Еліміздің үш жетекші театры жаңа маусымын ашады

«Астана Балет», «Астана Опера» және Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында жақында жаңа маусым басталады. Биыл көрерменге ұлттық репертуардағы туындылар, гастроль аясындағы қойылымдар және қазақ әдебиетінің классикасы негізінде сахналанған балет премьерасы ұсынылады.
Жаңа маусымды алғаш болып «Астана Балет» театры бастайды. 28 және 29 тамызда театр сахнасында Корей ұлттық балеті Адольф Аданның музыкасына қойылған «Корсар» спектаклі көрсетіледі. Қойылымның хореографы – Сон Чжонбин.
XIV маусым ашылғаннан кейін «Астана Балет» труппасы Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін танытатын хореографиялық миниатюралар бағдарламасымен Вьетнам мен Францияда өнер көрсетеді. Австриядағы гастроль аясында әртістер Вена сахнасында «Blind Forgiveness» және «Қос кілем» балеттерін ұсынады. Алдағы маусымда екі актілі жаңа балет сахналанып, симфониялық концерттер мен түрлі шығармашылық жобалар ұйымдастырылады.
«Астана Опера» XIV театр маусымын 4 және 5 қыркүйекте Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Мұхтар Әуезов либреттосына жазылған «Абай» операсымен ашады. Қойылым композиторлардың туғанына 120 жыл толуына орай сахналанады. Спектакль дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев.
Маусым барысында театрда бірнеше премьера өтеді. Олардың қатарында Кирилл Радевтің хореографиясындағы «Чарли и Ирэн», Сұлтанбек Ғұмар сахналаған «Томирис» балеттері және режиссер Еренбақ Тойкеновтің балаларға арналған «Арман» музыкалық спектаклі бар. Сонымен қатар «Астана Опера» сахнасында Мемлекеттік ұлт театры Антон Чеховтің «Ваня ағай» және Жан-Батист Мольердің «Тартюф» спектакльдерін қояды. Театрдың балет труппасы Италияда «Жизель» және «Щелкунчик» қойылымдарымен өнер көрсетеді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын 12 және 13 қыркүйекте «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен ашады. Қойылым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісімен сахналанып, шығарма алғаш рет балет өнері арқылы көрерменге жол тартады.
Жаңа қойылым тарихи өзгерістер тұсындағы адам тағдырын суреттейді. Балетте махаббат пен ана мейірімі, адам таңдауы мен рухтың беріктігі секілді тақырыптар көрініс табады. Арал өңірінің мәселесі де айрықша орын алған. Тартылған теңіз бен қаңыраған мекен арқылы кейіпкерлер тағдыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің қасіреті бейнеленеді.
Балеттің музыкасын Аружан Октябрь жазған. Хореограф-қоюшы – Аршак Галумян, либретто авторы – Шынар Омарова, дирижер-қоюшы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусинов. Премьера отандық балет өнерінің көрнекті шеберлері Людмила Рудакова мен Эдуард Мәлбековтің рухына арналады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі



