Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің 700 студенті диплом алды
2023 жылдың 5 шілдесі Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті үшін ерекше тарихи, айтулы күн. Биыл 700 бітіруші түлекке алғаш рет Халықаралық инженерлік-технологиялық университеттің дипломдары салтанатты түрде табыс етілуде. Олай деуіміздің себебі, 2022 жылдың 28 қарашасынан бастап, оқу орны Халықаралық университет мәртебесіне ие болды. Осы сәтті ұзағынан күткен әрбір түлектің де, перзентінің қуанышына ортақтаса келген ата-ананың да, ұлы өмірге қанат қақтыруда жемісті білім берген оқу орны ұстаздарының да жүздерінен қуаныш, алып-ұшқан шат-шадман көңіл-күйді байқаймыз.
— Құрметті түлектер, қымбатты ата-аналар, қонақтар, ұстаздар, әріптестер – деп бастады бүгінгі жиында өз сөзін Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Сәрсенбаева Гүлнәр Әлібекқызы.
— Баршаңызды 2023 жылғы түлектеріне диплом тапсыру салтанатына қош келдіңіздер дей отырып, атаулы мерекемен Құрылтайшылар, Байқау кеңесі және университет ұжымы атынан шын жүректен құттықтаймын!
Университеті ұжымы жұмысының көрсеткіші – түлектері! Бүгін қанаттарын кеңге жайып, самғап ұшқалы отырған әрбір түлектің еңбек жолындағы жетістіктері, еліне деген сүйіспеншілігі мен адамгершілігі – университет үшін ғана емес, Тәуелсіз еліміз үшін мақтаныш,- деген ректор, білім ордасының соңғы жылдары жеткен жетістіктеріне тоқтала отырып, биылғы жылдың диплом иелері болашақ жас мамандардың болашағына ақ жол тіледі.
Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті 2021 жылдан бастап қатарынан екі рет, халықаралық стандарттарға сай аккредитациядан озық дәрежеде өтіп, шетел эксперттердің жоғары кәсіби бағасына ие болды.
Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті халықаралық ғылыми қоғамдастық үлгісіне ене отырып, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті мәртебесін иеленді.
Қазіргі уақытта Грант иегерлерінің саны 7 есеге, ақылы бөлім студенттар саны 5 есеге артты. Халықаралық инженерлік-технологиялық университетін таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің саны бүгінде 50-ге жетсе, Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары 4 есеге өсті. Облыс әкімдері тағайындаған гранттарға ие болғандар саны 100-ден асты. Халықаралық инженерлік-технологиялық университет — ҚР 14 өңірін құрайтын жастармен толығады. Білім ошағындағы ер балалар үлес салмағы – 60 пайыздан жоғары. Білім ордасында аккредиттелген бакалавриаттың 17 білім беру бағдарламасы жұмыс жасайды. Тамақ өнеркәсібі технологиясы, компьютерлік, автоматтандырылған және телекоммуникациялық жүйелер инженериясы, биохимиялық инженерия, экономика және бизнес саласындағы магистратураның 5 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлауда.
2023 жылдың маусымында білім ошағы тәуелсіз халықаралық аккредиттеуден сәтті өтіп, бағдарламалық инженерия, биотехнология және тамақ өнеркәсібі технологиясы бойынша докторантураның 3 білім беру бағдарламасы өз жұмысын бастады.
Докторантура бағдарламаларын іске асыру мақсатында жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдары мен «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы», «Қазақ тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты»арасында консорциумдық өзара келісімдер жасалды.
Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша 5 ғылыми жоба табысты іске асырылуы нәтижесінде, жас ғалымдар «Жас ғалым» гранттарының иегерлері атанды.
Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті ғалымдарының ғылыми зерттеулері- ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру конкурсында алғашқы кезеңдерден сәтті өтті.
Университет оқу және ғылыми-зерттеу қызметіне шетелдік оқытушы-сарапшыларды тартумен қатар, профессор-оқытушылар құрамы белгілі Стамубл техникалық университетінде халықаралық тағылымдамадан өтіп отырады. Сол елден Халықаралық инженерлік-технологиялық университет шәкірттеріне дәріс оқуға профессорлар шақырылып, білім берудің озық үлгілері сарапқа салынып, тәжірбие алмасу негізінде жүргізіледі. Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде Словак университетінің PhD докторанттары тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілігі мен білімдерін шыңдап отырады.
Халықаралық инженерлік-технологиялық университет академиялық қалашықта орналасқан барлық ғылыми-зерттеу институттармен келісімшарт жасап, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін бірден-бір оқу орны.Бұл өз кезегінде ізденімпаз студенттің білімін шыңдауына, өндірістік тәжірбиеден өтіп, ғылымға бет бұруына септігін тигізері анық.
2023 жылғы 27 сәуірде Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты – жетекші ғылыми ұйымымен «Роботтехника және бағдарламалық инженерия» бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру орталығы ашылды.
Бүгінгі таңда көшбасшы саналатын білікті мамандар даярлайтын оқу ордасы- Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, озық дамыған әдістемелерді, тәжірибелер мен оқыту технологияларын белсенді енгізетін заманауи университет болып табылады.
Университет ректоры, білікті де, білімді басшы Г.Әлібекқызы басқаратын жұдырықтай жұмылған ұлағатты ұстаздар қауымының ұжымына толағай табыстар, болашақ әлемнің кеңістігіне қанат қаққан жас түлектерге сәт сапар, ақ жол тілейміз.