Түркістанда қазақ қолөнершілері мен 9 елдің дизайнерлері дәстүрлі және стильдендірілген этникалық киім үлгілері топтамаларын ұсынды
«Түркі әлемінің этносәні» жобасы мәдени мұраны сақтаушылар мен насихаттаушылардың басын қосты. Түркістан облысы әкімдігінің және Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының шақыруымен Түркістанда Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия, Моңғолия, Тыва, Татарстан, Саха (Якутия) Республикаларының шеберлері бірнеше күн қонақ болды.
VI халықаралық «ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ЭТНОСӘНІ» апталығы қыркүйектің екінші онкүндігінде Өзбекстанның Ферғана қаласында басталып, Түркістандағы мәдени фестивальге ұласты.
Жоба идеясының авторы, қазақстандық дизайнер Айгүл Жансерікова:
«Түркі елдерінің дизайнерлері мен қолөнершілері жыл сайын бас қосып, үлкен бағдарлама аясында тәжірибе алмасып, шығармашылық байқаулар өткізсе деген арманым бар еді. Міне бұл идеяны тұңғыш рет жүзеге асырып отырмыз. Мен ТҮРКСОЙ ұйымына және Түркістан облысының әкімдігіне осындай іс-шараны ұйымдастыруға мүмкіндік жасағаны үшін шын жүректен алғыс айтамын. Осындай жобалардың арқасында біз өз мәдениетімізді, этникалық стилімізді сақтаймыз әрі туризмді дамытамыз»
Түркі халықтарының рухани жақындасуы мен мәдени байланысын нығайту мақсатында ұйымдастырылған фестивальге 20 сән үйі бірегей топтамаларын алып келді. Мәселен, Қырғызстаннан келген дизайнер әрі режиссер, шетелдегі халықаралық мәдени бағдарламалардың жетекшісі Гүлжан Иреш көне ұлттық маталардан тігілген, зергерлік әшекейлермен үйлестірілген бұйымдарын ұсынды, олардың кейбіріне 150 жыл болған. Дизайнер аға ұрпақ пен жастар арасында дәстүр сабақтастығы болуы қажет деп санайды.
Моңғолиялық «Mongol Costumes» сән үйінің дизайнерлері коллекциялармен жұмыс істеу кезінде тың әдістерге барып, ғасырлар қойнауына бойлаған – костюмдер археологиялық жәдігерлер негізінде жасалады және көне артефактілерді барынша қайталайды. Мамандар моңғол ауылы тұрғындарының күнделікті өмірде этникалық киімдер киетінін атап өтеді, алайда олардың айтуынша, жастар үшін стильдендірілген заманауи киімдер тартымды.
26 жылдан бері этникалық топтамалар жасап, 6 жыл бойы стилизациямен айналысып келе жатқан қазақстандық дизайнер Тарбия Айдынбаева:
«Қазақстанда қазір ою-өрнек туралы ақпарат пен кітап көп. Тек бір ғана элементті пайдаланып, көптеген өнім жасауға болады: бәрінің мағынасы терең. Сондықтан да біз ата-бабамыздан қалған дүниені келесі ұрпаққа лайықты деңгейде әрі шын пейілмен жеткізуіміз керек, — дейді дизайнер. – Бүгінде этносән трендте. Соңғы бір жылда мен Пәкстан, Италия және басқа әртүрлі елдерде болдым. 18 дүкен бізбен жұмыс істеуге және дайын өнімді сатып алуға келісті. Жұмыс өте күрделі және киімімізге сұраныс та жоғары: бұл біздің киімдеріміздің бағаланғанын және олардың сапасы адамдарға ұнайтынын көрсетеді»
Сонымен қатар, «Сәндегі этностильдің даму перспективалары» атты дөңгелек үстелге қатысуға шақырылған барлық дизайнерлер этносән өте танымал екенін атап өтті.
