Алматы халықаралық әуежайы модернизацияланған ішкі рейстер терминалын ресми түрде ашты

Алматы халықаралық әуежайында жаңартудан өткен ішкі рейстер терминалының (Т1) ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, әуежай мен TAV Airports холдингінің басшылығы, сондай-ақ негізгі серіктестер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ресми рәсім басталмас бұрын БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе модернизацияланған терминалдың инфрақұрылымын таныстырып, жаңарту барысында жүзеге асырылған негізгі өзгерістерді көрсетті.

Іс-шараның басты бөлігі салтанатты ашылу рәсімі болды. Алғашқы болып Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова құттықтау сөз сөйлеп, әуежай терминалын жаңартуды елдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, әуежайларды жаңғыртуға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Жаңартылған терминалдың ашылуы – осы жұмыстың нақты нәтижесі. Еліміздің іскерлік және қаржы орталығы – Алматы қаласы үшін әуежайды дамытудың маңызы зор. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қаланың туристік және іскерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ оның өңірдегі ірі авиациялық торап ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді», – деді Әсел Жанасова.

Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жаңартылған терминалдың қала үшін рөліне тоқталды.

«Бүгінгі шараның авиация саласы үшін де, қала үшін де маңызы зор. Біз еліміздің әр өңірінен келетін жолаушыларға қызмет көрсететін жаңартылған терминалды ашып отырмыз.. Біздің ортақ мақсатымыз – Алматы әуежайын заманауи, жолаушыларға ыңғайлы әрі өңірдегі жетекші авиациялық хабтардың біріне айналдыру. Серіктестерімізбен бірге осы мақсатқа жететінімізге сенімдімін», – деді Дархан Сатыбалды.

Сөз тізгінін қорытындылаған TAV Airports холдингінің бас директоры Серкан Каптан атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталып, жобаға қатысқан барша жанға алғысын білдірді.

«Осындай ауқымды жаңғырту жұмыстары небәрі 13 айдың ішінде аяқталды. Осы күрделі үдеріс барысында түсіністік танытып, шыдамдылық көрсеткен жолаушыларымыз бен серіктестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз. 2024 жылы жаңа халықаралық терминалдың құрылысын аяқтап, оны пайдалануға бердік. Ал қазіргі жобаның жүзеге асырылуы ішкі рейстер терминалында жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен операциялық тиімділікті халықаралық стандарттардың ең жоғары деңгейіне көтеруге мүмкіндік берді. 2021 жылдан бері әуежайды дамытуға $650 миллионнан астам инвестиция салдық. Біз Алматы әуежайына инвестиция салуды жалғастырып, оны Орталық Азияның басты авиациялық хабы ретінде дамытамыз. Үкіметке, серіктестерімізге және қызметкерлерімізге тұрақты қолдауы мен жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтқым келеді», – деді Серкан Каптан.

Сөз сөйлеулер аяқталғаннан кейін құрметті қонақтар мен әуежай басшылығы лентаны қиып, модернизацияланған ішкі рейстер терминалының ресми ашылғанын жариялады. Салтанатты рәсім аясында құрметті қонақтар естелік кітапқа қолтаңба қалдырды. Бұл кітап терминал тарихының бір бөлігіне айналып, оның ресми ашылу сәті туралы естелікті сақтайды.

Ішкі рейстер терминалын модернизациялау

Ішкі рейстер терминалын жаңарту жұмыстары 2025 жылғы қыркүйекте әуежайдың Бас даму жоспарын іске асырудың алғашқы кезеңі – Horizon бағдарламасы аясында басталды. Т1 терминалын жаңарту жұмыстары 13 айға созылып, терминалдың штаттық жұмысын және жолаушыларға қызмет көрсетуді үздіксіз қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріле отырып, кезең-кезеңімен жүргізілді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен $32 миллионды құрады.

Негізгі өзгерістер

Тіркеу және ұшу алдындағы тексеру аймағы. Аумағы 1 700 шаршы метрді құрайтын тіркеу аймағы толығымен жаңартылып, 23 жаңа тіркеу орны орнатылды. Кеңістіктің дизайнында заманауи шешімдер мен ұлттық нақыш элементтері үйлесім тапты. Ұшу алдындағы тексеру аймағының аумағы 200 шаршы метрге ұлғайтылып, өткізу жолының ені 2 метрден 3,5 метрге дейін кеңейтілді. Сондай-ақ тексеру аймағына кіреберісте отырғызу талондарын сканерлеуге арналған TDAS автоматты турникеттерінің саны үштен беске дейін көбейді. Бұл жолаушылардың тексеру рәсімінен жылдамырақ өтуіне мүмкіндік береді.

