Жан біткен көркем сурет: «Опералия» фестиваліндегі «Көрмедегі суреттер»

«Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі жас көрермендерге арналған жарқын жоба – Модест Мусоргскийдың музыкасына «Көрмедегі суреттер» хореографиялық қойылымының премьерасын таныстырады. 23 мамырда Бейбітшілік және Келісім Сарайының сахнасында маэстро Руслан Баймурзиннің басқаруымен «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі және Астана қаласының «Щелкунчик» балет өнері мектебінің дарынды әртістері өнер көрсетеді.

«Көрмедегі суреттер» сюитасында елорда тұрғындары мен қонақтарына суретші әрі сәулетші Виктор Гартман жұмыстарының галереясына музыкалық саяхат жасауға тура келеді. 10 сюжеттік пьесадан тұратын туынды композитордың жақын досының жұмыстарынан алған әсері мен эмоциясын толықтай жеткізеді. Суретшінің еңбектерінің қатарында ертегідегі «Мыстан кемпір», айбынды «Батыр қақпасы», беймаза «Ергежейлі», құпияға толы «Ескі қамал», қарбалас «Лимож базары» және тағы басқалары бар.

– Бұл туынды – өнердің бірігуінің нақты мысалдарының бірі. Көркем бейнелерді дыбыстық ортада жандандыру, бірақ сонымен бірге нақты бағдарламалық логиканы сақтау Мусоргскийдың қолынан келді. Мұнда тақырыптардың қайталануына ерекше назар аударылған: «Серуендер» тақырып-интермедиясы түрлі сюжеттердің басын біріктіретін рондо-сюита формасы экспозицияға шынайы бойлағандай, бір суреттен екінші суретке ауысқандай әсер туғызады, – деп әңгімеледі «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин. – Мусоргский қолданған жаңашыл музыка тілі тұтас музыканың әрі қарай дамуына ықпалын тигізді. Суреттердің арғы жағында терең психологизм, яғни өмір жайлы халықтық ерекшелік пен қиссалар рухы тұнған философиялық ойтолғам жасырулы тұрғанын көрсету біз үшін маңызды. Музыка сол жердің атмосферасы мен кейіпкерлердің мінезін жеткізеді. Қойылымымызда біз осы нәзік күйді баяндауға тырысамыз, – деп пікірін қосты дирижер.

Сахнада көркем бейнелерді «Щелкунчик» мектебінің жас әртістері жүзеге асырады. Жауапты премьералық өнер көрсетуге тәрбиеленушілерді ұжым жетекшісі Майя Амеличева дайындауда. Оның айтуынша, бұл жоба әу баста өнер диалогы ретінде құрылған екен. Музыка суретшінің картиналарынан туындайды, ал қойылымда бұл диалог би тілі арқылы жалғасады. Тұжырымдама негізінде «жан біткен суреттер» идеясы жатыр. – Біз музыканы дәлме-дәл суреттемейміз, есесіне әрбір бейненің ішкі мазмұнын жеткізуге тырысамыз, оны мінез, көңіл күй мен ішкі жағдай сынды қабылдау драматургиясы арқылы ашамыз. Қойылым көз алдындағыны тамашалауды үйреніп жатқан баланың айналасында өрбиді. Зейін шашыраңқы қазіргі заманда біз саналы түрде «сәт тоқтату» жағдайын жасаймыз: мұнда қыз бала суреттердің жанынан жай өтіп кетпейді, ол әр туындыға зер салып қарап, олармен тілдеседі және соңында көркем кеңістіктің ішіне енеді. Осылайша, «Көрмедегі суреттер» нөмірлер тізбегіне ғана емес, үстірт көзқарастан мағыналы толғанысқа ұласатын ішкі жан дүние саяхатына айналады. «Ергежейлі», «Ескі қамал», «Тюильри», «Балапандар», «Мыстан кемпір», «Лимож базары», «Үңгірлер» сынды әрбір бейне көрнекі немесе музыкалық естелік болып қана қоймайды, ол кейіпкер бастан кешіретін қорқыныш, қызығушылық, жанашырлық, қуаныш, үрей және ең соңында тағдырды қабылдау сынды ішкі күйлер тізбегіне айналады, – деп пікірімен бөлісті Майя Амеличева. – Мұнда Суретші тұлғасына ерекше орын берілген: ол нақты кейіпкер ретінде емес, бейнелер мен мағыналар әлеміне жетелеуші ретінде бой көрсетеді. Ол қызды сыртқы қабылдау деңгейінен ішкі түйсіну әлеміне жетелейді, осылайша өнер тілі үнсіз, бірақ анағұрлым нақты әрі терең бола түседі. Бұл үшін біздің балалар әуелі көруді үйренеді: сурет астарында не жатқанын, оның ырғағын, ішкі күйі мен динамикасын түсінеді, содан кейін ғана сол бейнені қозғалысқа айналдырады. Біз үшін бұл жай өнер көрсету ғана емес, сонымен бірге бұл әртістердің кәсіби шыңдалу жолындағы маңызды кезең болып табылады: балалар күрделі музыкалық материалмен және толыққанды драматургиямен жұмыс істей отырып, үлкен сахнаға шығады.

