Алматыда үш мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараев ағымдағы жылдың 5 мамырында өткен Алматы қаласының тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.
Сонымен қатар, Министр Әділет органдары қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, қолданыстағы заңнама аясындағы өзекті өзгерістерді атап өтті.
Азамат Есқараев 2022 жылы бірқатар заңнамалардың түбегейлі өзгергенін айтты. Атап айтқанда: саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттейтін заңдар өзгертілген. Биыл алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтпек.
Сондай-ақ министр заң көмегін көрсету, азаматтық хал актілерін тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, атқарушылық іс жүргізу сияқты мемлекеттік қызметтерді дамыту мәселелеріндегі өзгерістерді атап өтті.
Азамат Есқараев Алматы қаласы Әділет департаментінің қызметіне де тоқталды. 2023 жылдың 1 тоқсанында ғана Алматы қаласында үш мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген. 2022 жылғы 20 маусымнан бастап «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңына құқықтық кеңес беру түрінде тегін заң көмегіне кепілдік берілген тұлғалар тобын кеңейтетін өзгерістер енгізілді. Енді аз қамтылған және көп балалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, азаптау құрбандары, 1 және 2 санаттағы мүгедектер, зейнеткерлер тегін заң көмегін ала алады.
«Алматы қаласы бойынша 24 мемлекеттік және 300 жеке сот орындаушылары қызмет атқарады. Қалада 2022 жылдың мамыр айынан бері алимент өндіріп алумен айналысатын төрт жеке сот орындаушысынан құралған жеке кеңсе жұмыс істейді. Алимент өндіріп алу бойынша мамандандырылған кеңселер ашу тәжірибесін әр өңірде кеңінен тарату қажет деп санаймын», — деді министр.
Сонымен қатар, кездесу барысында 2023 жылдың 2 ақпанынан бастап Алматы қаласы бойынша Halyk Homebank қосымшасы арқылы елімізде 1434 неке тіркелгені белгілі болды. Bereke Bank «B-Business» мобильді қосымшасы арқылы ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап ЖШС-ні тіркеуге 160-қа жуық өтінім берілген. 2022 жылдың қазан айынан бастап Kaspi kz және Halyk Homebank арқылы 60 мыңға жуық бала туу туралы куәлік берілді.
2022 жылдың 3 тоқсанынан бастап Halyk Homebank қосымшасы арқылы 3 мыңға жуық заңды тұлғаларға жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер рет берілді. Мобильді қосымшаларда барлығы 32 қызмет бар, оның 28-ін EgovMobile арқылы жүзеге асыруға болады.
Кездесу диалог форматында өтті. Өңір тұрғындарын министрге атқарушылық іс жүргізу, нотариат және тегін заң көмегін көрсету саласындағы мәселелер туралы сұрақтарын қойды