Туристік жарна есебінен түскен қаражат сомасы 314 миллион теңгеге жуықтады
ҚР МСМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, 2023 жылдың басынан шетелдіктерден жергілікті бюджетке туристік жарна есебінен түскен қаражат сомасы 314 миллион теңгеге жуықтады. Туристік жарна түсімі бойынша көш басында Алматы қаласы. Оңтүстік мегаполиске жалпы соманың 86%-ы немесе 270,6 млн теңге тиесілі. Екінші орында 37,7 млн теңгеден артық туристік жарна жинаған Астана қаласы.
Туристік жарна төлеу әлемдік тәжірибе екенін ескерсек, шетелдіктер үшін бұл жаңалық емес. Туристік жарна — хостел, жалға берілетін баспаналардан бөлек орналасу орындарында болған әрбір тәулік үшін туристерден алынатын төлем.
Туристік жарна мөлшерін жергілікті әкімдіктер белгілейді. Қаражат та жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне түседі.
«Туристік жарнадан түскен қаражат туристік инфрақұрылымды дамытуға, аумақтарды абаттандыруға, туристік мүмкіндіктерді ілгерілету бойынша іс-шараларды іске асыруға бағытталуы керек. Бұл өңірлерге келетін туристердің санын арттыруға ынталандыратын болады»,-деді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.