«Қазақстанның нумизматикалық мұрасы және қағаз ақшалары» атты көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде Halyk Bank қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Қазақстанның нумизматикалық мұрасы және қағаз ақшалары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Көне қалалар мен тарихи қоныстардан табылған алтын, күміс және мыс монеталар – тек сауда-саттық құралы ғана емес, сонымен қатар сол дәуірлердегі саяси билік пен экономикалық қатынастардың, өнер мен қолөнердің, дүниетаным мен мәдениеттің айқын айғағы. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің тарихи бастаулары да осы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады.
Көрме экспозициясы тақырыптық-хронологиялық және әулеттік-мемлекеттік принциптер негізінде жасақталған. Мұнда қазіргі Қазақстан аумағында және оған көршілес өңірлерде өмір сүрген ежелгі Кушан (б.з. 30–375 жж.), Сасанилер (224–651 жж.), ерте ортағасырлық Түргеш (704–756 жж.), ортағасырлық Қарахан (942–1212 жж.) мемлекеттерінен бастап, Ұлы Моңғол империясы (1206–1368 жж.), Жошы ұлысы (1224–1502 жж.), Шағатай ұлысы (1224–1370 жж.), Темір әулеті (1370–1507 жж.) және басқа да тарихи кезеңдерге тиесілі монеталар ұсынылған.
Ежелгі және ортағасырлық мемлекеттердің сауда-экономикалық қатынастары мен тауар-ақша айналымында қолданылған күміс және мыс монеталар түпнұсқа күйінде, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамаларымен бірге үлкейтілген форматта келушілер назарына ұсынылды.
Сонымен қатар экспозициядан Ресей патшалығы мен Кеңес Одағы кезеңінде айналымда болған қағаз ақшалар мен монеталардың түрлі үлгілерін, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің алғашқы және кейінгі шығарылымдарын, тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан нумизматикалық топтамалар мен мерейтойлық монеталарды көруге болады.
Көрме мазмұнын музей қорындағы мұрағаттық құжаттар, облигациялар, лотерея билеттері, тарихи иллюстрациялар, ақпараттық кестелер мен тақырыпты толықтыратын өзге де құнды жәдігерлер аша түседі.
Көрменің ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Асқар Мұратұлы Ахмановқа берілді.
Іс-шара барысында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Вадим Викторович Каблов сөз сөйлеп, қатысушыларды Ұлттық валюта күнімен құттықтады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Борис Анатольевич Железняков және «Ғылым ордасы» мекемесі жанындағы «Қолжазбатану» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, философия докторы (PhD) Ықтияр Молдатөреұлы Палтөре теңгенің тарихы мен ұлттық валютаның қалыптасу кезеңдері жөнінде мазмұнды баяндама жасады.
Көрменің ашылу салтанатына арнайы келген қонақтарға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Алматы қалалық филиалының әскери оркестрі музыкалық және әдеби-көркем бағдарлама ұсынып, мерекелік іс-шараның сәнін келтірді.
Айта кетейік, көрме 12–18 қараша аралығында өтеді. Ал 15 қараша – Ұлттық валюта күніне орай Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі мен Halyk Bank бірлесіп, сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін «Ашық есік күні» акциясын ұйымдастырады.



