Қазақстандық театр «Музыканы көру» халықаралық фестивалінде опера-фарс ұсынады

«Астана Опера» труппасы кезекті гастрольге аттанады. 8 қарашада «Музыканы көру» VIII музыкалық театрлар фестивалі аясында Галина Вишневскаяның опералық ән айту орталығының сахнасында әртістер Джоаккино Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын ұсынады. Қазақстандық ұжымның өнер көрсетуі Мәскеудегі фестивальдің айтулы оқиғаларының бірі болады деп күтілуде.

Осынау қызықты музыкалық спектакль Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен орындалады. Көпшілік Айзада Қапонованы Джулияның бейнесінде, Әлихан Зейнолланы Дорвильдің рөлінде көреді. Тапқыр Джерманоны Азамат Жылтыркөзов орындайды, ал Евгений Чайников Бланзактың партиясында сахнаға шығады. Татьяна Вицинская Лючилланың, Рамзат Балакишиев Дормонттың бейнелерін сомдайды.

Операдағы іс-әрекет тыңдармандарды XVIII ғасырға жетелейді. Джулия өзінің ғашығы Дорвильге жасырын түрде тұрмысқа шығады, ал Дорвиль өз жұбайының бөлмесіне терезеден лақтырылған жібек саты арқылы көтеріледі. Джулияның қамқоршысы саналатын кәрі Дормонт бұл неке туралы білмей, қызды Дорвильдің досы, әйелдердің аузынан түспейтін Бланзакқа күйеуге бермекші болады.

Әртістердің сахналық шеберлігінің күші мен қоюшы режиссер Алла Симонишвилидің қызықты шешімдері қайталанбас жұмбақ атмосфера мен сахнадағы театрлық жалынды жеткізеді. Италиялық суретші Манана Гунианың Дель арте комедиясына сүйеніп жасаған керемет сценографиясы мен костюмдері опера кейіпкерлерінің киімдерінде арлекина, капитан Фракасса, дәрігер Чума секілді танымал италиялық кейіпкерлерді тануға мүмкіндік береді.

Осынау бірегей музыкалық оқиғаның сыртында көпшілік көрмеген күнделікті дайындықтар, шығармашылық талқылаулар мен жанға жағымды гастрольдік жүгіріс жатыр.

— Труппа жауапты өнер көрсетуге дайындалып жатыр. Бұл спектакльмен Санкт-Петерборда да, Минскіде де, Қазақстанның көптеген қалаларында да өнер көрсетіп, осы қойылымға әбден төселіп алсақ та, гастроль алдында қобалжу бар. Білуімізше, бұл фестивальде 40-қа жуық түрлі музыкалық ұжым, оның ішінде Қырғызстаннан, Өзбекстаннан әріптестеріміз өнер көрсетеді. Осы ретте біз, әлбетте, өзімізің кәсіби шеберлігімізді көрсетіп, еліміздің өнерін абыроймен таныстырғымыз келеді. Өнер көрсетуге дәл осы спектакльді таңдап алғанымыз кездейсоқтық емес, ол көңілді, қабылдауға жеңіл әрі Дж.Россинидің жалынды, жан сергітерлік музыкасымен баурап алады. Италиялық классиктің ертеде жазған осы операсы оның атағының әлемге жайылуына негіз болды, — деді «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Гастроль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асады, бұл елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсетеді. Жұмбақтың шешіліп, сырдың ашылатынына, ал «Астана Операның» гастрольдік өнер көрсетуінен жылы әсер көпке дейін санада сақталатынына көпшілік сенімді бола алады.