Алматы мен Қытай жастарды жұмыспен қамту және кәсіби дамыту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді

Алматыда жас мамандарды жұмыспен қамту, халықаралық тағылымдамалар ұйымдастыру және кәсіби білім беру бағытындағы жаңа мүмкіндіктер талқыланды. Қала Жастар саясаты басқармасының өкілдері мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы делегациясының жұмыс кездесуі Әуезов ауданындағы №2 комьюнити орталықта өтті. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері хабарлады.

Кездесу барысында қонақтарға комьюнити орталықтың жұмысы, кәсіби бағдар беру, цифрлық білім беру, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жастар кәсіпкерлігін қолдау бағдарламалары таныстырылды.

Келіссөздерде жастарды бірлескен бағдарламалар аясында жұмыспен қамту, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу, техникалық және жұмысшы мамандықтары бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар тағылымдама өткізу, кәсіби біліктілікті өзара тану, қазақстандық және қытайлық компанияларға жас мамандарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Бұл бағыттағы ынтымақтастық бұған дейін де басталған. Алматы қалалық мансап орталығының өкілдері Қытайда өткен халықаралық форумдарға қатысып, жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын жүзеге асыру тәжірибесімен бөліскен.

Атап айтқанда, «Қалалық мансап орталығы» жобасының жетекшісі Ақарыс Төребеков Үрімші қаласында өткен «Жібек жолы» технологиялар трансфері жөніндегі III халықаралық конференцияда баяндама жасады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Алматы қалалық мансап орталығы мен Шыңжаңның жоғары технология саласындағы кадрларды басқару жөніндегі қытайлық компаниясы арасында меморандумға қол қойылды.

Құжат кәсіби оқыту, халықаралық тағылымдамалар ұйымдастыру және жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.

Кезекті кездесуге Үрімші, Қашғар қалалары мен Қорғас экономикалық аймағында кадр даярлау және адам ресурстарын басқару саласында жұмыс істейтін қытайлық компаниялардың өкілдері де қатысты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың алдағы қадамдарын талқылады. Оның ішінде бірлескен білім беру және мансаптық жобаларды іске қосу, сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін дамыту жайы қаралды.

Алматы қаласының баспасөз қызметі