Kazakhstan Fashion Week Бас продюсері Саят Досыбаев: «2004 жылы біз KFW іс-шараларын бастаған кезде, дизайнерлер қазіргі киім мен ұлттық стильді қалай үйлестіру керектігін толық түсінбеді, барлығы еуропалық маркаларға ұмтылды. Ал қазір біз мүлде басқа үрдіске куә болып отырмыз: этносән тартымдылыққа ие болды және ол елдің мәдени-ұлттық кодына ие. Шетелге сапарлар нәтижесінде мен Азия елдерінің ұлттық ерекшелігіне деген керемет қызығушылықты байқаймын, еуропалық баспасөз әрбір детальді қалт жібермейді. Қазіргі заманғы дизайнерлердің ою-өрнекті қашан және қалай қолдану керектігін түсінуі маңызды, өйткені онда біздің ДНҚ жасырылған, әрқайсысы тұнған философия. Бұл тәжірибені жас ұрпаққа сауатты түсіндіріп беруіміз қажет»
Сондай-ақ қырғыз елінен келген жас дизайнер Залкарбек Асқарәліұлы мәдениет өміршең болуға тиіс деп санайды: «Кезінде Кеңес адамы болу сәнге айналып, бүкіл ұрпақ өз тарихын ұмытты. Қазақтың, қырғыздың, түркі әлемі халықтарының мәдениетінде ДНҚ сақтаулы, сондықтан да мен қазіргі заманға сай не істесем де, халықтық өрнектер қылаң береді . Бұл не? Бұл тек-тамырдың әсері, ол біздің болмысымызда бар»
Татарстандық дизайнер Сұлтан Салиев те өз көзқарасын білдірді: «Этникалық үрдіс бірнеше жыл бұрын басталып, қазір өзінің шарықтау шегіне жетті. Біз барлығы тең деген қағидамен тәрбиелендік, ал этноға қажеттілік бұған қайшы жүреді, сәндегі мини максиді алмастырғаны секілді. Біз еуропалық тарих пен тұлғасызданудан шаршадық, сондықтан да шығу тегімізге қайта оралуды, жаңғыруды қалаймыз. Татарстанда үкімет мәдениетті жаңғырту шараларын белсенді насихаттайды және қолдайды. Қазанда жыл сайын бірнеше этнофестиваль өтеді. Татарстанда тек татарлар емес, орыстар, чуваштар мен марийлер де бар және әркім өз мәдениетін көрсетіп, ұлттық киімдерін кие алады: аталардың шапаны, әженің камзолы, тақия, былғарыдан жасалған әдемі етік – әрқайсысы әйтеуір бір нәрсені пайдаланады. Бұған бүкіл қала үн қосады. Ұлттық киім эстетикасы халықтың бойына сіңіп келеді, әрине, бұл бір күнде емес, жылдан-жылға, бірте-бірте қалыптасады. Сонда ғана адамдар заманға сай немесе заманауи киімдермен үйлесетін дәстүрлі киімдерді киетін болады»Тувалық дизайнер Кима Донгак өз өңірінде этникалық киімге сұраныстың жоғары екені сонша, жергілікті дизайнерлер тапсырысты орындап үлгере алмайтынын жеткізді: «Бірде-бір мереке немесе салтанатты кеш ұлттық киімсіз өтпейді»
Жоба аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қолөнершілердің қатысуымен сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесі де өтті.
Сондай-ақ іс-шара барысында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Халықаралық дизайнерлер одағының мүшесі, Халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты, суретші Әсет Жақыпбектің жетекшілігімен пленэр-байқау өтті. Суретшілер Түркістанның басты мәдени нысаны – Қожа Ахмет Яссауи музейінің суретін салды. Байқау барысында суретшілер Нарбек Абдукаримов, Ержан Рысымбетов және Нұрдәулет Білісаровтың жұмыстары үздік деп танылып, фестивальдің естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, Қазақстандағы жетіген кәсіби мектебінің негізін қалаушы Нұргүл Жақыпбек «Қазақтың көне музыкалық аспабы – жетігеннің дамуы» атты авторлық шеберлік сағатын өткізді.
Және де Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері, ұстаз, профессор Айгүл Қосанованың «Ән – Ғұмыр» атты авторлық шеберлік сағаты өтті.
«Түркі әлемінің этносәні» – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Түркістан облысы әкімдігі, Open Turkistan, Qazaq-Oner Ұлттық қауымдастығы, Open Travel Advisory қолдауымен өткізілген алғашқы мәдениетаралық жобалардың бірі.
Түркістан облысының әкімдігі өкілдері атап өткендей, облыс ұсыныстарға ашық және болашақта креативті индустрия мен туризм өкілдерін тағы да түркі әлемінің рухани астанасына жинамақ ниетте.