Экожүйе, технология және сенім: Yutong-тың Қазақстанмен серіктестігі қалай дамып келеді

Қытайдың Чжэнчжоу қаласында әлемдік автобус өндірісінің көшбасшыларының бірі саналатын Yutong Bus Co., Ltd. компаниясы ұйымдастырған «Yutong құндылықтарын іздеу сапары» атты ауқымды брендтік іс-шара өтті. Орталық Азия елдері мен Моңғолиядан келген 200-ге жуық БАҚ өкілдері, серіктестер мен клиенттер қатысқан бұл шара компанияның технологиялық әлеуетін, өндірістік мүмкіндіктерін және аймақпен, әсіресе Қазақстанмен ынтымақтастығын жаңа қырынан таныстырды.
Бұл сапар тек өндірісті көрсетуге бағытталған тур емес, керісінше, Yutong-тың ұзақмерзімді стратегиясын, оның ішінде «жасыл көлік», локализация және өңірлік әріптестік бағыттарын терең түсіндіретін кешенді диалог алаңына айналды.
Қонақтар алдымен компанияның бренд тәжірибе орталығында болды. Мұнда Yutong-тың инновациялық даму тарихы, жаңа энергетика саласындағы жетістіктері және әлемдік нарықтағы орны таныстырылды. Компания бүгінде жаңа энергия көздеріне негізделген автобустар сегментінде жаһандық көшбасшылардың бірі саналады. Жалпы сатылған электр және гибридті автобустар саны 210 мыңнан асқан.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Yutong 49 518 автобус сатқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,54%-ға артық. Ал экспорт көлемі 17 149 бірлікке жетіп, 22,49%-ға өскен. Компания өнімдері бүгінде 100-ден астам елде қолданылады, ал әлемдік нарықтағы үлесі 10%-дан асады.

Қатысушылар өндіріс орындарын, соның ішінде жаңа энергия автобустарын шығаратын зауытты аралап көрді. Интеллектуалды өндіріс, автоматтандырылған желілер, сапаны қатаң бақылау жүйесі – мұның бәрі Yutong өнімдерінің сенімділігі мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ететін негізгі факторлар ретінде көрсетілді.
Зерттеу және сынақ орталықтарында компанияның инженерлік қуаты ерекше әсер қалдырды. Мұнда әрбір автобус күрделі климаттық, механикалық және қауіпсіздік сынақтарынан өтеді.
Іс-шара барысында Yutong басшылығы Орталық Азияны компанияның жаһандық даму стратегиясындағы негізгі өңірлердің бірі ретінде атап өтті. Бүгінде бұл аймаққа 13 мыңнан астам автобус жеткізілген. Соның ішінде Қазақстанға 10 мыңнан астам техника экспортталған, бұл елді Yutong үшін ең ірі нарыққа айналдырады.
Компанияның Орталық Азиядағы қызметі тек жеткізіліммен шектелмейді. Аймақта 56 сервис станциясы, 10 мобильді техникалық топ, қосалқы бөлшектердің бірнеше қоймасы және ондаған маман тұрақты жұмыс істейді.

Yutong Bus-тың Орталық Азия бойынша бас директоры Ли Хайфэн:
«Біз әрдайым клиенттер үшін құндылық жасау қағидасын ұстанамыз. Орталық Азия елдерімен бірге жұмыс істей отырып, біз тек өнім ұсынып қоймай, өңір тұрғындары үшін қауіпсіз, экологиялық және тиімді қоғамдық көлік жүйесін дамытуға үлес қосамыз»
Іс-шарада Қазақстанмен ынтымақтастық ерекше назарда болды. Компания бұл елді Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық серіктес ретінде қарастырады.
Yutong Қазақстан нарығына 2005 жылы кіргеннен бері елдегі ең кең таралған қытайлық автобус брендіне айналды. Бүгінде республикадағы орта және ірі автобус сегментінде Yutong техникасының үлесі жоғары.
Ынтымақтастықтың ең маңызды кезеңдерінің бірі – Қарағанды облысында орналасқан QazTehna зауытының іске қосылуы. 2021 жылы ашылған бұл кәсіпорын жылына 1000 автобус және 200 арнайы техника шығаруға қауқарлы. Мұнда дәнекерлеу, бояу, құрастыру және сынақ процестері толық цикл бойынша жүзеге асырылады.

