«Қазақ вальсі» ырғағындағы кеш

«Астана Опера» Латиф Хамидидің 120 жылдығын атап өтті: 18 маусымда К.Байсейітова атындағы Камералық залда Қазақстанның көрнекті композиторы, халық әртісі Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толуына арналған «Бірегей тұлға» концерті үлкен табыспен өткізілді. «Өнер тарландары» топтамасы мен «Опералия» халықаралық фестивалі аясында ұйымдастырылған музыкалық кеш ұлттық өнердің шынайы жанкүйерлерінің басын қосты.

Л.Хамидидің музыкасы тыңдаушылар үшін оның талантының байлығы мен жан-жақтылығының көрінісіндей болды. Осы кеште көрермен қауымға опера солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Қапонова, Мәдина Исламова, сондай-ақ Лейла Аламанова, Артур Ғабдиев, Болат Есімханов, Сұлтан Бақытжан және Марьям Галиева өнер көрсетті.

Композитордың аспаптық шығармаларын Әсет Нелдібаев (фагот), жас гобойшы Индира Игілікова (ұстазы Д.Махпирова), домбырашы Төлеген Нұрхан (ұстазы Гүлперизат Ұлтарақова), сондай-ақ Қ.Жұмакенов атындағы флейташылар ансамблі (көркемдік жетекшісі – Жібек Сапарғалиева) және «Таң» татар-башқұрт орталығынан Марьям Галиева мен Равиль Галкеевтің (баян) дуэті орындады. Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова орындады, ол сондай-ақ көпшілікке Л.Хамидидің әйгілі фортепианоға арналған 10 күйінен бірнеше күй ұсынды.

Кеш бағдарламасы аясында шебердің шығармашылық мұрасының ең үздігі орындалды. Зал «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұлды» зор ықыласпен қабылдады. Айзада Қапонова тыңдаушыларға «Жайлауым бақша жайнаған» лирикалық әнін, ал Марьям Галиева «Алғашқы вальс» әнін сыйласа, Жаннат Бақтай «Жазғы таңда» әнін тебіренте орындады. Бір кездері ұлттық музыка үшін батыл қадам саналған бұл туындылар бүгінде әуен мен талғамның эталоны ретінде өз орнын алды. Кештің тағы бір ерекшелігі Абай сөзіне жазылған әндер еді. Сонымен қатар, көрерменге Л.Хамиди жасаған А.Жұбановтың шығармаларының өңделген нұсқалары ұсынылды. Оны опера труппасының солистері орындап шықты. Музыкалық иірімдерге қарап, «Абай» монументалды операсын бірге шығарған қос шебердің қаншалықты тығыз байланыста болғандығына көз жеткіздік.

Естеріңізге сала кетейік, Латиф Хамиди 1906 жылы 17 шілдеде Қазан губерниясының (қазіргі Татарстан) Бували ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Музыкалық қабілетін ерте танытып, Ташкент ағарту институтында және Мәскеу консерваториясы жанындағы татар опера студиясында тәлім алды. Дәстүрлі музыканы терең зерттеуге деген ұмтылыс оны 1933 жылы Алматыға жетелеп келді. Мұнда ол халық әндерін жазып, өңдей бастайды.

Оның қазақ мәдениетін дамытуға қосқан үлесі шын мәнінде орасан. Халық арасында «Қазақ вальсінің патшасы» атанған Л.Хамиди еліміздің кәсіби композиторлық мектебінің бастауында тұр. Ол өзінің шығармаларымен домбыраны виртуозды аспап дәрежесіне көтере алды, ал оның көп дауысты хор гармониялары халық ырғақ-иірімдерін академиялық дыбыспен органикалық түрде үйлестіре отырып, жаңашылдыққа айналды.

Кеш соңында көрермен қауым әртістерді сахнадан ұзақ уақыт жібермей, шын жүректен қошеметін білдіріп жатты. Бұл Латиф Хамидидің шығармашылығы, оның вальстары, әндері, аспаптық шығармалары бүгінгі күнге дейін өз маңызын сақтап қалғанының айғағы болса керек.

– Ұйымдастырушыларға кеш үшін алғысымды білдіремін, содан кейін бізде осындай шығармалар бар екендігімен мақтанғым келеді және әр жолы классиканы қайта-қайта тыңдағым келіп тұрады, – деп түйді ойын көрермен Чулпан Юнусова.