«Құрылысшы» саяжайындағы электр желісі 1 аптада қаланың иелігіне өте бастайды

Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, саяжайда 1240 жеке тұрғын үй бар, соның тек 400-ден астамы ғана жарықты тұтыну құнын уақытылы төлеп отырады. Қазіргі таңда халықтың 19 млн 842 мың теңгеден астам қарызы бар. Осыған байланысты былтыр 11 трансформатор орнатылса да, желінің қала балансына өту мәселесі шешілмеген.

Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың төрағалығымен әкімдікте ТҮКШ бөлімі мамандарының, «АлатауЖарықКомпаниясы» АҚ өкілдерінің, саяжай кооперативі басшыларының қатысуымен жиын өтті. Басқосу барысында шаһар басшысы халықтың қарызы барына қарамастан, трансформаторларды іске қосуды тапсырды. Бұл тапсырма 1 апта ішінде орнатылмақ. Содан кейін абоненттер табиғи монополияларды реттеу департаментінің бекіткен тарифі бойынша тұтынған жарықтың құнын төлеп отырады. Алайда, берешегі бар тұрғындар электр желісіне кейінірек қосылады.

ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Асхат Жексембековтің сөзінше, алдымен 11 трансформатордың 3-еуі ел игілігіне беріледі. Кейіннен кезең-кезеңімен қалған трансформаторлар жұмыс істей бастайды.