Бал, апитерапия, туризм: Жетісуда омарташылықтың жаңа бағыты дамып келеді

Жетісу облысында заманауи әрі экспортқа бағытталған омарташылық кешенде табиғи өнімнің 21 түрі өндірілуде, оның өндірістік қуаттылығын сағатына 1,5 мың банкаға дейін арттыру мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта кәсіпкерлер таулы табиғи ортаның бірегей үйлесімі мен омарташылық кешеннің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, апитерапия мен сауықтыру туризмін дамытуды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгінде Жетісу облысында 11 мыңнан астам ара ұясы бар. Омарта шаруашылығы әсіресе табиғи жағдайлары қолайлы Көксу, Панфилов, Алакөл аудандарында қарқынды дамып келеді. Енді бұл бағыт Текелі қаласында да белсенді түрде өркендейтін болады.

«Kausar Shifa kz» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Сұңғат Райымбектің айтуынша, Текелінің тау бөктеріндегі омартада 300-ге жуық ара ұясы орналасқан. Омарта жанында бал жиналғаннан кейін оның қасиеттерін зерттейтін жеке зертхана да бар. Одан кейін шикізат компанияның Талдықорғандағы өндірістік цехына жөнелтіледі. Мұнда жиналған бал өңделіп, табиғи өсімдік сығындыларымен араластырылады. Соның нәтижесінде дәмді әрі пайдалы өнім алынады. Осылайша, кәсіпкерлер өндірістің толық циклін іске қосты.

– Текелі тауларының өсімдік жамылғысы өте бай. Сондықтан біз осы аумақта дәрілік шөптерді, гүлдерді, жеміс-жидектерді жинаймыз. Бал мен жемісті шөп қоспасын болашақ өнімдерімізге шикізат ретінде пайдаланамыз. Бал шыны банкаларға құйылып, құрамындағы ылғалды толық шығару үшін белгілі бір уақыт тұндырылады. Өсімдік қоспасы қажетсіз элементтерден аппарат арқылы тазартылады. Одан кейін барлығы дистилляция аппаратына түсіп, соның нәтижесінде таза гидролат пен эфир майы алынады. Кейін ара балы мен алынған өсімдік компоненттері біріктіріледі, – дейді технологиялық үдерісті таныстырған Сұңғат Райымбек.

Өңдеуден кейін дайын өнім салмағы 200 грамм болатын шыны ыдыстарға құйылады. Осы мақсатта цехта шағын және үлкен көлемге арналған екі желі орнатылған. Қазіргі таңда олардың шағын көлемге арналған желісі жұмыс істеп тұр. Компания басшысының айтуынша, өндіріс қуатын сағатына 1,5 мың банка өнім шығаруға жеткізуге мүмкіндік бар. Былтырдан бері мұнда 600 келі бал өндірілді. Ал қазіргі уақытта компания табиғи өнімнің 21 түрін шығарады.

– Мысалы, банкадағы таңбада «Хош иісті шөп» деп көрсетілсе, балдың бұл түрі табиғи өт айдайтын және зәр айдайтын құрал ретінде, «Зизифора» – инфаркт пен инсульттің кешенді терапиясы мен алдын алуға арналған құрал ретінде, ал «Иссоп» антисептикалық және қабынуға қарсы әсері бар өнім ретінде ұсынылады. Бұл ретте аталған өнімнің дәрі емес, ағзадағы пайдалы заттардың тапшылығын толықтыруға және оның қорғаныс күштерін қолдауға арналған табиғи нығайтушы өнім екенін ескеру қажет. Оны кәдімгі шайға күніне 1-2 рет қана қосып ішу керек, – деп атап өтті С. Райымбек.

Қазіргі таңда кәсіпорында 25 адам жұмыс істейді. Солардың бірі – омарташы Ақан Жұматаев. Араларға күтім жасау оның күнделікті жұмысы ғана емес, сүйікті әрі қызықты іс.

– Текелі тауларының климаты араларға өте қолайлы. Мұнда өсімдіктердің алуан түрі болғандықтан, ара үйірі тез өседі. Өзім ара үйірінің жағдайын үнемі бақылап, оларды түрлі аурулардан қорғаймын. Көктемнен күзге дейін тұрақты әрі дұрыс күтімнің арқасында балды үш рет жинаймыз. Аралардан көп нәрсе үйренуге болады. Олар өте еңбекқор әрі тындырымды. Мысалы, бір келі бал жинау үшін аралар шамамен 4 миллион гүлге қонып, мыңдаған шақырым ұшады дейді. Бұл – орасан зор еңбек, – дейді омарташы.

Сұңғат Хайроллаұлының айтуынша, компанияның ұзақ мерзімді жоспарында ара ұяларының санын көбейтіп, өндірісті кеңейту көзделген. Сондай-ақ кәсіпорын халықаралық деңгейге шығуды жоспарлап отыр.

– Биыл мамыр айында Қытайда өткен халықаралық көрмеге қатысып, өз өнімдерімізді таныстырдық. Қазіргі уақытта Қытай нарығына шығу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеп жатырмыз. Малайзиядан да өнімдерімізге қызығушылық танытты. Сондай-ақ апитерапия мен сауықтыру туризмін дамытуға көңіл бөлсек дейміз. Табиғи ортаның ерекшеліктері мен омарташылық кешеннің мүмкіндіктерін ұштастыру арқылы болашақта Жетісу облысында жаңа туристік және сауықтыру қызметтерін қалыптастыруға болады деп ойлаймын, – деді кәсіпкер.

Атап өтсек, мемлекет омарташылықты әртүрлі қаржыландыру тетіктері арқылы қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бес жоба мақұлданып, оларды жүзеге асыруға 36,6 млн теңге бөлінді. Ал болашақта қаржылай қолдау көрсетілетін тағы екі жоба қаралу үстінде. Осылайша, өңірде табиғи бал және ара шаруашылығының басқа да өнімдерін өндіруге бағытталған омарташылық саласы табысты дамып келеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов