Астанада 15-ші жыл сайынғы Адам құқықтары жөніндегі диалог отырысы өтті
Адам құқықтары жөніндегі диалог барысында Қазақстан мен ЕО адам құқықтары мәселелерінің кең ауқымы бойынша терең талқылаулар өткізді. ЕО Қазақстанның реформаларға қатысты жалпы саяси міндеттемесін құптап, Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) толық іске асыру жолында жұмыс істеуге, соның ішінде адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайындығын білдірді. 2023 жылы кезектен тыс парламенттік сайлаудың өткізілуін қолдай отырып, ЕО Қазақстанды ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ұсынымдарына сәйкес плюралистік және бәсекеге қабілетті саяси ортаны қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауға шақырды. ЕО 2022 жылғы қаңтар оқиғаларына қатысты халықаралық стандарттарға сәйкес ашық әрі тәуелсіз тергеу жүргізуді, оның ішінде адам құқықтарының бұзылуы мен билікті асыра пайдалану жағдайларын тергеуді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
ЕО жақында президент Тоқаевтың тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізетін ірі заңға қол қоюын құптап, Қазақстанның азаматтық қоғамының осы бағытта бірлігін көрсеткендігін жоғары бағалады. ЕО заңның тиісті түрде орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті, сондай-ақ бұл мәселе бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендігін білдірді. Сонымен қатар, ЕО балалар мен мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың құқықтарын қорғау және ілгерілету бойынша жұмысты жалғастыруға шақырды. ЕО ЛГБТИ қауымдастығына деген қарым-қатынас мәселесін де көтерді.
ЕО азаматтық қоғам, құқық қорғаушылар, адвокаттар, кәсіподақтар мен журналистер жұмысының маңыздылығын атап өтті. ЕО 2023 жылдың қыркүйегінде алғаш рет сыртқы қаржылық қолдау алатын азаматтық қоғам ұйымдарының (АҚҰ) тізімінің жариялануына қатысты алаңдаушылық білдірді. ЕО мұндай әрекеттің АҚҰ-ның еркін жұмыс істеу қабілетіне тигізетін әсерін мұқият бақылауға міндеттеледі.