Құлсары педагогтарына жасөспірімдермен маңызды тақырыптарда сөйлесуді үйретті

Құлсары қаласында білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған жасөспірімдерді өмірлік дағдыларға кешенді оқыту, репродуктивті денсаулықты қорғау және түрлі қауіптердің алдын алу мәселелеріне бағытталған тренинг өтті. Қатысушылар жаңа білім алып қана қоймай, оны мектеп оқушылары мен колледж студенттерімен жұмыс барысында қолдануға болатын практикалық құралдарды меңгерді.

Оқыту «Жауапты шешімдер мектебі» жобасы аясында өтті. Жобаны Қазақстанның жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы (ҚМПА) «Теңізшевройл» ЖШС-нің Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасымен серіктестікте жүзеге асыруда.

«Тренингтің негізгі бағыттарының бірі – жасөспірімдермен жұмыс істеудің заманауи және интерактивті әдістері болды. Педагогтер денсаулық, репродуктивті денсаулық және құқықтар, аурулардың алдын алу, сондай-ақ зиянды әдеттер мен психоактивті заттардың адам ағзасына әсері сияқты тақырыптарда ашық әрі сенімді диалог орнатуды үйренді», – деп атап өтті ҚМПА вице-президенті, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі, ЮНФПА ұлттық тренері, акушер-гинеколог, тренингтің жетекші тренері М. Сауранбаева.

Тренингте екі ко-тренер – Құлсары қаласындағы №1 мектептің биология пәні мұғалімі Ж. Баспаева және Жылыой ауданының №2 орта мектебінің мұғалімі А. Кабиева әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Аталған педагогтер бұған дейін ҚМПА ұйымдастырған тренингтерден өтіп, енді өз әріптестерін оқытуға атсалысуда.

Тренинг барысында АИТВ-инфекциясы мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, сондай-ақ қыздар мен ұлдардың репродуктивті денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жасөспірімдермен күрделі тақырыптарда түсінікті әрі дұрыс сөйлесудің жолдарын талқылап, олардың өз денсаулығына және болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған әдістерді меңгерді.

Тренингтің жеке бір бөлігі жасөспірімдерді ересек өмірге дайындау мәселелеріне арналды. Атап айтқанда, отбасылық қарым-қатынас, гендерлік рөлдер, отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, жауапты ата-ана болу және ерте некенің алдын алу тақырыптары қарастырылды. Сонымен қатар ата-аналармен жұмыс істеуге және «тең-теңімен» қағидатын ұйымдастыруға көңіл бөлінді. Бұл тәсілде жасөспірімдердің өз қатарластары арасында ағартушылық жұмыстарға белсенді қатысуына мүмкіндік беріледі.

Тренингтің практикалық бөлігінде микросабақ өткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Қатысушылар өздері сабақтардың шағын фрагменттерін дайындап, әріптестерінің алдында өткізді. Бұл формат сабақтың мақсатын дұрыс қою, жоспарлау және өткізу дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ білім беру үдерісінде интерактивті әдістерді қолдану тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, педагогтерді «тәжірибе арқылы оқыту» қағидаты негізінде даярлау жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге ықпал етеді. Тренинг барысында алынған білім мен дағдыларды мамандар Жылыой ауданының мектептері мен колледждерінде қолдана алады. Бұл жастардың өз денсаулығына саналы көзқарасын қалыптастыруға және жауапты шешімдер қабылдау қабілетін дамытуға жағдай жасайды.