Нұрсұлан Тұрсынов әлем чемпионатының қола медалі үшін күреседі
Сербия астанасы Белградта күрестен әлем чемпионатының 8-жарыс күні өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Санаулы сәттер бұрын Ұлттық құрама спортшысы Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) жартылай финалда былтырғы қола медаль иесі Әли Дженгизден (Түркия) жеңіліп қалды. Енді Нұрсұлтан ертең 2 дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының жеңімпазы Жан Беленюк (Украина) немесе Жолдасбек Бердімұратовтың (Өзбекстан) бірімен қола жүлдені және Париж Олимпиадасының жолдамасын сарапқа салады.
Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) алғашқы кездесуінде Мирко Мингуцциды (Италия), Парк Санхёкты (Оңүстік Корея), сосын ширек финалда 3 дүркін Азия чемпионы Насыр Ализадені (Иран) орта жолда қайтарды.
Сондай-ақ бүгін бозкілемге Ұлттық құрама палуандарынан Мұхамедәлі Мамырбек (63 кг), Алмат Кебіспаев (67 кг), Ибрагим Магомадов (72 кг) шығып, қарсыластарына ерте жол берді.
Алмат Кебіспаев (67 кг) іріктеуде ресейлік палуан Аслан Висаитовты ұтқанымен, 1\16 айналымда Мамада Силладаға соңғы секундтарда әдіс жасауға мүмкіндік беріп қойып, айласын асыра алмады. Франция құрамасының палуаны келесі кезеңде былтырғы қола жүлде иегері қырғыз Амантұр Исмаиловтан жеңілгендіктен, Алмат жұбаныш белдесулеріне қатыса алмайды.
«Силламен Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде күресіп, жол бергем. Бұл жолы сол кездегі қателерімді түзегендей болдым. Ұтып келе жатқам. Қарсыласымның бойы ұзын. Бастан ұстап лақтыратын әдісіме жақсы дайындалған. Сонысымен партерде ыңғайсыздау қарсылас болды. Соған қарамастан партерде ойлағанымды іске асырдым. Әйткенмен де күтпеген әдіс қолданып кетті. Мен үшін ауыр жеңіліс болды. Лицензиялық чемпионат болған соң бәрі тыңғылықты дайындалып келді. Шамамның жеткен жері осы болды»,-деп пікір білдірді Алмат Спортты дамыту дирекциясының Баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Мұхамедәлі Мамырбек алғашқы айқасында ресейлік Астемир Бижоевпен тең түскен (5-5). Соңғы болып ұпайды қарсылас алғандықтан ширек финалға Астемир шықты.
Дәл осындай жағдай жұбаныш белдесуінде Ибрагим Магомадов пен Стоян Кубатов (Болгария)арасында болып, қазақстандық палуан жүлде таласынан сырт қалды.
Кешкі сессияда Халықаралық күрес федерациясы (UWW) ұзақ жыл халықаралық деңгейде төреші ретінде қызмет етіп, еңбек жолын аяқтаған бірқатар азаматты салтанатты түрде марапаттады. Бұл қатарда олимпиадалық дәрежедегі төреші, қазақстандық Бақытжан Жақсығұлов бар. Отандасымыз төрешілікті 2007 жылы бастап, осы уақыт аралығында екі Олимпиадада (Лондон-2012, Рио-2016), ересектер арасындағы 6 әлем чемпионатында, 23 жасқа дейінгі үш әлем чемпионатында, жастар арасындағы төрт әлем чемпионатында, сондай-ақ екі Азия ойындары мен 14 Азия чемпионатында жұмыс істеді.