосу кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Өткен жылы көгілдір отынға облыстың 12 елді мекені қосылып, 8 мың адам газдың игілігін көруге мүмкіндік алды. Келесі жылдың соңына дейін Сарыөзек-Талдықорған бағыты бойынша 79 елді мекен газ құбырына қосылады, яғни 36,7 мың тұрғын немесе 12,2 мың абонент газға қол жеткізеді деген сөз. Соның нәтижесінде облыс бойынша 382,4 мың адам немесе 52,6% газбен қамтамасыз етіледі.
Жоспар бойынша 2024 жылдың 2 жартыжылдығында «Талдықорған — Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталады. Соның нәтижесінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 124 мың тұрғыны бар 66 елді мекені газға қосылады. Оның ішінде Ақсу ауданының 26 ауылы, яғни 31997 тұрғыны бар. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді, мамыр айында мемлекеттік сараптама қорытындысы шығады. Алдын ала есептеу бойынша жоба құны — 86,5 млрд. теңге. Осы жобаларды жүзеге асырғанда, 2030 жылға дейін облыс толық газдандырылады.
Халықтың жерге деген мұқтаждығын өтеу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, өткен жылы мемлекет меншігіне 128,5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылып, 650 мың гектар жайылымдық жер айналымға енгізілді. Осы жылы 220 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылады деп жоспарланып отыр, оның 216 мыңы — жайылым, 3 мыңы — егістік, 656 гектары — шабындық. Бұл жерлер заңға сәйкес конкурс негізінде айналымға енгізіледі.
Жер қатынастары саласында түйткілді мәселелер Ақсу ауданында әлі де көп. Мәселен, ауданда 500 гектардан астам ауылшаруашылық жерлерді 386 адам иеленіп отырса, соның ішінде 4 азаматтың иелігіндегі жер көлемі 5 мың гектардан асады. Қазір сол игерілмей жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, ауданда жайылымдарды басқару жоспары бекітілмеген. Жоспар бекітілген жағдайда, ауыл тұрғындарының малын жайылыммен қамтамасыз етіп, халық мұқтажын қанағаттандыруға болар еді. Және Жер кодексінің талаптарын сақтау бойынша аудандық жер комиссиясының мүшелерін оқытуды ұйымдастыру керек.
— Ақсу ауданында ирригациялық желілер мен құрылыстарды салу бағытында 2 ірі жоба іске асырылуда. Өткен жылы Қызылағаш суару массивінің құрылысы басталды, республикалық бюджеттен 7,9 млрд. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде бұрын игерілмей жатқан 5,3 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі. Ислам Даму Банкі арқылы да 6,3 млрд. теңгеге ауданның суару желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда жұмыстар тек 70 пайызға орындалған. Мердігер «Томас» ЖШС жұмыс кестесінен кешігіп жатыр, ол туралы Экология министрлігі хабардар етілген. Биыл да жұмысқа кіріспейтін болса, келісімшартты бұзамыз, — деді Б.Исабаев.
Облыс басшысы «Қазсушар» мекемесі ирригациялық желілердегі жұмыстардың барысын қатаң бақылауға алып, вегетациялық кезең басталғанға дейін шаруашылықтарды суармалы сумен толық қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.