Майя Амеличева атап өткендей, бұл жобаның ұжым үшін орны ерекше: оның құрылымы күрделі, мазмұны терең, сондықтан ол жас орындаушылардан мүлдем бөлек ішкі жинақылық пен жоғары сахналық мәдениетті талап етеді. – Біздің шәкірттеріміз «Көрмедегі суреттер» жобасына шақырылған әртістер ретінде қатысып, авторлық балет қойылымын ұсынады. Мектебіміздің оқушыларымен бірге біз классикалық музыканың маңызды туындыларын жүйелі түрде жүзеге асырамыз, – дейді ұстаз классикалық бағыттағы балалар репертуарын байыту үшін төл хореография жасаудың маңыздылығын тағы бір мәрте атап көрсете отырып. – Сонымен қатар біз күрделі музыкалық материалды игеруге бел буып, онымен кәсіби деңгейде ұқыптылықпен жұмыс істейміз, көркемдік мән-мағынасын жеңілдетпестен оны балалардың орындауына арнап лайықтаймыз. Спектакльге дайындық жазда басталып, концерттермен және өнер көрсетулермен бірге бүкіл оқу жылы бойы жалғасуда. Бұл барлық топтың, атап айтқанда ұстаздардың, балалар мен музыканттардың зор әрі табанды еңбегінің жемісі. Мұнда ойға алған істің жүзеге асырылуы үшін жауапкершілік сезімі мен тебіреніс бар, – деп пікірімен бөлісті мектеп жетекшісі.

– Қазақстандық өнердің көшбасшысы – «Астана Опера» театрымен әріптестігіміз бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бұл сахнада балаларымыз «Жануарлар карнавалы» мен «Көне рояль құпиясы» сынды жобаларда ойдағыдай өнер көрсеткен еді. Оның алдындағы табысты жұмысымыздың арқасында біз бұл жолы да «Астана Опера» театрының кәсіби қолдауына ие болдық. Туындының репертуарға енгізілгені әрі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалатыны көңілге қуаныш ұялатады. Оның сахнада толыққанды өмір сүруі үшін біздің топ бар күшін салуда. Классикалық музыка бала үшін түсінікті әрі жақын бола түскені біз үшін маңызды. Көрермен залдан әсер алып қана шықпайды, ол көру, тыңдау және түсінудің жаңа тәсіліне ие болады. Өскелең ұрпақтың классикалық өнер әлеміне терең әрі ұқыпты бойлауы осы жобаның құндылығын паш етеді, – деп қорытындылады Майя Амеличева.

Сахналық безендіруде нейрожелінің қолданылуы, заманауи көрнекі қатар қойылымның айқындылығын атап көрсетеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында технологияларды пайдалану концерттің көркемдік бейнелерін жаңаша түсіндіруге көмектеседі, ал сценографиядағы инновация көрмеге музыкалық саяхатты одан сайын қызықты ете түседі.