Қазақстан шаруалары баж салығының салдарынан банкрот алдында тұр
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үкіметтен күнбағыс дәніне қатысты осы жылдың ақпан айында енгізілген баж салығының көлемін қайта қарастыруды талап етіп отыр. Шаруалар аталған салықтың ондаған кәсіпорынды банкроттыққа ұшыратуы мүмкін екенін айтуда. Олар қазақстандық тұтынушыны қорғауға бағытталған үкіметтік шаралардың нәтиже бермегенін, ал дүкендердегі күнбағыс майы бағасының сәл төмендеуі жоғарыдағы салықтың салынуының емес, ресейлік май құнының төмендеуінің салдары деген сенімде.
Баспасөз мәслихаты барысында қазақстандық шаруалар күнбағыс және оны өңдеуден алынатын өнім бағасының өзгеруі экспорттық баж салығының Қазақстан экономикасына тигізер айтарлықтай пайдасының жоқтығын, алайда жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кері әсерін тигізіп отырғанын көрсеттті деп жариялады.
«Өткен жылмен салыстырғанда күнбағыс бағасы екі есе төмендеді. Шикі майдың экспорттық құны шамамен 30%-ға төмендеді. Бұл жағдайда тек май зауыттары ғана ұтып отыр», — деп хабарлады Талғат Алдажаров, Aitas Agro бас директоры.
Баспасөз мәслихатының қатысушысы, шаруа, «Шал ақын АГРО 2020» ЖСШ директоры Талғар Төкеев өткен жылы 7 мың га жерге күнбағыс еккенін, ал биыл бұл көрсеткішті 4 мың гектарға дейін қысқартқанын айтты. Бүкіл Қазақстан бойынша Талғар секілді бірнеше жүз шаруа бар. Олардың сөзінше, үкіметтік шаралар, жекелей алғанда, күнбағыс дәніне салынған баж салығы егістік алқаптарының қысқаруына алып келген екен.
«Орта есеппен алғанда ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші түскен күнбағыстың бір тоннасы бойынша 80–90 мың теңге шамасында қаражаттан айрылып отыр. Қазір күнбағыстың өзіндік құны 100 мың теңгеден асады. Қазақстандық май зауыттары оны 135 мың теңгеге алады, бұл ақшаға зауытқа дейін жеткізіп беру кіреді», — дейді Талғат Алдажаров.
Оның айтуынша, Қазақстандағы май зауыттарының көпшілігі Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Бұл басқа облыстардағы шаруалардың жұмысын қиындатып отыр екен. Тасымал бойынша бір тоннаға кететін шығын 15 мың теңгеге дейін жеткен.
«Күнбағыстың әр 1 мың тоннасынан шаруа табыс бойынша 90 млн теңгеге дейін шығын көреді. Мысалы, орта есеппен алғандағы фермер жылына 3 мың тонна күнбағыс алса, табыс жағынан ол 270 млн теңгеге дейінгі қаражаттан айрылады. Бұл – бір жылдың еңбекақы қорына тең сома. Немесе 2 комбайн не өнімділігі жоғары егу техникасын сатып алуға болады», — деп атап өтті ол.
Шаруалардың ақпаратына сәйкес, бұл баж салығын енгізу туралы үкіметтік шешімді қолдағандардың бірқатар дәйегі бар екен. Оның қатарында ішкі бағаны тұрақтандыру (дүкен сөрелерінде май тапшылығын тудырмау үшін) мақсатында жергілікті күнбағыс майын өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету, май өңдеу зауыттарының өндіріс қуатына түсетін жүктемені арттыру бар. Алайда сарапшылар аталған өзгеріс күнбағыс егушілердің табысына түскен қосымша салыққа айналғанын мәлімдеуде.
Сарапшы, «Қазақстанның бидай консорциумы» ЖШС коммерциялық директоры Саят Шорттаның сөзінше, қазақстандықтар соңғы уақытта күнбағыс майы бағасының сәл арзандағанын байқауы мүмкін. Алайда бұл үкіметтік шараларға байланысты емес дейді шаруалар.
«Осы нарықтың ішінде жүрміз және мұндай жағдайдың әлемдік нарықтағы бағалардың түсуіне байланысты екенін көріп отырмыз. Себеп-салдарды бақыласақ, алдымен ресейлік майдың, артынша қазақстандық майдың арзандағанын байқауға болады. Ал ресейлік май қымбаттаса, қазақстандық өнім бағасы да көтеріледі», — дейді Шортан. Ол қазақстандық дүкендерде ресейлік күнбағыс майы түрінің артқанын және мұндай жағдайдың жергілікті өндірушілерге әсер ететінін атап өтті.
«Мұндай кері жағдайға тап болсақ, экспорттық салық енгізудің не қажеті бар еді деген сұрақ туындайды. Баға өсті, тауар түрі кеміді, ал рафинадталмаған май экспорты артып кетті», — деді сарапшы.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар үкіметті шаруалардың мәселелеріне мән беруге шақырды.
«Шаруалар бидайдан түскен түсімнің төмен болуына ұшырады, бар үміт осы күнбағыста еді. Басқа жол қалмады», — деп қорытындылады шаруа, «Бірлік» ЖШС басқарушы директоры Сырым Есен.