Полиция қызметкері – қоғамдағы ең жауапты қызмет

Қазақстан полициясы күні – жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және осы қатарда еңбек етіп жүрген полицейлерге алғыс білдіру күні. Сондай-ақ бұл күн бейбіт заманда халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады.


Полиция қызметі – жауапкершілігі мол әрі адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қауіпті мамандық.
Маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген қызметкерлердің бірі Қызылорда бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде мекеме бастығының кезекші көмекшісі Әубәкіров Нұрқанат Қожанберліұлы.
2000 — 2001 жылдар аралығында әскери борышын Алматы қаласында өтейді. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2003 жылы күзет бөлімінің бақылаушысы болып бастаған ол, 2007 жылы бақылаушылар бөлімінің бақылаушысы қызметіне ауысады. Офицерлік жолын 2011 жылы мекеме бастығының кезекші көмекшісінің орынбасары лауазымынан бастайды. 2015 жылы мекеменің сотталғандар арасында тәрбие жұмысын жүргізу бөлімінің жасақ бастығы лауазымына тағайындалады. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мекеме бастығының кезекші көмекшісі лауазымына тағайындалып, қазіргі таңда әділет майоры шенінде мекеме бастығының кезекші көмекшісі болып қызмет атқарады.


Әубәкіров Нұрқанат Қожанберліұлы 1979 жылдың 20 тамызында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шаған елді мекенінде дүниеге келді. 1986 — 1996 жылдар аралығында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Ақжарма ауданында орналасқан №130 Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «құқықтану және экономика негіздері» мамандығы бойынша білім алған. Оқуын аяқтағаннан кейін өзінің келешек мамандығын полиция қатарында қызмет етумен байланыстырды. 2003 — 2005 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «заңгер» мамандығы бойынша сырттай білім алып шықты. 2008 жылы отбасын құрды. Бүгінде жұбайы Назгүлмен бірге Ақбота есімді қыз бен Нұрдаулет, Заңғар, Санжар есімді ұлдарға тәлім — тәрбие беруде. Жұбайы Назгүл Нұрқанаттың жұмысына үлкен түсіністікпен қарайды.


Кезекшінің жұмысы ауысым қабылдап алудан басталады. Әрі қарай мекеме бастығының нұсқауына сәйкес ішкі күн тәртібі бойынша сотталған азаматтарды ұйқысынан оятуға пәрмен беріп, үш мезгіл тамақтануын, әкелінген сотталғандарды қабылдап, ауруханаға жіберілетіндерін жіберіп, бостандыққа шығатын сотталғандарды дайындайды. Содан кейін сотталғандардың ұйқыға кету уақытына дейінгі жүріс-тұрысын қадағалайды.
Мекемеде қызмет ететін 5547 Ұлттық Ұлан әскери қызметкерлерінің азанғы және кешкі ауысымына нұсқаулық жүргізіп, мекемедегі бір ауысым бойы болған өзгерістермен таныстырады. Кезекшінің жұмысы асқан жауапкершілікті талап етеді. Қылмыскерлердің темір тордағы тәртібін қадағалап, қоғам тыныштығын күзету жолында қызмет ететін кезекші қызметкерлерінің еңбегі ерен деп айтсақ артық болмас.

Адина ҰЗАҚБАЙ,
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД