ҚазҰУ-білім мен ғылым тоғысқан орта

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі орны оның қалыптасқан академиялық дәстүрінен, ғылыми әлеуетінен және қоғам алдындағы жауапкершілігінен көрінеді. Оқу ордасы осы дәстүрді сақтай отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартып, зерттеу бағыттарын кеңейтіп келеді. Университеттің ел дамуына қосар үлесі де осы жұмыспен тығыз байланысты. Оның қабырғасынан кәсіби білімі терең, дербес ойлай алатын және өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандар түлеп шығады. Университетке есімі берілген Әбу Насыр әл-Фараби білім мен ізгілікті қоғам дамуының өзегі деп таныды. Ғұламаның қайырымды қоғам туралы ойлары бүгінгі жоғары білімнің міндеттерімен үндеседі. Студенттің өз саласын меңгеруімен қатар, алған білімін қоғам игілігіне жұмсай білуі де маңызды. Сондықтан оқу ордасында жастардың кәсіби даярлығына, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне және азаматтық ұстанымының қалыптасуына мән беріледі.Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары халықаралық білім беру стандарттары мен еңбек нарығындағы өзгерістер ескеріле отырып жаңартылады. Университет құқық, журналистика, экономика, халықаралық қатынастар, филология, жаратылыстану ғылымдары мен ақпараттық технологиялар бойынша мамандар даярлайды. Цифрландыру, жасанды интеллект, биотехнология және экология бағыттарына да басымдық беріледі. Оқу мазмұнын жаңартуда профессорлар мен оқытушылардың тәжірибесі айрықша рөл атқарады. Олар заманауи оқыту әдістері мен цифрлық құралдарды қолданып, студенттердің теориялық білімін тәжірибеде пайдалануына жағдай жасайды.

Ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларда іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіледі. Университет ғалымдары халықаралық жобаларға қатысып, шетелдік әріптестерімен бірлескен еңбектер жариялайды. Осындай ынтымақтастық зерттеушілерге тәжірибе алмасуға және өз жұмысының нәтижелерін халықаралық ғылыми ортаға таныстыруға мүмкіндік береді. Жас ғалымдарды қолдау мен стартап жобаларды дамыту да осы бағыттың бір бөлігі. Мұндай қолдау зерттеу барысында туған идеяларды тәжірибеде сынап, олардың қолданылу аясын кеңейтуге жол ашады.Оқу ордасының халықаралық байланыстары білім беру ісін де қамтиды. Шетелдік университеттермен серіктестік және академиялық ұтқырлық бағдарламалары студенттерге басқа елде білім алуға, ал оқытушыларға әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Университеттің халықаралық рейтингтердегі орны оның жаһандық академиялық кеңістіктегі беделін танытса, бірлескен жобалар сол байланысты күнделікті оқу мен зерттеу жұмысына ұластырады.

Студенттік өмірдің елеулі бөлігі университет қалашығында өтеді. Оқу ғимараттары, ғылыми кітапхана, жатақханалар, спорт кешендері мен мәдени орталықтар жастардың білім алуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасайды. Студенттер ғылыми жобаларға қатысып, пікірсайыс клубтарында өз ойын дәлелдеуге үйренеді, еріктілік бастамаларға қосылады, мәдени және спорттық іс-шараларда белсенділік танытады. Осындай ортада олар ортақ іске жауапкершілікпен қарауды және түрлі көзқарастағы адамдармен бірлесе жұмыс істеуді меңгереді. Университеттің қоғаммен байланысы құқықтық ағарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету бағыттарындағы жобалардан көрінеді. Оқытушылар мен студенттер қоғамдық бастамаларға қатысу арқылы кәсіби білімін күнделікті өмірдегі мәселелерді шешуге қолданады. Оқу ордасының қоғамға қосқан үлесін түлектерінің еңбегінен де байқауға болады. Олар мемлекеттік басқару мен құқық қорғау органдарында, халықаралық ұйымдарда, бизнесте, медиада, ғылым мен білім салаларында еңбек етіп жүр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бүгінгі бағыты ұлттық академиялық дәстүрді сақтап, оны әлемдік білім мен ғылымдағы өзгерістермен сабақтастыруға негізделген. Университеттің басты құндылығы да осында білім алатын, ізденетін және еңбек ететін адамдармен өлшенеді.

Атаханова Г.М.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Заң факультеті қылмыстық құқық,

қылмыстық іс жүргізу және

криминалистика кафедрасының профессоры

Советхан Ш.Д.,

Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және

еңбек қүқығы кафедрасының аға оқытушысы