«Стратегия» ҚҚ қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйымның салдарын сипаттайтын зерттеу нәтижелері айтылды
Астанада «Стратегия» ҚҚ қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйымның салдарын сипаттайтын зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Зерттеу 2023 жылдың шілдесінен тамызына дейін кәсіпкерлер, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы кальян тұтынушылар және сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілді.
Зерттеу Шымкентте бұл тыйымды сақтау нөлдік деңгейде екенін анықтады: қалада кальян шегуге болатын мекемелерге қолжетімділік 100%-ға жетеді, яғни оған барлық жерде еркін тапсырыс беруге болады. Алматыда кальян мекемелердің 53,3%-да қолжетімді. Осылайша, зерттеудің бірінші қорытындысы – тыйым іс жүзінде сақталмайды. Зерттеудің тағы бір маңызды қорытындысы тыйым сыбайлас жемқорлықтың өркендеуіне жол ашты, бұл тыйымның сақталуын тексеру кезінде де, кальян жеткізу кезінде де көрініс табады: сауалнамаға қатысқан сарапшылардың бағалауы бойынша, кальян темекісінің шамамен 80%-ы акциз төлемінсіз ҚР-ға әкелінеді. Зерттеушілер атап өткендей, тыйым ЕАЭО шеңберінде өркениетті регламенттеудің орнына сыбайлас жемқорлық схемаларын қалыптастыратын орасан зор көлеңкелі нарықты тудырды.
Зерттеуде келтірілген сала өкілдерінің айтуынша, егер нарық қатаң реттелсе және акциздің мөлшері жоғары болмаса, онда бизнес оны көлеңкелі схемаларға жүгінбестен төлеуге мүдделі болар еді. Сауалнамаға қатысқан сала өкілдерінің бірі мысал ретінде темекінің барлығы акцизделіп әкелінетінін, контрабанданың үлесі өте аз екенін көрсетті – «олай болса вейптерге де, кальяндарға да неліктен дәл солай жасамасқа?».
Авторлардың айтуынша, тыйым салу туралы заң іс жүзінде келемежге айналды, мұны сауалнамаға қатысқан нарық қатысушылары да растап отыр: көп адам кальянға тыйым салынғаны туралы білмейді де, мейрамханалар мен барлар оны емін-еркін ұсынады. Сарапшылардың пікірінше, қоғамдық орындарда кальян тұтынуды азайтуды көздейтін тыйым салу шарасы өзінің толық тиімсіздігін көрсетті. «Зерттеуіміз анықтаған негізгі парадокс мынада: кальян шегуге тыйым бар, бірақ сонымен бірге объективті экономикалық шындық бар: Қазақстан ЕАЭО-ның бірыңғай экономикалық кеңістігіне кіреді, ал біздің көршілерімізде, кальян темекілері мен қоспаларының ірі өндірушілерінде бұл бизнес өркендеп қана қоймай, регламенттеліп жатыр, демек импортты ешкім шектемейді. Бұл ретте қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйымды бақылау әрекеттері жұмыс істемейді, бұл біз жобамен жұмыс істеу барысында анықтаған проблема», – деп атап өтті зерттеу жетекшісі, «Стратегия» ҚҚ басшысы Гүлмира Илеуова.
Бұдан кейін зерттеушілер негізгі қорытындыларды келтірді.
1. Тыйым кальянға қолжетімділікті төмендетпеді және қоғамдық орындарда кальян шеккісі келетіндерге қиындық тудырмады. Кальян тұтынудың картинасын «Электронды темекі мен қыздырылатын темекі өнімдерін пайдаланушылардың түтінсіз өнімдерді реттеу шараларына қатынасы» деп аталатын зерттеу бөлімі айқын көрсетеді. Осы мақсатты аудиторияның көпшілігі қарапайым кафелер мен мейрамханаларда кальян тұтынатынын хабарлады (57,9%), бесінші бөлігі – арнайы кальян шегетін орындарда тұтынады. Жоғарыда айтылғандай, Шымкентте кальян шегуге болатын мекемелердің қолжетімділігі абсолютті 100% құрайды, ал Алматыда бұл көрсеткіш жартысынан сәл жоғары – 53,3%.
Сондай-ақ, зерттеу халық кальян шегуге заң жүзінде тыйым салынғанынан қаншалықты хабардар екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі (62,5%) хабарлағандай, олар Қазақстанда денсаулық туралы Кодекске сәйкес қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынғанын мүлдем білмейді. Жауаптарды қалалар бойынша бөліп талдағанда, хабарсыздардың негізгі үлесін шымкенттік респонденттер (93,3%) құрайтынын көрсетті. Алматылық қатысушылар арасында, керісінше, 68,3% бұл тыйым туралы білетіндерін айтты.
