Домбыра – ұлттық үннің құралы, рухтың мазмұны

Жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Бұл – тек мерекелік дата емес, халқымыздың сан ғасырлық рухани мұрасына тағзым ететін, ұлттық болмысымызды ұлықтайтын ерекше күн. Айтулы датаға орай Алматы ОКЖ қарасты №39 балалар кітапханасында «Күмбірле, күміс домбыра» атты тағылымдық-танымдық кездесу өтті.

Кездесуге «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының директоры Меруерт Мәулетқызы, ақын, сазгер, Алматы облысының бас биі, бірлестік жанашыры Камнұр Тәлімұлы мен ҚР мемлекеттік күзет қызметі айрықша мақсаттағы 0111 әскери бөлімі «Батыр президенттік полкінің» 1 санатты маманы Салимбаева Лиза Еділқызы бастаған сарбаздар қатысты.

 Іс-шараның ашылуында Ұлттық домбыра күнінің мәні мен маңызы туралы қысқаша ақпарат беріледі. Домбыра қазақ халқының ұлттық құндылығы, рухани мұрасы және ұлттың бірлігі мен сабақтастығының символы ретінде таныстырылды.

Осы құндылықтарды негізге ала отырып, кездесу модераторы М.Мәулетқызы Бірлестіктің қызметі, мақсат-міндеттері мен қоғамдағы рөлін қоғамда жанашырлық, өзара қолдау, мейірімділік, еріктілік мәдениеті мен әлеуметтік жауапкершілікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен сарапалап таныстырды. Ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қағидаларының өзара сабақтастығы турасында сөз алған Камгұр Тәлімұлы домьыраны дәріптеу жайлы жеткізе айтып берді.

– Домбыра – қазақтың өмірімен бірге жасап келе жатқан қасиетті аспап. Оның қос ішегінен төгілген күй – халқымыздың шежіресі, тарихы, қуанышы мен мұңы, ерлігі мен елдігі. Жазба тарих сақталмаған кезеңдерде де домбыра үнінде халықтың тағдыры, дүниетанымы мен өмірлік тәжірибесі көрініс тапты. Сондықтан қазақ үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттың рухани жадын сақтаған құндылық. Бүгінгі таңда «ұлттық бренд» ұғымы жиі айтылады. Бренд – белгілі бір халықты немесе мемлекетті өзгелерге танытатын ерекше белгі. Осы тұрғыдан алғанда, домбыра – қазақтың ең танымал ұлттық брендтерінің бірі. Әлемнің қай түкпірінде болмасын домбыраның үні естілсе, ол қазақ халқының мәдениеті мен рухани әлемін танытады.  Алайда домбыраны тек бренд ретінде қабылдау жеткіліксіз. Оның шынайы құндылығы – ұлттық болмысты сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруында. Домбыра арқылы халқымыздың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, елдік мұраты, туған жерге сүйіспеншілігі мен адамгершілік құндылықтары насихатталады. Сондықтан домбыраны дәріптеу – ұлттық болмысты нығайту деген сөз, – деген Камнұр Тәлімұлы сөзін әсем әнмен әдіптеп берді.

Іс-шара  барысында сарбаздар арасынан да өнерлі жастар табылып, күй шертіп,  танымдық көкжиегін байқатты.

Кездесу соңында ел бірлігін сақтауда  қоғамда жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға әр азаматтың қосар үлесі туралы  пікір білдірген ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс айтып, сый-құрмет көрсетті.

М.МАУЛИНА,

журналист