Бұл жоба тек өндірістік емес, әлеуметтік маңызға да ие. Зауыт жергілікті кадрларды даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның машина жасау саласын дамытуға үлес қосып отыр. Компания деректеріне сәйкес, бұл ынтымақтастық жыл сайын 2 миллионнан астам адамға көлік қолжетімділігін қамтамасыз етіп, 5000-нан астам жанама жұмыс орнын құруға ықпал етеді.
Қазақстан бойынша Yutong менеджері Мяо Юань:
«Yutong тек автобустар сатумен айналыспайды. Біз клиенттермен бірге қоғамдық көлік индустриясының толыққанды экожүйесін қалыптастырамыз. Технология, өнім, өндіріс, сервис және ESG бағыттары бойынша құрылған бұл модель бізді өзгелерден ерекшелейді»
Қазақстанның күрделі климаттық жағдайлары – Yutong үшін басты сынақтардың бірі. Қыста температура -40°C-қа дейін төмендейтін аймақтарда автобустардың сенімді жұмыс істеуі ерекше маңызды.
Осыған байланысты компания арнайы технологиялық шешімдер әзірлеген: аккумуляторды алдын ала жылыту жүйесі, тәуелсіз су жылыту жүйесі және кузовтың қосымша жылу оқшаулауы. Бұл шешімдер электр автобустарының да экстремалды жағдайда тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Мысалы, 2024 жылы Астанада өткен сынақ барысында Yutong E18PRO электр автобусы -25°C температурада 16 сағат ішінде 374 км жүріп өтті.
Yutong жаңа энергия автобустарының экологиялық әсеріне ерекше мән береді. Компания есептеуінше, әлем бойынша олардың электр автобустары 28,7 миллион тонна көмірқышқыл газының бөлінуін болдырмаған. Бұл 140 мың гектар орман отырғызумен тең.
Компания «Бір автобус – бір ағаш» қағидасына негізделген «нөлдік көміртекті орман» бағдарламасын іске асырып келеді.
Қазақстанда да бұл бастамаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұған қоса, Алматыда «Жасыл көлік апталығы» сияқты экологиялық акциялар ұйымдастырылып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениет насихатталуда.
Yutong дизельді, газбен жүретін, гибридті және толық электрлі автобустарды қамтитын кең өнім желісіне ие. Бұл әр елдің инфрақұрылымы мен энергия ресурстарына бейімделген шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Компанияның негізгі технологиялық артықшылықтары:
– «көлік пен батареяның тең өмір циклі» концепциясы (15 жыл немесе 1,5 млн км);
– тиімділігі 98%-ға дейін жететін электр қозғалтқыштары;
– жетілдірілген жылу басқару жүйесі;
– азотпен қорғалған батарея қауіпсіздігі;
– 1300°C температураға төзімді қорғаныс жүйесі.
Қазақстанда Yutong толыққанды сервистік инфрақұрылым қалыптастырған. Оған жеке сервис орталығы, ондаған авторизацияланған станциялар, қосалқы бөлшектер қоймалары және мобильді техникалық топтар кіреді.
Компания «тікелей қызмет көрсету» моделін қолданады, яғни мамандар тікелей клиентпен жұмыс істейді. Бұл жылдам әрекет етуге және мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.
Yutong Bus Co., Ltd. үшін технология мен өндіріс қаншалықты маңызды болса, адам капиталы да соншалықты стратегиялық рөл атқарады. Компания бүгінде шамамен 30 000 қызметкерді біріктіретін ірі индустриялық экожүйеге айналған.
Yutong-та кадр тұрақтылығы ерекше назар аударарлық. Компанияда ондаған жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер аз емес, тіпті кейбір отбасыларда бірнеше буын осы кәсіпорында еңбек етеді. Бұл Yutong-тың тек жұмыс орны ғана емес, кәсіби дәстүр қалыптасқан орта екенін көрсетеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, ең тәжірибелі қызметкерлердің бірі 70 жастан асқан. Зейнет жасына қарамастан, ол өндірісте белсенді жұмысын жалғастырып, жас мамандарға тәлімгерлік етеді. Мұндай тәжірибе сабақтастығы Yutong-тың өндірістік мәдениетінің маңызды бөлігіне айналған.
Сонымен қатар, компания жас кадрларды тартуға да жүйелі түрде инвестиция салады. Арнайы білім беру бағдарламалары арқылы Yutong университеттер мен техникалық оқу орындарымен әріптестік орнатып, болашақ мамандарды ерте кезеңнен дайындайды. Бұл модель студенттерге нақты өндірістік тәжірибе алуға мүмкіндік берсе, компанияға білікті кадрлар легін қамтамасыз етеді.
Осындай тәсілдің нәтижесінде Yutong тек технологиялық тұрғыдан емес, кадрлық әлеует жағынан да тұрақты дамып келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы локализация жобаларына да оң әсерін тигізуде. Мәселен, QazTehna зауытында да жергілікті мамандарды даярлау мен тәжірибе алмасу жүйесі осы қағидаттар негізінде жүзеге асырылып отыр.

«Yutong құндылықтарын іздеу сапары» тек өткен жетістіктерді көрсету емес, болашаққа бағытталған нақты жоспарларды да айқындады.
Компания Орталық Азияда, әсіресе Қазақстанда инвестиция көлемін арттыруды, локализация деңгейін кеңейтуді, электр көліктерін дамыту жобаларын күшейтуді және ESG бастамаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Іс-шара қорытындысында бірнеше жаңа келісімдер жасалып, ұзақмерзімді әріптестік одан әрі нығая түсті.
Чжэнчжоуда өткен бұл шара Yutong-тың Орталық Азиямен байланысы кездейсоқ емес, жүйелі әрі стратегиялық сипатқа ие екенін көрсетті.
Қазақстан бұл серіктестіктің жүрегіне айналып отыр: мұнда өндіріс бар, нарық бар, тәжірибе бар. Ең бастысы – ортақ мақсат бар: экологиялық таза, тиімді және қолжетімді қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыру.
Yutong үшін бұл тек бизнес емес, ұзақмерзімді сенімге негізделген серіктестік. Ал Қазақстан үшін – жаңа технологиялар мен индустриялық дамудың тағы бір мүмкіндігі.
Ғазиза Ұзақ
Чжэнчжоу қаласы








