NIS Тамыз кеңесі: оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесіндегі өзгерістер талқыланды
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде педагогтер үшін «Кәсіби оқыту қоғамдастығының дамуы: сапа мен тиімділік» тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Білім берудің өзекті мәселелерін талқылайтын жауапты жиынға NIS-тің барлық педагог-мамандары қатысты.
17-18 тамызда NIS мұғалімдері онлайн режимде ондаған тақырыптық және практикалық сессияларға қатысты. Олар негізгі құзыреттіліктерді қалыптастыруға, мектепте тәрбие процессін ұйымдастыруға, NIS оқушыларын қолдау мақсатында цифрлық психологиялық сервистерді интеграциялауға, кәсіптік бағдар беру жұмысын жетілдіруге, мектепте тамақтандыру жұмыстарын жүйелеуге, бағалау арқылы оқушылардың академиялық жетістігі мен мұғалімдердің кәсіби дамуына әсер етуге, сондай-ақ Beyim және Canvas платформаларын пайдалануға қатысты мәселелерді талдады.
Ал 21–22 тамыз аралығында конференция жұмысы киелі Түркістан қаласыннда офлайн форматта өтті. Ауқымды педагогикалық кеңеске 200 мұғалім дәстүрлі форматта қатысса, 3500 ұстаз қашықтан қосылды.
Ресми ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин қатысушыларды NIS-тің 15 жылдығымен құттықтап, жаңа оқу жылының басты басымдықтарын «Кәсіби оқыту қауымдастығын құру арқылы NIS болашағын қалыптастыру» тақырыбындағы баяндамасында айқындады:
– Алдағы академиялық жылда 2 негізгі бағыт – жаңартылған бағдарлама және когнитивті емес дағдыларды бағалауды бастаймыз. Бұл қалыптасқан машықтан құзыреттілікке көшуге, оқыту мен тәрбиелеуді интеграциялауға негізделген. Жалпы тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру – жаңа оқу жылындағы ең маңызды міндеттердің бірі, — деді ол.
Сондай-ақ Тамыз кеңесінде оқушыларға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында айрықша рөл атқарып жүрген Зияткерлік мектептердің 130 ұстазы мен қызметкері «15 жыл – 15 номинация» аясында арнайы құрмет грамоталарын иеленіп, алғысхаттармен марапатталды.
NIS сапаршылары мен қатысушылар білім саласындағы түйткілдер мен Зияткерлік мектептерде оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу, оларға психологиялық көмек көрсету мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен бірге өздерінің ең таңдаулы кейстерімен бөлісті.
Сондай-ақ тақырыптық алаңдарда оқушыларды бағалау арқылы олардың академиялық үлгерімін арттыру мәселесі көтерілді. Кеңес барысында Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Ғалия Алжанова NIS-Programme бағдарламасын 3 негізгі фокус арқылы талдап, когнитивті, аффективті және психомоторлы деңгейлердің қатынасына тоқталды.
Тақырыптық алаңда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Цифрлық технологиялар бойынша директор Нұрсұлтан Дюсебаев Beyim және Canvas платформаларының таныстырылымын жасады. Білім беру саласын жүйелеу мен цифрландыруға арналған жүйелер сабақты мазмұнды әрі жүйелі өткізуге септігін тигізеді.
Зияткерлік мектептердің тамыз конференциясы аясында «Сәтті тәжірибелер панорамасы» байқауы өтті. NIS педагогтері 6 бөлім бойынша үздік 133 жоба ұсынған.
Тамыз конференциясының соңғы күні мектептердің топ-менеджерлері үшін практикалық алаңдармен жалғасты. Тәжірибелік сабақтар аясында мектеп басшылары топтық жұмыс жүргізіп, мектептердегі жиынтық бағалау нәтижелерін талдады. Оқушылардың академиялық жетістіктерге жетуі үшін қандай факторлар көбірек әсер ететіні қарастырылды.
Кеңестің қорытынды жиынында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин мұғалімдерді үздіксіз дамуға шақырды.