Су тасқыны кезінде 21 мыңға жуық адам ҚТЖ пойыздарымен тасымалданды
ҚТЖ су басқан өңірлер тұрғындарына көмектесуді жалғастыруда. Атырау – Құлсары – Атырау және Құлсары — Маңғыстау бағыттары бойынша 12 мың адам өтеусіз негізде жолаушылар пойыздарымен тасымалданды. Тағы 2 мыңнан астам жолаушы Атырау – Маңғыстау, Атырау – Алматы және Атырау — Астана бағыттары бойынша қосымша вагондармен шығарылды. Қосымша пойыздар Орал — Қызылорда, Атырау — Қарағанды, Алматы — Атырау бағыттары бойынша жүреді, бұл 2 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік берді. Су тасқынынан зардап шеккен аудандардан 500 баланы емдеу-сауықтыру орталықтары мен балалар лагерьлеріне тасымалдау ұйымдастырылды.
ҚТЖ облыс әкімдіктерімен, қорғаныс және төтенше жағдайлар министрліктерімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. ҚТЖ пойыздарымен авариялық-құтқару жұмыстарына қатысу үшін 4 мың құтқарушы, әскери қызметші тасымалданды.
Салдарын жою үшін теміржолшылар ауыр автомобиль техникасын тасымалдауға арналған вагондарды ұсынады. Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларына 400 астам көлік жеткізілді. Су басу орындарына гуманитарлық көмек жеткізу үшін пойыздар құрамындағы вагондар бөлінді. Арнайы техника мен гуманитарлық көмекті тасымалдау-ерекше бақылауда.
ҚТЖ жастары зардап шеккендерге көмек көрсету, гуманитарлық жүк жинау үшін еріктілер қозғалысын құрды.
Су тасқыны жағдайы теміржолшылардың тұрақты бақылауында қалады. ҚТЖ-да жедел штаб жұмыс істейді, оның міндеті штаттан тыс жағдайлардың туындауына мониторинг жүргізу және дереу ден қою.
Теміржолдың барлық күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілген. Су тасқынына қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізудің арқасында теміржол инфрақұрылымы зардап шеккен жоқ, пойыздар қозғалысы кесте бойынша орын алуда. Магистральда 45 шайып кетуге қарсы пойыз құрылды, тәулік бойы кезекшілікте 47 өрт сөндіру пойызы бар.