Ұшаққа отырғызу аймақтары. Ұшаққа отырғызуға арналған барлық сегіз аймақ жаңартылып, жолаушыларға арналған орындар саны арттырылды. №1 отырғызуға шығу аймағының ауданы 200-ден 350 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар үш жаңа телескопиялық трап орнатылды.

Жүк инфрақұрылымы:

  • Ұшатын рейстердің багажын сұрыптау залының ауданы 1 000-нан 1 800 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
  • Келген рейстердің багажын өңдеуге арналған қызметтік аймақ 963-тен 1 490 шаршы метрге дейін кеңейтілді.
  • Багажды алу аймағының ауданы 964-тен 1 891 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
  • Багаж таспаларының жалпы ұзындығы 85 метрден 228 метрге дейін артты.
  • Багажды тексеру үшін XT2100HS компьютерлік томография жүйесі енгізілді. Ол багаж ішіндегі заттардың егжей-тегжейлі үшөлшемді кескіндерін алуға мүмкіндік беріп, тексеру үдерісінің дәлдігі мен тиімділігін арттырады.
  • Багажды өңдеу жүйесінің өткізу қабілеті ұшатын рейстер үшін сағатына 990-нан 1 680 бірлікке дейін, ал келетін рейстер үшін сағатына 1 380-нен 2 250 бірлікке дейін артты.

Инженерлік жүйелер мен интерьер. Кабель желілері, электрмен жабдықтау, желдету, жылыту, өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру жүйелері толығымен жаңартылды. Қабырғалар мен бағандардың әрлеуі жаңартылып, бірінші қабаттағы төбелер толығымен ауыстырылды. Ал екінші қабатта шамамен 15 000 шаршы метр аумақта жаңа төбе конструкциялары орнатылды.

Жолаушыларға арналған қызметтер мен коммерциялық нысандар. Барлық 14 санитарлық бөлме күрделі жөндеуден өткізіліп, есіктерді жанаспай ашу жүйелері орнатылды. Ана мен бала бөлмесі жаңартылып, барлық лифт ауыстырылды. Терминалда жаңа дүкендер мен тамақтану орындары ашылды. Олардың дизайны бірыңғай заманауи сәулеттік стильде орындалып, коммерциялық нысандар жаңартылған интерьермен үйлесімді біріктірілді. Нәтижесінде терминалдың барлық кеңістігінде біртұтас заманауи дизайн қалыптасты.

Жаңа Extime VIP Lounge залдарының ашылуы. Модернизация аясында ішкі рейстердің ұшып шығатын және келетін жолаушыларына арналған Extime VIP Lounge залдары да толығымен жаңартылды. Ауданы 750 шаршы метрді құрайтын ұшу залы бір мезетте 110 қонақты қабылдай алады. Мұнда тамақтану және демалу аймақтары, келіссөздер бөлмесі, жеке VIP-бөлме және намаз оқуға арналған орындар қарастырылған. Ал ауданы 250 шаршы метрді құрайтын келу залы 22 қонаққа арналған.

Жаңарту жұмыстарының нәтижелері

Жоба нәтижесінде жаңартылған ішкі рейстер терминалы жылына 9 миллионға дейін жолаушыға қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болды. Салыстыру үшін айтсақ, бұған дейін ішкі және халықаралық рейстер бір ғимаратта қызмет көрсеткен кезеңде терминалдың жылдық жолаушылар ағыны шамамен 3,2 миллион адамды құраған.

Т1 терминалын жаңарту Алматы халықаралық әуежайының 2050 жылға дейінгі Бас даму жоспарының алғашқы кезеңі – Horizon бағдарламасын (2025–2029) жүзеге асырудағы негізгі кезеңдердің бірі болды. Бағдарлама аясында жалпы инвестиция көлемі шамамен $362 миллион құрайтын 130-дан астам инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген.

Ішкі рейстер терминалын жаңғыртумен қатар, бағдарлама әуежай инфрақұрылымының басқа да нысандарын жаңарту мен дамытуды қамтиды. Атап айтқанда, Орталық Азиядағы алғашқы арнайы мұздануға қарсы өңдеу алаңын және ұзындығы 4 000 метр болатын жаңа рулеждік жолды салу, ұшу-қону жолақтарының бірін бетон жабынымен қайта жаңарту, VIP перрон мен әуе кемелерінің тұрақ орындарын жаңарту, сондай-ақ жүк перронын дамыту және әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған ангар салу жоспарланған.