2. Кальян шегу мәдениеттің бір бөлігіне айналды, әсіресе жастар арасында. Сауалнамаға қатысқан кальян индустриясының өкілдері Қазақстанда кальян мәдениеті қалыптасқанын бірауыздан атап өтті. Тыйым салынғанына қарамастан, қазіргі уақытта ол өркендеп келеді және бизнестің осы саласын ынталандыруда. Сонымен қатар: отандық кальян шеберлері әлемдегі ең үздіктердің қатарында. Осыдан құбылыстың ауқымын саралай беріңіз.
Кальянды негізінен жастар тұтынады. Кальян тұтынушылардың басым бөлігі – 21 мен 30 жас аралығындағы жастар. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің көпшілігі (Алматы мен Шымкент тұрғындары) аптасына кемінде 1 рет және айына бірнеше рет бос уақытын кафе-барларда, түнгі клубтарда және т.б. өткізеді. Зерттеуге қатысушылардың жартысына жуығы, атап айтқанда 45,8%-ы айына бірнеше рет кальян шегетіндерін айтты. Олар кафелерде, клубтарда және басқа да қоғамдық демалыс орындарында кальян тұтыну кезінде қандай да бір қиындықтар туындамағанын атап өтті.
3. Құбылыстың жаппай таралуы бақылаушы органдардың тыйым салуды жүзеге асыра алмауын тудырады. Респондент, іскерлік орта өкілдерінің бірі атап өткендей, «мұның бәрін бақылау үшін адам жетіспеуі де мүмкін». Сауалнамаға тағы бір қатысушының, кальян нарығының өкілінің айтуынша, мәселе құбылыстың жаппай таралуында. Оның айтуынша, егер бір мекеме тыйымды сақтамаса, онда басқалары сатпауға тырысатын еді. Ал қалада барлық мекеме кальян ұсынса, полицияның мұны бақылауға күші жетпейді. Көптеген рейдтерге қарамастан, рейд кеткен соң мекемелер кальяндармен жұмысын жалғастырды. Сондай-ақ, респонденттер оны бақылауда ұстау оңай емес, бақылау үлкен қаражат пен күш-жігерді қажет етеді деген қорытындыға келеді.
4. ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий тексерулердің сирек және жүйесіз болуына әкеледі. «Стратегия» ҚҚ сарапшылары тыйым салудың тиімді жүзеге аспауын ШОБ субъектілерін тексеруге мораториймен байланыстырады. Зерттеуге қатысушының айтуынша, «…тыйым бар болғандықтан, ол негізінен жұмыс істеуі керек еді. Бірақ тексеру жүргізуге де тыйым бар. Сондықтан олар мұны үнемі жасай алмайды – тек жоспарлы тексерулер немесе өтініш бойынша. Егер бизнесті тексеруге мораторий болмаса, онда менің ойымша, біраз қатаңдау болар еді»
5. Сыбайлас жемқорлық: тексерушілермен уағдаласады. Сауалнамаға қатысушылардың кейбірі тыйым салудың тиімсіздігін мекеме иелерінің ықпалы мен беделімен байланыстырады: «Көптеген кафе тыйым салу мәселесін шеше алатын ауқатты адамдарға тиесілі». Сауалнамаға қатысқандар атап өткендей, көп жағдайда бизнес тексерушілермен жай ғана келісімге келіп отырады. Айыппұлдарды ресми төлеген күннің өзінде, бұл мәселе емес: норманы елемеу тыйымды бұзғаны үшін салынатын айыппұлдардың төмен деңгейіне байланысты. Сауалнамаға қатысушылар айыппұлдар «шамалы» екенін, олар бизнес иелеріне ауыртпалық емес екенін атап өтті: 30 АЕК (104 мың теңге) – бұл ең жоғары айыппұл, ал орташа кафе мұндай соманы бірнеше күнде кальяндардан таба алады. Орташа айыппұл (15 – 20 мың теңге) мекеме жұмысының бір кешінде артық өтеледі, деп атап өтті респонденттер.
Зерттеу авторлары қорытындылағандай, кейінгі жылдары Қазақстанда тыйым салу заңдары көптеп қабылданды: мысалы, самокаттарға тыйым (ең кейінгілерінен), денсаулық туралы Кодексте белгіленген қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым немесе қоғамдық ұйымдардың ұсынысымен вейптерге тыйым салу. Алайда, қолданыстағы тыйымдар бойынша тиісті реттеу мен бақылау да, оң нәтиже де жоқ. Сонымен қатар: тыйым салу форматының өзі сыбайлас жемқорлық схемаларының пайда болуына ықпал етті, сонымен қатар бүкіл кальян бизнесін көлеңкеге тықты.