Алматыда Yutong электр автобусы таныстырылып, Nomad Bus демонстрациялық алаңы ашылды

Screenshot
Алматыда Yutong Bus компаниясы QazTehna-мен бірлесіп жаңа буын қоғамдық көлігі Yutong ZK6126BEVG электр автобусын таныстырып, Nomad Bus демонстрациялық алаңының ресми ашылу рәсімін өткізді. Іс-шараға автобус парктерінің басшылары, көлік саласының сарапшылары, серіктестер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстанда экологиялық таза қоғамдық көлікті дамытуға арналған заманауи технологияларды таныстыру және электр көлігін пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту болды.
Шара барысында Yutong компаниясының Қазақстандағы директоры Володя компанияның еліміздегі қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, электрлі қоғамдық көлікті дамытудағы ұзақ мерзімді жоспарлары туралы айтты. Оның айтуынша, Yutong жергілікті серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстан қалаларында экологиялық таза көлікті енгізуді қолдауды жалғастырады.
Nomad Bus компаниясының өкілі Ербол Әбілов өз сөзінде компанияның қызметі туралы айтып, Yutong-пен әріптестік Қазақстандағы қоғамдық көлікті жаңғыртуға және қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Іс-шара аясында Yutong компаниясының Қазақстандағы менеджері жаңа Yutong ZK6126BEVG электр автобусын таныстырып, оның техникалық сипаттамалары, пайдалану тиімділігі мен негізгі артықшылықтары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Салтанатты рәсім барысында жаңа автобус кілті табысталып, Nomad Bus демонстрациялық алаңының ашылуына арналған дәстүрлі лента қию рәсімі өтті.

Қонақтар Yutong ZK6126BEVG электр автобусын және оған арналған зарядтау инфрақұрылымын өз көздерімен көріп, техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Мамандар автобус пен қуаттау станциясының жұмыс принциптері туралы түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Экожүйе, технология және сенім: Yutong-тың Қазақстанмен серіктестігі қалай дамып келеді
Yutong ZK6126BEVG – қалалық бағыттарға арналған заманауи электр автобусы. Оның ұзындығы 12,17 метрді құрайды және 30 жолаушыға арналған отыратын орынмен жабдықталған. Автобус 399,92 немесе 434,93 кВт·сағ сыйымдылықтағы батареямен жабдықталады. Электр қозғалтқышының ең жоғары қуаты 350 кВт болса, ең жоғары айналу моменті 3200 Н·м-ге жетеді. Автобустың ең жоғары жылдамдығы сағатына 70 шақырымды құрайды.

Жаңа модель жоғары сыйымдылықтағы аккумулятор жүйесінің арқасында күнделікті тұрақты пайдалануға бейімделген. Сонымен қатар, жоғары қуатты электр жетегі, қалалық жағдайда тиімді маневр жасау мүмкіндігі, жолаушылар үшін жайлылық пен қауіпсіздік деңгейінің жоғары болуы оның басты артықшылықтарының бірі саналады.
Электр автобусы атмосфераға зиянды шығарындылар шығармайды және шу деңгейінің төмендігімен ерекшеленеді. Бұл оны қалалық қоғамдық көлікті экологиялық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған тиімді шешімдердің біріне айналдырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Yutong Bus пен QazTehna Қазақстанда экологиялық таза қоғамдық көлікті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастырып, заманауи электр автобустарын енгізу мен зарядтау инфрақұрылымын дамытуға басымдық береді.
Айта кету керек, таныстырылған Yutong ZK6126BEVG электр автобустары бүгінде Алматы көшелерінде жолаушыларға қызмет көрсетіп жүр. Биыл маусым айынан бастап Nomad Bus компаниясы қызмет көрсететін №134 және №140 жаңа қалалық бағыттарына дәл осы 12 метрлік төмен еденді электр автобустар шығарылды. Күн сайын желіге 23 Yutong электр автобусы шығып, тұрғындарға қауіпсіз, жайлы әрі экологиялық таза көлік қызметін ұсынуда. Жоба тасымалдаушы компанияның жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылды.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, жаңа техниканың мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.




