Елордада «Күн барлығына нұрын төгеді» қайырымдылық концерті өтті

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні «Астана Опера» мен «Abaqus-daryn» білім қорының бастамасымен елордада «Күн барлығына нұрын төгеді» дәстүрлі қайырымдылық концерті өтті. Оның аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар театрдың К.Байсейітова атындағы Камералық залының сахнасына шығып, өз дарындары мен шеберліктерін паш етті.
Шараның басты мақсаты – қоғамның назарын аутизм мәселесіне аудару, ерекше балаларды қолдау және олардың шығармашылық мүмкіндіктерін көрсету. Концерт көрермендері мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғам белсенділері, қала тұрғындары мен ата-аналар болды.
– Біз үшін биылғы концерттің маңыздылығы ерекше. Себебі осы жылы біз дәстүрлі бесінші мерейтойлық бағдарламамызды ұсындық. Сонымен қатар биыл «Abaqus-daryn» білім қорымыздың ашылғанына 10 жыл толуда. Бірнеше жыл қатарынан балаларымызға өз алаңын ұсынып, олардың музыкаға деген қызығушылықтарына қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін «Астана Опера» басшылығына шын жүректен алғысымды білдіремін. Жылдағы дәстүр бойынша, Қазақстанның әр өңірінен келген ерекше қажеттіліктері бар балалар сахнада ән айтып, би билеп, музыкалық әрі шығармашылық өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл – қатардағы шара емес, ол мейірім мен қолдаудың символына айналған маңызды мәдени оқиға. «Күн барлығына нұрын төгеді» деп атауы айтып тұрғандай, әр бала махаббатқа, қолдауға және өз дарынын көрсетуге лайық, біздің концертіміздің басты идеясы да – осы, – деп атап өтті «Abaqus-daryn» білім қорының жетекшісі Дархан Әжмолдаев.

Бағдарламада өнердің сан алуан жанрлары қамтылды, оның ішінде өлең оқу, хореография, вокалдық және аспаптық нөмірлер де болды. Әсіресе Эльзара Балджы мен Ділдахан Рахматулла дуэтінің орындауындағы «Алматыда» әні, «Батыл жүрек» инклюзивті ұжымының орындауындағы «Мереке» биі көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Нұрым Нұрымбайдың фортепианода ойнаған пьессасын да атап өтпеске болмайды. Жігер Ахметқалидің орындауындағы «Lasciatemi cantare» әні және тағы басқа нөмірлер сахнаның сәнін келтіріп қана қойған жоқ, сондай-ақ бұл өнер көрсетулер осы бүлдіршіндердің қоғамның толыққанды мүшесі болуға деген талпыныстарын анық аңғартып берді.
Мұны байқаған көрермендердің ықыласы мен қошеметінде шек болмады. Әрбір ду қол шапалақ пен «Бәрекелді!» деген дауыстар балалар мен олардың ата-аналарының аутизм секілді даму ерекшелігімен күрес жолындағы күш-жігері мен шыдамдылығына көрсетілген құрметтің белгісіне айналды.
Бұдан бөлек, осы күні Камералық залдың фойесінде мүмкіндігі шектеулі балалардың өз қолымен салған суреттері мен жасаған бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Келушілер көрме жәдігерлерінде балалардың өмірге деген құштарлықтары мен махаббаттары айқын көрініс тапқанын атап өтіп жатты. Осылайша, шараның әрбір қатысушысы өзімен бірге ең жарқын естеліктер мен эмоцияларды алып кетті.



