Мектептердегі ас блогының жаңа оқу жылына дайындығы

Бүгінгі таңда мектеп асханаларының жаңа оқу жылына дайындығы, санитариялық талаптардың сақталуы және оқушыларды қауіпсіз әрі сапалы тамақтандыру мәселесі аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Ең басты талап – мектеп асханаларында балалардың денсаулығына қауіп төндірмейтін, сапалы және қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету. Осыған байланысты оқу жылы басталар алдында асханалардың дайындығына, ас блогының санитариялық жағдайына, қажетті жабдықтардың жарамдылығына, сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар, тағам өнімдерін қабылдау және сақтау талаптарының сақталуы, олардың жарамдылық мерзімі мен сапасы, дайын тағамды әзірлеу және тарату технологиясы бақылауда болуы тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – асханалардағы тазалық пен тәртіп. Ас дайындайтын және тамақтанатын орындарда тазалық жұмыстары уақытылы жүргізіліп, ыдыстарды жуу, дезинфекциялау және сақтау талаптары сақталуы қажет.
Мектеп асханасының қызметкерлері де белгіленген санитариялық талаптарды қатаң сақтауы қажет. Атап айтқанда, жеке бас гигиенасын сақтау, арнайы киіммен қамтамасыз етілу, медициналық тексеруден өту және күнделікті санитариялық жағдайды қамтамасыз ету – міндетті талаптар.
Оқушыларды тамақтандыру кезінде тағамның қауіпсіздігіне ғана емес, оның сапасы мен тағамдық құндылығына да мән беріледі.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізілді.
Бұл стандартты Қазақстанның Тамақтану академиясының, медициналық университеттердің және еліміздің басқа да жетекші диетологтарының қатысуымен Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы әзірледі.
Жетісу облысының мектеп оқушыларына арналған бір реттік ыстық тамақтың перспективалық төрт апталық маусымдық мәзірі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген типтік мәзір негізінде әзірленіп (2025 жылғы 27 тамыздағы №103-НҚ), Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасымен бекітілді. Облыс аумағындағы мектеп асханалары осы бекітілген мәзір бойынша жұмыс істейді.
Сондай-ақ, өткен оқу жылында облыс бойынша Тамақтану стандартының талаптарын іске асыру жөніндегі озық тәжірибені апробациялау үшін белгіленген 2 үлгілік мектепте «Жеуге жарамсыздық индексі» есептеліп, оның оңтайлы көрсеткіші анықталды.
Біздің негізгі мақсатымыз – әрбір оқушының мектепте қауіпсіз, сапалы және құнарлы тамақпен қамтамасыз етілуіне жағдай жасау.
Балалардың денсаулығы – мемлекеттің де, мектептің де, ата-аналардың да басты назарында болуы тиіс.
Самат Ахметов
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары



