Almaty Food Fest 2023 гастрономиялық фестиваліне шетелдік блогерлер арнайы келді

Абай атындағы алаңда халықаралық Almaty Food Fest 2023 гастрономиялық фестивалі өтіп жатыр. Сан түрлі ұлттық тағамдарды бағалайтындарға арналған іс-шара алматылықтар мен оңтүстік астана қонақтары үшін нағыз мерекеге айналды. Фестивальге Англия, БАӘ, Катардан арнайы шақырылған блогерлер мен Қытай және Үндістан туристері қатысты.

Almaty Food Fest 2023 шарасын ұйымдастырушы – Алматы қаласының Туризм басқармасы. Мекеменің атап өтуінше, қаланың гастрономиялық саяхаттарға арналған негізгі бағыт ретіндегі әлеуетін арттыру мен шетелдік және отандық туристерді тартуда оқиғалық туризмнің маңызы зор. Өйткені  «Аспаздық туризм нарығы: бағыттары, өнімдері мен географиясы – 2023-2027 жылдарға арналған болжам мен талдау» есебіне сәйкес, дәл осындай гастрономиялық фестивальдер әлемдік аспаздық туризм нарығының ең жылдам дамып келе жатқан сегменті болып отыр.

— Гастрономиялық туризм — даму әлеуеті зор туризм бағыттарының бірі. Алматыда әлемнің 14 ұлттық асханасының тағамдары ұсынылатын 10 000-нан астам тамақтану орны бар. Бізге келетін туристер тағамдардың сан алуан түрі мен көрсетілетін қызметтің жоғары дәрежеде екенін атап өтеді, – дейді Алматы қаласы Туризм басқармасының жетекшісі Ғалия Тоқсейітова.

Фестиваль қонақтарына арнайы бөлінген аспаздық аумақтарда әлемнің түрлі асханалары ұсынылды. Келушілер мексикалық, ливандық, америкалық, азиялық және қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татты. Ұйымдастырушылар кішкентай гурмандарды да назардан тыс қалдырмады: балалар үшін арнайы аумақ жасалып, аниматорлар мен ходулистер өнер көрсетті.

Ғаламның алуан асханаларына гастрономиялық саяхат жасаумен қатар, кез-келген адам аспаздық шоулар, әлемдік деңгейдегі бас аспаздардың шеберлік дәрістерін, бармендер мен баристалар сайыстарын тамашалап, фермерлік өнімдер мен қолөнер бұйымдары жәрмеңкесін аралады.

Бір жерде әлемнің осынша түрлі тағамдарының ұсынылуын бұрын-соңды көрген емеспін. Мені өзге халықтардың мәдениеті, әсіресе, ұлттық асханасы әрқашан қызықтыратын. Сондықтан қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, Қазақстанның салт-дәстүрлері туралы көбірек білу үшін  Almaty Food Fest 2023 фестиваліне шақыруды қуана қабылдадым. Бұл гастрономиялық тәжірибем көңілімнен шықты! Әсіресе, қазақтың ұлттық тағамы — ет ерекше ұнады. Бір қарағанда, қарапайым тағам секілді, бірақ дәмі тіл үйіреді, ерекше екен! – деп пікірін білдірді Катардан келген фуд-блогер Мұхаммед Афлахе Икбал.

default

Almaty Food Fest 2023 Абай атындағы алаңда (Республика сарайының алдында) 4 және 5 қараша, екі күн қатарынан өтіп жатыр. Әр күн соңында іс-шара қонақтары үшін қазақ эстрадасының әртістері Мәдина Сәдуақасова мен «МузАРТ» тобы өнер көрсетеді.

Толық ақпарат пен фестиваль бағдарламасын www.almatyfoodfest.kz ресми сайтынан және @almatyfoodfest  Инстаграм аккаунтынан біле аласыздар.