Мысыр астанасында қазақ әуендері шырқалды
Мысыр астанасында қазақ әуендері шырқалып, жергілікті көрермендерді баурап алды. Каир опера театрында Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндеріне арналған гала-концерт өтті.
Каирдің басты сахнасында отандық артистер, соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Олар: Алмасбек Алматов, Батыржан Мықтыбаев, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Астана Опера» солистері, «Алашұлы», «Сұлу» топтары және басқа да өнерпаздар болды. Артистер эстрадалық, халық әндері мен классикалық шығармаларды орындады. Оларға дирижер Абылай Тілепбергеннің басшылығымен Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді.
Концерт екі елдің Мемлекеттік Гимндерін орындаудан және Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзінен басталды.
Залда жергілікті көрермен көп болды. Гала-концерт көрермендері Мысырдың дәстүрлі әуендерінің попурриін ерекше жылы қабыл алып, зор қошемет білдірді.
Гала-концертпен қатар Каир опера театрында қазақ қолданбалы өнерінің көрмесі өтті. Ұлттық киімдегі артистер мен қолөнершілер қонақтардың назарына қолдан жасалған дәстүрлі бұйымдарды ұсынды.
Гала — концерттен кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Мысырдың мәдениет министрі Невин Әл-Киланимен кездесу өткізді. Асхат Оралов әріптесіне мәдениет күндерін ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс айтып, Әл-Килани мырзаны және жергілікті артистерді Қазақстанға шақырды.
«Мысырда Қазақстанның мәдениет күндеріне арналған іс-шаралар жоғары деңгейде өткенін атап өткім келеді. Каир тұрғындары мен қонақтары біздің артистеріміздің өнеріне тәнті болғанына сенімдімін. Әлемді қазақ мәдениеті мен өнерімен таныстыратын осындай іс-шаралар басқа елдерде де өтеді. Осылайша, мәдениет саласының қызметкерлері әлемдік сахналарда өз таланттарын көрсете алады. Министрлік бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», — деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
ҚР МСМ Баспасөз қызметі