«Невеста на прокат» мелодрамасы кинотеатрларда 13 шілдеден бастап көрсетіледі
Жаз маусымы қызған шақта кинотеатр экрандарына «Невеста на прокат» әсем мелодрамасы шығады. Туынды – оңтүстік кореялық және қазақстандық кинематографтардың екінші коөнімі – көрсетілімге 13 шілдеде шығады.
Фильм бір шығармашылық іссапар хикаясын баяндайды: жергілікті үйлену той дәстүрлері жайлы деректі фильм түсіру үшін Оңтүстік Кореядан Қазақстанға түсірілім тобы келеді. Бірақ алғашқы күні-ақ продюсерлері жол апатына ұшырап, түсірілім тобы жоспарланған үйлену тойына жете алмай қалады. Жігіттер ақшасыз, үйлену тойынсыз қалады, уақыттары да тапшы. Олар ауылға барып, жалған үйлену тойын ұйымдастырамыз деп шешеді. Алайда енді оларға тойдың бас кейіпкерлерін: күйеужігіт пен қалыңдық табу керек.
Фильм идеясының авторы және продюсері Руслан Пак. Қазақстандық көрермен оны 2022 жылы шыққан «ТРИ» триллерінің режиссері ретінде таниды.
«Бұл фильм коөнім жобалары арасында өткен байқаудың жеңімпазы атанды. Оны өткен жылы кореялық Киноакадемия жариялаған болатын. Туындыны әзірлеуге бір жыл кетті, Корея және Қазақстан тарапынан да «ТРИ» фильмінде жұмыс істеген командаларды тарттым. Осы уақыт бойы біз араласып, тығыз қарым-қатынаста болғанбыз. Оларға фильм идеясы бірден ұнап, оны іске асыруды тағатсыздана күткендері бірден байқалды. Себебі шын мәнінде, біз өзіміз жайлы туындыны түсірдік. Бәрі жоспардан ауытқып, шым-шытырық болған, бірақ қандай жағдай болмасын, фильмді түсіру керек болған кездер кино саласындағы әрбір маманның басынан өткен», – деп бөлісті фильм продюсері Руслан Пак.
Мелодрамада басты рөлдерді кореялық актер Ли Джу Сын және танымал қазақстандық актриса Әдина Бажан сомдады.
«Ли Джу Сын – корейлік актерлердің жаңа жас буынының жүзі. Оның қатысуымен түсірілген фильмдер мен телехикаялар жергілікті телеарналарда, сондай-ақ ірі әлемдік онлайн-алаңдарда көрсетіледі. Ол Қазақстанға алғаш келді және елімізді ұнатып, тәнті болды. Енді тағы да келіп, қазақстандық кинематографтармен бірге жұмыс істеуді армандап жүр», — деді продюсер.
Актриса Әдина Бажан фильмде ауылда науқас анасына қамқор болу үшін кәсіби спортты тастауға мәжбүр болған бойжеткенді сомдайды. Оның кейіпкерінің де есімі Әдина. Ол ауылда садақ ату үйірмесін ұйымдастырып, ауыл балаларына осы ежелгі көшпелі халық өнерін үйретіп жүр. Шынайы өмірде актриса 13 жасында кәсіби садақшы жолын таңдаған, алайда актерлік шеберлікке деген әуестігі садақ атуды ығыстырған.
«Невеста на прокат» — менің кино саласындағы мансабымдағы ең қызық жобалардың бірі, сондай-ақ жылы естеліктерге толы. Мен атқа салт мінуді үйрендім, керемет халықаралық командамен бірге жұмыс істедім. Әрбіріміз осы фильмге жанымызды салдық», — деп бөлісті Әдина Бажан.
«Невеста на прокат» мелодрамасының түсірілімі Саты ауылында өтті – ол ең танымал кинотүсірілім орны.
«Фильмдегі оқиғалар қалада өрбімейді деп бірден шештік. Саты – әдемі, жылы, жайлы жер – қазақ ауылының жаны мен мінезін айқын көрсетеді. Осы көңіл күйді фильмде көрсете білдік деп ойлаймын: өте жантебірентерлік, романтикалық хикая шықты», — деп бөлісті Руслан Пак.