Заң факультеті – құқықтық білім мен кәсіби тәжірибе ордасы

Заңгердің кәсібилігі нақты жағдайды талдап, заңға сүйенген шешім ұсына білуінен көрінеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінде маман даярлау осы қағидаға негізделеді. Еліміздің құқықтық білім беру жүйесінде өзіндік орны бар факультет жылдар бойы білікті мамандар даярлап, елімізде құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына үлес қосып келеді.

Қоғамдық қатынастардың цифрлануы, халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюі және мемлекеттік басқару саласындағы реформалар заңгер жұмысына жаңа талаптар қойып отыр. Осы өзгерістерге сай факультет оқу бағдарламаларын жетілдіріп, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға басымдық береді. Студенттер азаматтық және қылмыстық құқықты, мемлекет пен құқықтың теориясы мен тарихын, конституциялық, әкімшілік және халықаралық құқықты зерделейді. Оқу барысында олар құқықтық норманың мазмұнын түсіндіріп, оның нақты жағдайда қалай қолданылатынын талдауға, өз ұстанымын дәлелдеуге және заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныс әзірлеуге үйренеді.

Студенттер құқық қорғау органдарында, мемлекеттік мекемелерде, сондай-ақ адвокаттық және нотариаттық қызмет саласында кәсіби практикадан өтеді. Сол арқылы болашақ мамандар заңгердің күнделікті жұмысымен танысып, құқықтық рәсімдердің іс жүзінде қалай жүзеге асатынын көреді. Ал факультет жанындағы заң клиникасында азаматтарға тегін құқықтық кеңес беруге қатысады. Клиникадағы жұмыс студенттерге адамның өтінішін мұқият тыңдауға, мәселенің құқықтық мәнін анықтауға және заң талаптарын түсінікті тілмен жеткізуге дағдыландырады.Ғылыми ізденіс факультеттің оқу жұмысымен тығыз байланысты. Профессорлар мен оқытушылар конституциялық реформалар, адам құқықтарын қорғау, әкімшілік әділет, қылмыстық саясат және сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық тетіктер бойынша зерттеулер жүргізеді. Студенттер ғылыми конференцияларға, дөңгелек үстелдер мен пікірталастарға қатысып, құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелерді талқылайды. Мұндай орта жастарға зерттеу нәтижесін көпшілік алдында таныстыруға және өз тұжырымын дерек пен дәйекке сүйеніп қорғауға мүмкіндік береді.

Шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік аясында академиялық ұтқырлық бағдарламалары жүзеге асырылады. Студенттер мен оқытушылар халықаралық тәжірибе алмасып, әр елдің құқықтық жүйесін салыстыра зерделейді. Факультеттің қоғамдық өмірінде де студенттердің орны айрықша. Олар құқықтық ағарту іс-шараларына, пікірсайыс турнирлеріне, ғылыми жобалар мен қоғамдық бастамаларға қатысады. Аталған жұмыстар жастардың азаматтық ұстанымын нығайтып, бастама көтеру және ортақ іске жауапкершілік алу қабілетін дамытады.Факультет түлектері сот жүйесінде, құқық қорғау органдарында, мемлекеттік басқару саласында, жеке сектор мен халықаралық ұйымдарда еңбек етіп жүр. Оқу ордасы алдағы уақытта заманауи білім беру технологияларын енгізіп, халықаралық кәсіби ортада жұмыс істей алатын мамандар даярлау ісін жалғастырады. Заң факультетінде қалыптасқан кәсіби дағды мен азаматтық жауапкершілік түлектерге қай салада еңбек етсе де, адам құқықтарын құрметтеп, әділдік пен заң үстемдігін басшылыққа алуға негіз қалайды.

Атаханова Г.М.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Заң факультеті  қылмыстық құқық,

қылмыстық іс жүргізу және криминалистика

кафедрасының профессоры

Советхан Ш.Д.,

Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және

еңбек қүқығы кафедрасының аға оқытушысы