Биыл 80 астам түлек Kaz Minerals тағылымдамасынан өтеді

2023 жылы KAZ Minerals Тобы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 85 түлегін тағылымдамаға қабылдауды жоспарлап отыр. Сөйтіп, Топ кәсіпорындарындағы тағылымдамадан өтушілердің жалпы саны 200 адамнан асады. Тағылымда кезінде лайықты еңбекақы төленеді.

Тағылымдамадан өтушілер қатарында Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары, сондай-ақ Абай облысы оқу орындарының түлектері бар. Мамандықтардың тізімі үлкен – жүк көлік жүргізушілері, бұрғылау қондырғыларының машинистері, тау-кен және электр энергетикасы мамандарынан бастап маркшейдерлерге, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау инженерлеріне дейін. Жұмысшы мамандықтар үшін тағылымдама – 1 жыл, кіші инженерлік лауазымдардағы тағылымдамадан өтушілер үшін – 2 жыл.

Алғашқы екі айда бұрынғы студенттер қауіпсіздік техникасы бойынша оқытудан және өндірістік тәжірибеден өтеді. Бүкіл тағылымдама кезінде әрбір жас маманға тәлімгер тағайындалады.

«Тағылымгер» бағдарламасы Бозшакөл және Ақтоғай кен орындарында 2018 жылдан бастап іске қосылды. Бағдарлама бастау алғалы бері KAZ Minerals Тобының кәсіпорындарында 663 адам тағылымдамадан өтті, олардың көпшілігі KAZ Minerals-та жұмысын жалғастырып жатыр.

KAZ Minerals Тобы басқа да білім беру бағдарламаларын іске асырады. Атап айтқанда, бейінді оқу орындарында немесе бейінді кәсіптер бойынша оқитын студенттерге 2018 жылдан бастап 115 грант берілді. Сондай-ақ компания өзі жұмыс істейтін өңірлердегі білім беру мекемелеріне оқу-әдістемелік және материалдық қолдау көрсетеді. Өткен жылы KAZ Minerals Тобы Абай облысының әкімдігімен Семейде 1200 орынға дейінгі мектеп салу туралы меморандумға қол қойды. Қазір жобалық-сметалық құжаттама пысықталуда.

«KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов:

«Бүгін KAZ Minerals Тобы кадрлық резервті қалыптастыру үшін тағылымгерлермен белсенді жұмыс жүргізеді. Қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері біздің әлемдік деңгейдегі кәсіпорындарымыздағы заманауи жабдықтарда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Бұл жалпы еңбек нарығындағы бәсекелестікті арттырады. Жастар тек KAZ Minerals-тың ғана емес, бүкіл тау–кен саласының болашағы»